Жетісу облысының аумағында 4 орман өрті және 70 дала өрті тіркелді

13 Шілде 2023, 19:48 961

2023 жылғы 11-16 шілде аралығында Жетісу облысының аумағында ауа температурасының +43 градусқа дейін күрт көтерілуі күтілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Қазгидромет" РМК деректері бойынша шілде айының екінші онкүндігінде ауа температурасының +43°С дейін, желдің екпіні 15-20 м/с дейін күтілуде, бұл табиғи өрттердің туындау қаупіне және су айдындарында адам өлімі қаупінің артуына әкеледі.

Ағымдағы жылдың өрт қауіпті кезеңінің басынан бастап Жетісу облысының аумағында 4 орман өрті және 70 дала өрті тіркелді.

Сонымен қатар, облыс аумағында жазғы кезеңде шомылу үшін пайдалануға болатын 43-тен астам ірі ашық су айдындары бар. Олардың негізгілері Алакөл көлі мен Балқаш көлінің жағалауы болып табылады. Алайда, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, су айдындарында адам өлімі фактілері орын алуда. Жыл басынан бері су айдындарында 2 адам, шомылу кезеңінде 1 адам қаза тапты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 11 адам құтқарылды, оның ішінде 2-уі бала (барлығы шомылу маусымында).

Осыған байланысты, Жетісу облысының қонақтары мен тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелері мен су айдындарында шомылу кезіндегі қауіпсіздік шаралары бұзылған немесе орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қарастырылатынын естеріңізге саламыз.

Перизат Саденова
Бөлісу: