Жетісуда әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

27 Қазан 2023, 19:17 733

Жетісу полицейлері әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жасаған күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz-тің мәліметінше, ұсталған 34 жастағы ер адам әзірге алаяқтықтың 5 дерегі бойынша күдікке ілінді. Тергеу кезінде күдікті азаматқа Талдықорған қалалық соты қамауда ұстауға санкция берді.

Күдікті Алматының тұрғыны. Тергеу материалдарында әзірге талдықорғандық бес жәбірленуші бар. Ер адам қылмыстық мақсатта құрылыс материалдары мен түрлі дәнді дақылдарды сатып алу, сатуды жүзеге асыратын түрлі қосымшаларды қолданғаны анықталды. Яғни түрлі келіссөз барысында ол сатып алушы, делдал және сатушы ретінде әрекет етті. Бес дерек бойынша жалпы шығын 2 млн теңгеден асты, - деді Талдықорған қалалық ПБ бастығының орынбасары Данияр Қабжасаров. Тергеу барысында ұсталған адамның алаяқтыққа байланысты басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Полиция азаматтарды интернет кеңістікте қаржылық мәмілелер жасасу кезінде сақ болуға шақырады. Сөйлесудің заңдылығына күмәндансаңыз, құқық қорғау органдарына дереу хабарласуыңыз қажет.

Биыл өңірде интернет-алаяқтықтың 400-ден астам фактісі тіркелді. Алаяқтардың құрбандары әртүрлі жастағы және кәсіптегі адамдар, соның ішінде қаржылық операцияларда тәжірибесі бар адамдар, кәсіпкерлер мен қаржыгерлер болуы мүмкін.

Перизат Саденова
Бөлісу: