20.03.2026
17:27
1730

ЖИ енді қолдың суреті арқылы гормоналды ауруды анықтай алады

Жапония ғалымдары сирек кездесетін гормоналды ауруды анықтайтын жасанды интеллект әзірледі.

Кобе университеті эндокринологтары адамның қолының суреті арқылы сирек кездесетін ауруды анықтай алатын жасанды интеллект моделін таныстырды. Жаңа технология дәрігерлерге алдын ала диагнозды жылдам қоюға көмектесіп, пациенттерді дер кезінде қажетті маманға бағыттауға мүмкіндік береді. Әсіресе медицинаға қолжетімділік шектеулі өңірлер үшін бұл шешімнің маңызы зор.

Қандай ауру анықталады?

Зерттеушілердің айтуынша, жасанды интеллект акромегалияны анықтауға бағытталған. Бұл – көбіне орта жаста байқалатын сирек дерт. Ол өсу гормонының шамадан тыс бөлінуінен туындайды. Соның салдарынан адамның қол-аяғы үлкейіп, бет әлпеті дөрекіленеді, сүйектер мен ішкі ағзалардың қалыптан тыс өсуі байқалады.

Ауру баяу дамитындықтан және сирек кездесетіндіктен, нақты диагноз қою кейде 10 жылға дейін созылып кетеді.

Жаңа тәсілдің ерекшелігі

Бұған дейін де бұл ауруды сурет арқылы анықтауға арналған ЖИ модельдер жасалғанымен, олар клиникалық тәжірибеге енгізілмеген. Жапон ғалымдары бұл жолы қолдың ерекшеліктеріне басымдық берді. Себебі акромегалия кезінде қолдағы өзгерістер айқын көрінеді.

Зерттеу барысында пациенттердің құпиялылығына ерекше мән берілген. Оқыту үшін тек қолдың сырты мен жұдырықтың суреттері қолданылған, ал жеке ерекшеліктері анық көрінетін алақан бейнелері әдейі алынып тасталған. Соның арқасында жобаға қатысушылар сенім білдірген.

Нәтижесінде 15 медициналық орталықтан 725 адам қатысып, 11 мыңнан астам фото жиналған. Осы деректер негізінде үйретілген модель сынақ кезінде жоғары дәлдік көрсеткен.

Болашақ жоспар

Ғалымдар бұл жүйені алдағы уақытта қол арқылы байқалатын басқа да ауруларды анықтауға бейімдеуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында ревматоидты артрит, анемия және саусақ деформациялары бар.

Сонымен қатар зерттеушілер бұл технология дәрігердің орнын алмастырмайтынын атап өтеді. Акромегалияны нақты диагностикалау үшін кешенді тексеру зертханалық талдаулар мен клиникалық мәліметтер қажет. Ал жасанды интеллект тек қателікті азайтып, ауруды ертерек анықтауға көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырылады.

Бұл шешім әсіресе аймақтық медициналық мекемелердегі жалпы практика дәрігерлеріне үлкен қолдау болуы мүмкін.