Жетісу өңірі еліміздегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады - Президент

20 Қазан 2022, 10:11 1245

Мемлекет басшысы өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7 пайыздан 43 пайызға дейін өсетінін айтты

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу жұртшылығымен кездесуде айтты, деп хабарлайды El.kz

«Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7 пайыздан 43 пайызға дейін өседі. Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған. Жалпы, біз отандық агро секторды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыра береміз. Соның арқасында Жетісу өңірі еліміздегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады», - деді Президент.

Бөлісу: