Жасанды интеллект енді адамдардың ағзасындағы қоректік заттардың жетіспеушілігін ғарыштан алынған деректер арқылы болжай алады.
Ғалымдар осындай тың әдіске негізделген «қоректік ландшафт» картасын жасап шықты. Бұл жаңалық жаһандық денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды серпіліс болуы мүмкін.
Мәселенің ауқымы қандай?
Бүгінде әлем бойынша 2 миллиардтан астам адам микроэлементтер тапшылығынан зардап шегеді. Оның ішінде 340 миллион бала бар. Дәрумендер мен минералдар жетіспеушілігі адам денсаулығына айтарлықтай зиян екені айтпаса да түсінікті: иммунитет әлсірейді, даму тежеледі, түрлі аурулардың қаупі артады. Алайда мұндай тапшылықты ерте кезеңде анықтау оңай емес, ол үшін қымбат әрі күрделі зертханалық талдаулар қажет.
ЖИ және спутниктік деректер
АҚШ-тағы IT-маман Элизабет Бонди бастаған ғалымдар тобы бұл мәселені шешудің балама жолын ұсынды. Олар ашық спутниктік деректерді жасанды интеллектпен ұштастыра отырып, белгілі бір аймақтардағы халықтың қоректік заттар тапшылығына ұшырау қаупін анықтайтын жүйе әзірледі.
Бұған дейінгі жүйелер ауыл шаруашылығы өнімділігі немесе өсімдік жамылғысы сияқты көрсеткіштерге сүйеніп жұмыс істейтін. Ал микроэлементтердің жетіспеушілігін дәл болжау қиындау болатын.
Жаңа тәсілде ғалымдар табиғи ортаға қатысты бірнеше факторды бірге қарастырған:
Зерттеу қалай жүргізілді?
Ғалымдар Мадагаскардың төрт өңірін зерттеп, жергілікті медицина мамандарымен бірлесіп жұмыс істеген. Спутниктен алынған бастапқы деректер жасанды интеллект арқылы сүзгіден өткізіліп, аймақтың негізгі ерекшеліктері ескерілген.
Кейін бұл деректер нақты биомаркерлермен, яғни қан талдаулары нәтижелерімен салыстырылған. Соның нәтижесінде жасанды интеллект темір, В12 дәрумені және А дәрумені тапшылығы бар аймақтарды дәл анықтай алған.
Нәтиже не көрсетті?
Жоба нәтижелері көрсеткендей, жасанды интеллект жасаған болжамдар кей жағдайларда дәстүрлі әдістерден де дәл шыққан. Яғни олар сауалнама мен медициналық тексерулерге негізделген бағалаулардан артық болмаса, кем түспейді.
Элизабет Бонди бұл тәсілдің басты артықшылығын былай түсіндіреді:
Жаңа әдіс халықтың әлсіз топтарын дер кезінде анықтап, оларға азық-түлік көмегін бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл қымбат әрі инвазивті медициналық тексерулерді толықтыра алады.
Сарапшылар не дейді?
Эмори университетінің эпидемиологы Кристин Экенга бұл зерттеуді қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды қадам деп бағалайды. Оның айтуынша, медициналық деректерді жинау көбіне инфрақұрылым мен қаржыға байланысты қиындықтар туғызады. Ал жаңа әдіс осы кедергілерді еңсеруге жол ашуы мүмкін.
Жасанды интеллект пен ғарыштық деректер үйлесімі денсаулық сақтау саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Бұл тәсіл әсіресе ресурсы шектеулі елдер үшін тиімді болуы ықтимал.