Ғалымдар жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен Арктика аймағындағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне төнетін ықтимал қауіптерді бағалай бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы ТАСС агенттігіне Ресей технологиялық университетінің Радиотехника, электроника және автоматика институты жанындағы аспаптық және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының аға оқытушысы Андрей Рыбников мәлімдеді.
Оның айтуынша, машиналық көру алгоритмдері ластану аймақтарын анықтап, спутниктік және аэрофотосуреттердің көмегімен Кар және Баренц теңіздерінің экожүйесіне қатысты экологиялық қауіп-қатер карталарын нақты уақыт режимінде жасайды.
Қазір белсенді дамып келе жатқан бағыттардың бірі – болжамды экология. Спутниктерден, мұздық буйлардан және автономды датчиктерден алынған деректерді біріктіре отырып, жасанды интеллект жағалаудың бұзылу процесін модельдеуге, мұздың еру динамикасын бақылауға және флора мен фаунаға төнетін ықтимал қауіптерді бағалауға мүмкіндік береді. Бұл – ғалымдар үшін оқиғадан кейінгі талдаудан табиғи жүйенің уақыт өте қалай және не себепті өзгеретінін түсінуге көшу деген сөз, – деді Рыбников.
Сарапшының айтуынша, алдағы маусымда «Арктика командасы» студенттік экспедициялық корпусы ЖИ технологиясын Ақ және Баренц теңіздерінің қорық аймақтарында химиялық және биологиялық сынамаларды, сондай-ақ дрон арқылы түсірілген суреттерді талдау үшін қолдануды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, технология ластану көздерін анықтауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллекттің Арктика экологиясындағы басты құндылығы – адамның орнын басу емес, деректер ішіндегі көзге көрінбейтін заңдылықтарды анықтай алуында. Бұл технологиялар бізді жай бақылаудан түсінуге, салдардың тіркелуінен алдын алу мен болжауға көшіреді. Бұл – ғылым мен табиғат арасындағы жаңа форматтағы өзара әрекет, мұнда алгоритм зерттеушінің көмекшісіне айналады, бірақ оны алмастырмайды, – деп түсіндірді ғалым.