14.01.2026
16:22
573
ЖИ Google-ді алмастырды: іздеу жүйесі қалай өзгерді?

ЖИ Google-ді алмастырды: іздеу жүйесі қалай өзгерді?

Қазіргі таңда тұтынушылардың үштен бірінен астамы цифрлық іздеуді Google немесе басқа да дәстүрлі іздеу жүйелерінен емес, жасанды интеллект құралдарынан бастайды. Бұл адамдардың ақпаратты табу, брендтерді бағалау және сатып алу туралы шешім қабылдау тәсілінде түбегейлі өзгеріс болғанын көрсетеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Eight Oh Two Marketing агенттігінің «2026 жылғы іздеу мінез-құлқы және жасанды интеллект» атты жаңа зерттеуіне сәйкес, ЖИ-ді белсенді қолданатындардың 37 пайызы ақпаратты ChatGPT, Gemini немесе Copilot секілді платформалар арқылы іздейді. Респонденттердің 42 пайызы ЖИ-ді күніне бірнеше рет, 16 пайызы күніне бір рет қолданатынын айтқан. Яғни жалпы алғанда пайдаланушылардың 58 пайызы жасанды интеллектке күн сайын жүгінеді.

Ең маңыздысы – сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы дәстүрлі іздеу жүйелерімен салыстырғанда ЖИ-дің жылдам жауап беруін, түсінікті түсіндіруін және артық ақпараттың аз болуын басты артықшылық ретінде атаған. Зерттеу авторларының пікірінше, егер брендтер тек сілтемелік іздеуге ғана бейімделіп қалса, жақын болашақта ақпараттық кеңістікте көрінбей қалу қаупі жоғары.

Оқи отырыңыз:

Классикалық іздеуден бас тартудың себептері де нақты көрсетілген.

Қатысушыларды ең көп мазалайтын факторлар мыналар:

– 40 пайызы көптеген сілтеме арқылы өту қажеттігін,
– 37 пайызы жарнаманың шамадан тыс көптігін,
– 33 пайызы тікелей жауап алудың қиындығын,
– 28 пайызы қайталанатын немесе сапасы төмен ақпаратты атап өткен.

Сонымен қатар дәстүрлі іздеу жүйелері мүлде жойылып кетпейді, олар тек жаңа форматқа бейімделіп келеді. Нақты дерек қажет болған жағдайда, қолданушылар әлі де классикалық іздеуге жүгінеді.

Зерттеуде ақпарат түрлері бойынша бөлініс жасалған:

– 47% баға мен пікірлерді,
– 44% жаңалықтар мен оқиғаларды,
– 44% сурет пен видеоны,
– 45% жергілікті ақпаратты,
– 43% нақты фактілерді,
– 35% медицина және денсаулық тақырыбын дәстүрлі іздеу арқылы қарайды.

Ал академиялық немесе терең зерттеулер үшін классикалық іздеуді пайдаланатындар небәрі 21 пайызды құрайды. Бұл ЖИ мен дәстүрлі іздеу жүйелері бір-бірін алмастырмай, қатар қолданыста екенін аңғартады.

Зерттеудің ең маңызды бөлімдерінің бірі – ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі. «Толық сенемін» және «көбіне сенемін» деген жауаптарды біріктіргенде мынадай нәтиже шыққан:

– достар мен отбасының кеңесі – 77%,
– іздеу жүйелері – 75%,
– жасанды интеллект құралдары – 68%,
– бренд сайттары – 68%,
– дәстүрлі БАҚ – 58%,
– әлеуметтік желілер – 46%.

Жалпы, сенім деңгейі бойынша ЖИ құралдары бренд сайттарымен теңесіп, тек іздеу жүйелерінен сәл ғана қалып отыр. Бұл жасанды интеллекттің жай ғана жаңа технология емес, сенімге ие толыққанды ақпараттық арнаға айналғанын көрсетеді.

Зерттеу қолданушылардың эмоциялық қабылдауын да қамтыған. Респонденттердің 46 пайызы ЖИ-ді пайдаланғанда өзін өнімдірек сезінетінін айтса, 43 пайызы қызығушылығы артатынын, ал 34 пайызы бұл процесті көңілді әрі жеңіл деп қабылдайтынын жеткізген. Бұл ЖИ-дің тек утилитарлық құрал емес, күнделікті өмірдегі серіктеске айналып келе жатқанын аңғартады.

Сондай-ақ жасанды интеллект сатып алу туралы шешім қабылдауда да белсенді қолданылуда. Жалпы алғанда қатысушылардың 47 пайызы тауар немесе қызмет таңдауда ЖИ көмегіне жүгінген. Бұл көрсеткіш Z ұрпағының өкілдері арасында 56%, ал миллениалдар арасында 55% деңгейінде екен.

ЖИ көбіне мынадай практикалық мақсаттарда пайдаланылады:

– 56% ең тиімді баға мен ұсынысты табу үшін,
– 54% өнімдерді салыстыру үшін,
– 48% пікірлерді жинақтап шолу жасау үшін,
– 34% өз сұрағын немесе пікірін дұрыс қалыптастыру үшін.

Дегенмен соңғы сатып алу қадамы әлі де дәстүрлі арналар арқылы жасалады: 52% ­– Amazon немесе ірі маркетплейстерді, 42% – брендтің ресми сайтын, 35% – ЖИ ұсынған сілтемені, 32% офлайн дүкендерді таңдайды.

Зерттеу болашаққа қатысты болжам да ұсынады. Қатысушылардың 59 пайызы алдағы жылдары ЖИ негізгі іздеу құралына айналады деп есептейді, ал 63 пайызы келесі жылы оны одан да көбірек пайдалануды жоспарлап отыр.

Пайдаланушылар ЖИ-дің болашақтағы дамуынан ең алдымен фактчекинг пен дереккөздерді көрсетуді (50%), тапсырмаларды толық орындау қабілетін (47,6%), жекелендірілген жауаптарды (33%), құрылғылармен терең интеграцияны (33%) және тілдік, эмоциялық нюанстарды жақсы түсінуді (31%) күтеді.

Зерттеуге интернетті белсенді қолданатын, жасанды интеллект құралдарымен таныс әрі оларды тұрақты пайдаланатын 500 адам қатысқан.

Сарапшылар пайымынша, ЖИ әлем экономикасына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар жасанды интеллект мұғалімнің орнын баса ала ма деген сауалға жауап іздеп көрдік