Жетісуда жол апатының көп бөлігін 18-35 жас аралығындағы жүргізушілер жасайды

Жетісуда жол апатының көп бөлігін 18-35 жас аралығындағы жүргізушілер жасайды

Жетісу облысында жол-көлік оқиғалары қазіргі таңда күрделі болып отыр. Әсіресе республикалық маңызы бар автожолдарда қайғылы жағдайлар жиі тіркелуде. Жыл басынан бері облыста 86 жол-көлік оқиғасы орын алған. Полицейлердің дерегінше, өңірде жол апатын жасайтын жүргізушілердің басым көпшілігі 18-35 жас аралығындағылар екен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Облыстағы жол апаттарына қатысты ахуалға байланысты  жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету  бағытында кешенді ауқымды шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстар туралы облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Руслан Сатыбалды айтып берді.

Жетісу облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының негізгі бөлігі республикалық маңызы бар тас жолдарда тіркелуде. Бұл – бүгінгі таңда біздің облыс үшін ең өткір әрі күрделі мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, әрбір жол-көлік оқиғасы – бұл тек сандар ғана емес, артында қайғы мен адам шығыны жатқан нақты трагедия. Жүргізілген талдаулар көрсеткендей, жол апаттарының негізгі себебі – жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттыруы және жол қозғалысы ережелерін елемеуі. Бұл мәселе жылдан-жылға ушығып барады. Сондықтан барлық жүргізушілерден қайта-қайта сұраймыз: жылдамдықты асырмаңыздар! Жол ережесін сақтау – өз өміріңіз бен өзге адамдардың өмірін сақтау деген сөз, – деді өңірде өткен брфингте Руслан Сатыбалды.

Патрульдік полиция батальонының командирі атап өткендей, бүгінгі таңда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, өңірдегі ең апатты учаскелер анықталып, сол аймақтарға қосымша нарядтар жіберіліп отыр. Сонымен қатар, жол полициясы қызметкерлері жаңадан енгізілген заманауи техникаларды қолдана отырып жұмыс істейді.

Қауіпті учаскелерге қатысты біз арнайы карта жасап, сол жерлерде бақылауды күшейттік. Күнделікті негізгі бағыттан бөлек бірден екіге дейін облыс аумағында қосымша нарядтар күшейтілуде.  Қазір облыс жолдарында 9 қызметтік автокөлікке патрульдік автоматты тіркеу жүйесі мен жылдамдық өлшегіш құрылғылар орнатылып, белсенді қолданылып жатыр. Ал биылдан бастап біз үшін тың тәжірибе – әуе дрондары пайдаланылуда. Жетісу облысының аумағында жол қозғалысын қадағалауға жетілдіру және жолдардағы апаттылықты тұрақтандыру үшін апаттық қауіпті автожол учаскесінде әуе патрульдеу үшін патрульдік полиция батальонының әр взводына бір әуе дроны бөлінді.  Бұл дрондар жүргізушілердің қарсы бағытқа шығуын және өзге де өрескел бұзушылықтарды бейнебақылауға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап дрондар арқылы 59 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Дрондар – жол қауіпсіздігін бақылауда сенімді көмекші, – деді Руслан Мұратханұлы.

Полиция өкілінің айтуынша, күнделікті рейдтік шаралар республикалық маңызы бар автожолдарда да тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе таңғы сағат 4 пен 6 аралығында полиция жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылып, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін күш жұмылдырылуда. Демалыс күндері апатты азайту мақсатында қосымша нарядтар жұмылдырылып, жол қозғалысын реттеу күшейтіледі.

Біздің мақсатымыз – жүргізушілердің санасына қауіпсіздік ережелерін сіңіру. Сондықтан жыл басынан бері «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Мас жүргізуші», «Абайлаңыз, балалар», «Тасымалдаушы», «Мотоцикл» сынды алдын алу бағытындағы 6 жедел-профилактикалық шара өткіздік. Биылғы жылдың маусым айынан бастап Полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлерінің планшеттеріне «Қорғау» қосымшасы арқылы 255 іс-шара белгіленіп, қызмет атқарылу жүргізілді.   Әрбір жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін қолда бар барлық техникалық мүмкіндікті пайдаланудамыз. Барлық рейдтік шаралар туралы халықты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы хабардар етіп отырамыз, – деді спикер.

Жетісу облысында жол-көлік оқиғаларына қатысты сандар да алаңдатарлық. Жыл басынан бері облыста 86 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның ішінде тек бір Алакөл ауданында 6 жол апаты тіркеліп, 2 адамның қаза болуына себеп болған.

Статистикаға қарасақ, Жетісу облысында жол апаттарының негізгі бөлігін 18 бен 35 жас аралығындағы жүргізушілер жасайды. Апаттың тағы бір негізгі себебі – мас күйде көлік жүргізу. Мас күйде рөлге отыру – тек өзінің ғана емес, бейкүнә адамдардың да өмірін қатерге тігу. Сондықтан біз мұндай жүргізушілер міндетті түрде жазасын алады. Жыл басынан бері облыс көлемінде 116 мас жүргізушіні анықтап, жауапқа тарттық. Бұл тек ресми мәлімет. Ал Алакөл ауданында 29 мас жүргізуші ұсталды, – деді Руслан Сатыбалды.

Спикер жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін облыс аумағындағы тас жолдарға жылдамдықты өлшейтін камералар орнатылып жатқанын да атап өтті. Қауіпті аймақтарға арнайы құрылғылары қойылып, апатты оқиғалар жиі болатын нүктелерде тәулік бойы бақылау жүргізілуде.

Жол-көлік жаңа оқиғасының ең  өрескелі - ол жүргізушілердің белгіленбеген жылдамдықты асыруы. Сол себептен біз қазір республикалық маңызы бар осы Жетісу облысындағы тас жолдарға   барынша жылдамдықты өлшейтін камералар орнатып отырмыз. Сондықтан барлық жүргізушілерге біз күнделікті тоқтатқан кезде белгіленбеген жерде жылдамдықты асырмай, көрсетілген жылдамдықпен жүргізуді сұрап отырмыз»,-деп сөзін түйді патрульдік полиция батальонының командирі.

Жетісу облысының Полиция департаменті өңір жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл – өңірлік полицияның күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Жалпы көлік апаттарының алдын алу – полиция қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан полиция өкілдері әр жүргізушіге қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар өтініш айтуда: асықпаңыз, жолда барынша абай болыңыз! Жолдағы әрбір қателік адам тағдырына тікелей әсер ететінін ескеру қажеттігін ескертеді. Себебі әрбір адамның өмірі мен денсаулығы – баға жетпес құндылық.