Жапония ғалымдары жасанды интеллекттің көмегімен сирек кездесетін гормоналды ауруды анықтайтын жаңа технологияны таныстырды. Бұл жүйе адамның қолының фотосына қарап-ақ эндокриндік дерттің белгілерін анықтай алады. Зерттеуді Кобе университетінің эндокринологтары жүргізген.
Жасанды интеллект медицинаға қалай көмектеседі?
Сарапшылардың болжамынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект технологиялар нарығында көшбасшыға айналып, оның көлемі шамамен 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Кейінгі жылдары бұл саладағы үздіксіз жаңалықтар мен технологиялық серпілістер жасанды интеллекттің мүмкіндігін арттырып, оның адам өмірінің түрлі саласына қарқынды енуіне жол ашып отыр.
Осы үрдістің бір дәлелі – жапон ғалымдарының жаңа зерттеуі. Кобе университетінің мамандары жасанды интеллект негізінде сирек кездесетін эндокриндік ауруды анықтайтын модель әзірлеген. Жүйе адамның қолының суретін талдау арқылы дерттің ықтимал белгілерін анықтай алады. Ғалымдардың айтуынша, бұл технология дәрігерлерге алдын ала диагноз қоюға көмектесіп, науқастарды дер кезінде қажетті мамандарға жіберуге мүмкіндік береді. Әсіресе, медицинаға қолжетімділігі төмен өңірлерде мұндай құралдың пайдасы зор болуы мүмкін.
Акромегалия деген қандай ауру?
Жасанды интеллект анықтауға көмектесетін негізгі ауру – акромегалия. Бұл – сирек кездесетін эндокриндік дерт. Әдетте ол орта жастағы адамдарда байқалады. Аурудың негізгі себебі – ағзада өсу гормонының шамадан тыс бөлінуі. Соның салдарынан адамның қолы мен табаны үлкейіп, бет әлпеті өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар сүйектер мен ішкі ағзалардың қалыптан тыс өсуі байқалады.
Акромегалияның тағы бір күрделі тұсы – оның өте баяу дамуы. Сондықтан көп жағдайда диагноз қоюға бірнеше жыл кетеді. Кейде науқастар бұл дертпен он жылға дейін жүріп, нақты диагноз кешірек қойылады.
Зерттеу қалай жүргізілді және нәтижесі қандай?
Бұған дейін де жасанды интеллект арқылы осы ауруды анықтауға бағытталған бірнеше тәжірибе жасалған. Алайда олардың ешқайсысы клиникалық тәжірибеде толық қолданылмаған. Кобе университетінің зерттеушілері бұл жолы басқа тәсілді таңдаған. Олар адамның бетіне емес, қолына назар аударған. Себебі акромегалия кезінде қолдағы өзгерістер айқын көрінеді және дәрігерлер де диагноз қою барысында осы белгілерге мән береді.
Зерттеу барысында ғалымдар пациенттердің құпиялығын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Жасанды интеллектке көрсету үшін тек қолдың сыртқы бөлігі мен жұдырық түйілген күйдегі фотосуреттері пайдаланылған. Ал алақандағы жеке белгілер анық көрінетін суреттер деректер базасына енгізілмеген. Мұндай тәсіл зерттеуге қатысушылардың жеке деректерін қорғауға мүмкіндік берген.
Жоба аясында Жапониядағы 15 медициналық орталықтан 725 адам қатысып, ғалымдарға 11 мыңнан астам фотосурет ұсынған. Осы мәліметтердің негізінде жасанды интеллект моделі оқытылған.
Тестілеу кезінде жаңа жүйе акромегалияны анықтауда жоғары дәлдік көрсеткен. Ғалымдардың айтуынша, бұл технология болашақта ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектесуі мүмкін.
Зерттеушілер енді бұл жүйені басқа да ауруларды анықтауға бейімдеуді жоспарлап отыр. Мысалы, қолдағы өзгерістер арқылы ревматоидты артрит, анемия немесе саусақтардың түрлі деформацияларын анықтау мүмкіндігін зерттеу көзделуде.
Дегенмен ғалымдар жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастыра алмайтынын ерекше атап өтті. Акромегалия сияқты ауруларды анықтау үшін науқастың медициналық тарихын зерттеу, зертханалық талдаулар жүргізу және басқа да клиникалық тексерулер қажет. Ал жаңа технология тек дәрігерлерге қосымша құрал ретінде көмектеседі.
Мамандардың пікірінше, мұндай жүйелер,әсіресе, аймақтық медициналық мекемелердегі жалпы тәжірибе дәрігерлеріне үлкен қолдау көрсетуі мүмкін. Себебі жасанды интеллект арқылы аурудың алғашқы белгілерін ертерек байқап, науқасты тиісті маманға дер кезінде жолдауға мүмкіндік туады.