ЖИ, ақылды компьютер: 45 минутты информатика мұғалімі қалай өткізгені дұрыс

23 Тамыз, 11:25 1025

Астанада «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру»: педагогтердің nамыз саммиті өтті. Саммитке еліміздің түкпір-түкпірінен ұстаздар жиналды. Солардың бірі - Назгүл Болатқызы Әліпбаева. Ол Қызылорда облысының атынан республикалық жиынға қатысты.

El.kz тілшісі Қызылорда қаласындағы №187 IT мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Назгүл Әліпбаеваны әңгімеге тартып, өзі атқарып жатқан ұлағатты іс жайлы сұрауға мүмкіндік алды.  

El.kz: Назгүл Болатқызы, білім саласына қашан келдіңіз?

Назгүл Әліпбаева: Білім саласында 2014 жылдан бері жүрмін. Қазір осы салада еңбек етіп жүргеніме 10 жылдай уақыт болды. Бірақ мұғалім ретінде жұмыс істеп жатқаныма 4 жылға жуықтады. Өзім педагог-модератормын. Педагогика ғылымдарының магистрімін. Сонымен қатар мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға тырысамын.

El.kz: Мұғалім мамандығын қалай таңдадыңыз?

Назгүл Әліпбаева: Бірден мұғалім боламын деген ой болған жоқ. Бірінші мамандығым – ақпараттық жүйелер маманы. Оны Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетінде оқыдым. Кейін осы білімім бойынша мектепте программист болып орналастым. Осылайша мектепте оқушылармен жұмыс істеп жүріп, мұғалім болуға шешім қабылдадым. Жасым 28-ге келгенде қайтадан Қорқыт ата университетіне педагогика мамандығына оқуға түстім. Сөйтіп магистратураны да тәмамдап, педагогикалық әлеуетімді арттыра алдым. Мен бірден мұғалім бола салған жоқпын. Оған бірте-бірте келдім.

Сонымен қатар қазіргі күні тәжірибе жүзінде өзімде мұғалім ретінде әлі де шыңдап келемін. Ұйымдастырылатын іс-шаралардан және семинарлардан қалмауға тырысамын. Өйткені қазіргі таңда кез келген мұғалім заман талабына ілесіп, жұмыс істеуі үшін үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Оған қоса оқушыларға бірдеңе үйрету үшін де алдымен мұғалім өзі білімді болуы қажет.

Мұғалім жан-жақты болуы керек. Қазір ақпараттық-технологиялардың дамыған заманында мұғалім оқушыдан бір саты алда жүргені дұрыс. Өйткені барлық жауапкершілік оқушы үшін де, ата-ана үшін де мұғалімнен талап етіледі. Біз соны түсінуіміз керек.

El.kz: Әулетіңізде сізден басқа да мұғалімдер бар болар...

Назгүл Әліпбаева: Менің анам да мұғалім. Анам математика пәні мұғалімі. 40 жыл бойы педагог болған. Өзім педагогтер отбасында өскендіктен мұғалімдік қанымда бар деп те есептеймін. Бұл мамандыққа деген махаббатым дүниеге келген кезден ашылған шығар. Дегенмен бұл салаға келуге маған 28 жыл уақыт кетті. Яғни 28 жасымнан бастап өзімді мұғалім ретінде қалыптастыра бастадым.

El.kz:Мұғалім сіз үшін қандай маман иесі? Басқа қызметтен несімен ерекше?

Назгүл Әліпбаева: Мұғалім болуды жан-жақты болу деп түсінемін. Сен педагог те, оқушының анасы да, психолог та, баланың досы да, оған білім беруші де болуың керек. Сондай-ақ оқушылардан да үйрене алатын адам болуың керек.

Мектеп – ол жай ғана кіріп-шығатын мекеме немесе жұмыс орны емес. Ол жерде оқушылармен, педагогтермен, ата-аналармен тығыз байланыс, қарым-қатынас орната аласың. Мектептің артықшылығы адам туралы ойың өзгеріп, ол туралы өз түсінігіңді қалыптастыра аласың, оны суреттей аласың. Сонымен қатар оқушылармен байланыс орнату арқылы өмірге позитивпен, жаңашылдықпен қарай бастайсың.

Оқушы – ол өскелең ұрпақ. Өмірдің өтіп бара жатқанына емес, келесі өмірдің қалай болатынына сеніммен қарайсың. Сол себепті мұғалім мамандығы жаныма жақын деп нық сеніммен айта аламын.

El.kz: Балалармен жұмыс істеген қиын емес пе? Сыныбыңыз бар ма? Балалармен қалай жұмыс істейсіз?

Назгүл Әліпбаева: Әрине, оңай деп айта алмаймын. Әр саланың, әр мамандықтың өз қиындығы мен қызығы болады.

