Бүгінде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу тақырыбы әлемде қызу талқыланып жатыр. Осы орайда Брукинг институты жанындағы Жалпы білім беру орталығы ауқымды зерттеу жүргізіп, маңызды қорытынды жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғалымдар 50 елде оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер арасында сауалнама жүргізіп, жүздеген ғылыми еңбекті талдаған. Зерттеушілер технологияны бейберекет әрі бақылаусыз пайдалану балалардың танымдық, әлеуметтік және эмоциялық дамуына нақты зиян келтіріп жатқанын айтады.
Есепте жасанды интеллектіні білім саласында қолдану жөніндегі деректердің ең ірі жинағы қамтылған. Зерттеушілер түрлі жастағы оқушылармен сұхбат жүргізіп, фокус-топтар ұйымдастырған, ата-аналар мен ұстаздардың пікірін тыңдаған, сондай-ақ ондаған елдегі тәжірибені салыстырған. Генеративті ЖИ әлі де жаңалық саналады: көпшілікке танымал ChatGPT іске қосылғанына үш жылдан сәл ғана асты. Сондықтан бұл есеп – болашақта туындауы мүмкін салдарларды алдын ала бағалауға бағытталған әрекет.
№1 артықшылығы. Оқу, жазу және тіл үйрену
Зерттеушілердің пікірінше, жасанды интеллект оқу мен жазу дағдыларын дамытуда өте пайдалы. Әсіресе шет тілдерін меңгеру кезінде чат-боттар тиімді: олар мәтіннің күрделілігін оқушының деңгейіне бейімдеп, оқу процесін жеделдетеді. Топпен жұмыс істеуде қиналатын балалар үшін ЖИ жеке әрі жайлы орта қалыптастырады.
Жазба жұмыстарында ЖИ шимай дәптер әзірлеу мен редакциялау кезеңінде пайдалы. Бірақ технология оқушының еңбегін толықтырғанда ғана оң әсер беретінін ұмытпаған жөн. Егер ЖИ ойлау процесін түгелдей алмастырса, нәтиже басқаша болуы мүмкін.
ЖИ мұғалімді алмастырмауы керек, керісінше, оның жұмыс сапасын арттыруы тиіс, – деп ескертеді ғалымдар.
№1 қауіп. Ойлау қабілетінің әлсіреуі
Ең үлкен қатер – балалардың когнитивтік дамуына әсері. Себебі оқушылар ойлау, талдау, дәлел келтіру сияқты процестерді технологияға тапсырып қояды. Соның салдарынан сыни ойлау, мәселені шешу және аргументті бағалау дағдылары әлсірейді.
Есептің жетекші авторларының бірі Ребекка Уинтроп бұл құбылысты қарапайым тілмен былай түсіндіреді:
Балалар өздігінен ойлауды қояды. Чат-ботты шамадан тыс қолданатын оқушылар факт пен қиялды ажырату кезінде қиналады.
Бұған дейін калькуляторлар мен компьютерлер мектепке енгенде де ұқсас үрдістер байқалған. Бірақ генеративті ЖИ-дің әсері әлдеқайда терең. Әсіресе тапсырманы тек баға үшін орындайтын білім беру жүйелерінде бұл қауіп айқын көрінеді.
№2 артықшылығы. Мұғалім уақытының үнемделуі
Ал мұғалімдерге жасанды интеллекттің пайдасы көп. Ол тапсырма мен тест дайындау, материал аудару, ата-аналармен байланыс орнату сияқты күнделікті жұмыстарды жеңілдетті. Зерттеулерге сүйенсек, ЖИ қолданатын педагогтер аптасына орта есеппен алты сағат уақыт үнемдейді. Ал бір оқу жылы ішінде бұл шамамен алты аптаға тең.
№2 қауіп. Эмоциялық дамудың тоқырауы
Есептің жеке бір бөлімі ЖИ-дің әлеуметтік және эмоциялық салдарына арналған. Әсіресе чат-боттар балалардың қарым-қатынас құру, қиындықты еңсеру, сәтсіздікпен күресу қабілетіне кері әсер етуі мүмкін.
Себебі чат-боттар әдетте қолданушының пікірімен келісумен шектеледі. Бұл балаға жайлы сезім сыйлағанымен, өмірдегі шынайы қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Тіпті кей елдерде ЖИ жасөспірімдер үшін флирт пен эмоционалдық қолдаудың орнын баса бастаған. АҚШ-та әрбір бесінші жоғары сынып оқушысы өзі немесе танысының ЖИ-мен «романтикалық байланыс» орнатқанын мойындаған, ал 42 пайызы оны эмоциялық тірек ретінде пайдаланған.
Ғалымдар эмпатия мен әлеуметтік дағдылар тек келісім арқылы емес, пікір қайшылығы мен қақтығысты еңсеру арқылы дамитынын атап өтеді. Ребекка Уинтроп былай деп мысал келтіреді:
Бала чат-ботқа ата-анасына шағымданып: «Олар мені ыдыс жууға мәжбүрлейді, мен оларды жек көремін» десе, ЖИ: «Сені түсінемін, эмоцияң орынды» деп жауап беруі мүмкін. Ал досы: «Мен де үйде ыдыс жуамын, бұл қалыпты нәрсе» дер еді.
ЖИ білімге қолжетімділікті арттырды. Мысалы, Ауғанстанда әйелдерге ресми білім алуға тыйым салынған жағдайда, қашықтан оқыту технологиялары қыз балаларға мессенджерлер арқылы білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ дислексия сияқты ерекшелігі бар балаларға да көмегі зор.
Алайда оның кері әсерін де ұмытуға болмайды: жасанды интеллект бай және кедей мектептер арасындағы алшақтықты ұлғайтады. Зерттеушілердің сөзінше, жекеменшік оқу орындары сапалы, ақылы ЖИ-модельдерді қолданса, қатардағы мектептер тегін құралдармен шектелуі мүмкін.
Білім беру технологиялары тарихында алғаш рет ақпарат сапасы мектептің қаржылық мүмкіндігіне тікелей тәуелді болып отыр, – дейді Уинтроп.
Brookings есебінде жағдайды түзетуге арналған бірқатар ұсыныс берілген. Негізгілері:
Қорытынды біреу: жасанды интеллект білім беру саласына зор мүмкіндік әкелуі мүмкін. Бірақ оны енгізудің өзін ақылмен жүзеге асыру керек.