Қазір ақпараттың тез таралатын кезеңі болғандықтан, ақпарат өте көп. Оны біз оқушыларға сүзгіден өткізіп жеткізуіміз керек. Өйткені оқушылар қай ақпараттың дұрыс, қай ақпараттың бұрыс екенін бөліп-жара алмайды. Мысалы, қазір сыныбым 6-сыныпқа көшті. Олар 5-сыныпқа келгенде адаптациялық кезең болды. Қиындықтар болды. Басында балалар мен ата-аналар маған үйрене алмады. Бірақ әрбір сынып орта буынға көшкенде бейімделу процесінен өтеді. Сол уақытта ата-аналармен байланыс орнатып, әр балаға психологиялық картина жасадым. Сөйтіп әр баламен психологиясына сай жұмыс істей бастадым.

Қазір балалар жасөспірімдік кезеңге тез өтеді. Осындай кезде ата-ана мен бала қарым-қатынасын да ойын түрінде, ақылдасып шешу арқылы жақсартуға тырысамын. Сөйтіп бейімделу процесінен «ата-ана-бала-мұғалім» болып бірге шығамыз.

Қазір мен де, балаларым мен олардың ата-аналары да маған үйренді.

El.kz: Технологияның дамыған заманында балаларға информатика пәнін қалай оқыту керек? Соңғы кездері жасанды интеллект сөзін де жиі естиміз. Технологиялар да күн сайын көбейіп жатыр. GPT қосымшасы, ақылды компьютерлер... Осындай заманда информатика мұғалімдері қалай жұмыс істеуі қажет?

Назгүл Әліпбаева: Информатика пәні ғана емес, жалпы барлық пән мұғалімі заман талабымен жүруі керек. Өйткені қазір оқушыларға көп нәрсені үйретудің қажеті жоқ. Ақпарат өте көп. Сонымен қатар порталдар, сайттар, жасанды интеллекттер өте қарқынды дамып келе жатыр. Ал мұғалім адам болғандықтан кейде үлгермеу қалуы мүмкін. Дегенмен әр мұғалім өз сабағына деген махаббаты, құлшынысы, ізденісі арқылы мықты маман бола алады деп ойлаймын.

Информатика пәнін оқыту жылдан-жылға күрделеніп келе жатыр. Өйткені көптеген сала пайда болып жатыр. Мысалы, робототехника, жасанды интеллект, ақылды үйлер және т.б. сала жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан информатиканы таңдамас бұрын студенттер, оқушылар, мұғалімдер алдында үлкен міндет тұрғанын түсінуі қажет. Яғни оны атүсті оқи салып, информатика мұғалімі атана алмайды. Ол үлкен ізденісті, тәуекелді талап етеді. Осының барлығын ескеріп, содан кейін барып қана бұл салаға келу керек.

Десе де осы саланы таңдап, жұмыс істеп жүрген әріптестеріме үнемі ізденісте болыңыздар дегім келеді. Менің ойымша, ізденіс, талпыныс жақсы нәтижелерге алып келеді.

El.kz: 45 минут сабақты информатика пәні мұғалімі қалай қызықты өткізе алады?

Назгүл Әліпбаева: Басқа пәндерде 45 минут ішінде теориялық сабақтар болса, ал информатика пәнінде көбіне практикалық сабақтар болады. Информатика пәнін оқытуда практиканың маңызы зор. Өйткені бала информатика сабағын практикада ғана түсініп, басқаларға көрсете алады. Мұғалім өзіне берілген 45 минуттың басым бөлігін практикаға бөлуі керек деп санаймын. Ол арқылы оқушылардың әрі қарай өзін дамытуына мүмкіндік беруі керек. Мұғалім әртүрлі платформаларды оқушыға ұсынып, топтық жұмыстар жүргізу арқылы сабақ үйреткені дұрыс.

El.kz: Елімізде зорлық-зомбылық тақырыбы өте қызу талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Оқушылардың, кейде тіпті мұғалімдердің де зорлық-зомбылық көрсеткенін интернет беттерінен оқып қаламыз. Мұндай проблемалардың алдын алу маңызды. Ол үшін балаға біліммен қатар тәрбиені қалай беру қажет?

Назгүл Әліпбаева: Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы. Бұл жерде баланың тек білім алуын және қоршаған ортадағы зорлық-зомбылықтан қорғануын, ондай жағдайға ұшырамауын ата-ананың тек мектепке, мұғалімге жүктеп қойғаны дұрыс деп есептемеймін. Өйткені бала мектепте шамамен 6 сағат уақытын өткізсе, қалған 18 сағатта ата-анасының қасында, ата-анасының жауапкершілігінде. Сол себепті мұғалім ата-анамен біріге отырып, оқушыларды ақпараттандырып отырғаны жөн.

Біз оқыған кезде зорлық-зомбылық, жыныстық сауаттылық ұят, табу тақырыптардың бірі саналды. Ал қазір ақпараттың өте тез таралып кететіндіктен, ондай ақпараттар сүзгіден өте бермейді. Сондықтан біз балаларымыздың ерте жетіліп жатқанын байқаймыз. Жантүршігерлік оқиғалардың болып жатқанын да естіп жүрміз. Сондықтан ата-ана-мектеп-оқушы бірігіп жұмыс істеуі керек.

Айдана Мұрат
Бөлісу: