Жетісу облысының әкімі су басқан аудандарға барып, халықпен тілдесті

15 Тамыз 2023, 13:07 1215

Толассыз жауған жауан-шашын салдарынан Ескелді ауданындағы ауданы Ешкіөлмес және Абай ауылдарындағы бірнеше көшені, Талдықорған – Үштөбе тас жолын су басып, еңіс ағыны орын алды. Төтенше жағдайды жою мақсатында жедел штаб құрылды. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданына барып, қауіптің алдын алу шараларын көріп, халықтың жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Аймақ басшысы алдымен ат басын Ешкіөлмес ауылына бұрды.

Ааралау барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Алтынбеков Ескелді ауданындағы ағын судан кейінгі жағдай бойынша облыс әкіміне баяндама жасады.

 Абай ауылында қатты жауынның салдарынан сай-саймен жиналған су Бақтыбай және Жангелді көшелерін алып қалды. Салдарынан 35 тұрғын үйдің ауласына, 6 үйдің ішіне кірді. Өшкіөлмес ауылында оңтүстік жақта орналасқан таудан аққан жаңбыр Қусақ өзеніне құйып,  су деңгейі көтеріліп, қолданыстағы су бұру каналы толып кетіп, Шереметьев, Чкалов, Кутузов, Ушаков және Әйтеке би көшелерін су басып қалды. Барлығы 120 ауланы жаңбыр суы басып, оның ішінде 2 елді мекендегі 21 тұрғын үйге лайлы су кірген. Жалпы 300-ге жуық адам, 44 дана техника жұмылдырылды. 38 үйдік ауласынан батпағы шығарылып, 44 үйдің суы сорылды, – деген Қанат Алтынбеков бақылау күшейтіліп,  жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Ауданда арнайы құрылған штаб топтары мен төтенше жағдайлар департаментінің сарбаздары таңғы 6:30-дан бастап жұмыла жұмыс істеуде. Сондай-ақ, қалыптасқан төтенше жағдайды жою шеңберінде Абай және Ешкіөлмес ауылдарында, Қусақ өзеніне жаңбыр суларын бұру жұмыстары жүргізіліп, 44 ауладан 3456 текше метр су сорылды. Ұзындығы 450 метр арық жүйесіне механикаландырылған тазарту жүргізіліп, 38 аула балшықтан тазартылды. Үйінді бөгетін салу үшін 40 тонна топырақ әкеліп, 1 тонна мөлшерінде дизель отыны және 1 тонна мөлшерінде АИ-92 маркалы бензин қоры дайындалды. 

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында психологиялық көмек көрсету үшін жедел штаб пен жедел желі телефоны құрылды (8 (7282)-22-02-13 және 22-02-18).

 Қазір облыстық комиссия кеткен шығынды есептеу үстінде. Шығын көлемі анықталған соң әр тұрғынға өздеріне тиесілі өтемақы төленіп, үйлері ретке келтіріледі. Сонымен қатар, су тасқынының қайталануын болдырмау үшін үйінді бөгеттерін жасау жұмыстары жоспарлануда.

Осыдан кейін облыс әкімі су басқан үйлерді аралап, әр тұрғынмен жеке-жеке сөйлесіп, жағдайын сұрады. Сондай-ақ, оларға көмек көрсетілетінін жеткізді.

Жауын-шашын қатты жауғаннан кейін тау бөктерінен аққан жаңбыр кішкентай арықтарға барып құйған. Каналдардың су өткізу қабілеттілігі төмен болғандықтан су ауылға кіріп кетті. Ең негізгісі – ешқандай адам шығыны жоқ. 300-ге жуық маман кеше түнімен, бүгін таңнан тынбай жұмыс істеп жатыр. Екі-үш күннің ішінде шығынды анықтап, халыққа бар жағдайды жасаймыз. Облыстық бюджеттен төтенше жағдайларға қаражат бөлінген. Қаражатымыз да техникамыз да жеткілікті. Аз уақыттың ішінде барлық көмек беріледі, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Келесі кезекте аймақ басшысы Абай ауылына барып, тұрғындарымен кездесіп, ондағы істеліп жатқан жұмысты көрді. Соңында халыққа көмектесу, төтенше жағдайды болдырмау үшін істелетін жұмыстарды айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, қазір Қаратал ауданында да жағдай тұрақты. Нөсер жауын мен қатты желдің салдарынан зақымданған электр желісі қалпына келтіріліп, ауданға электр жарығы берілді. Ал Елтай ауылдық округіне қарасты Абай ауылының үзілген электр желісін апаттық бригада жөндеу жүргізді. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың сөзіне сүйенсек, Талдықорған – Үштөбе 110 КВ жоғары вольтты желісінің бойындағы апаттық орынды кезекші бригада сағат 15.05-те анықтап, қалына келтіру жұмыстарын атқарғаннан кейін сағат 19.05-те Қаратал ауданына тұтастай электр жарығы берілген.

Оған дейін біз Қаратал ауданының өмірлік маңызы бар нысандарын Көксу ауданының желісі арқылы электрмен уақытша қамтыдық. Қазір ауданға электр жарығы толық үзіліссіз берілді», – деді Әсет Қанағатов.

Сонымен қатар, «Талдықорған - Үштөбе» автожолының 35-ші шақырымында болған электр желілерінің үзілуі мен бағаналардың зақымдануы салдарынан жол аралығындағы Абай ауылының да жарығы сөнген болатын. Бұл жерде 7 бағана зақымданып, 13 аралық үзілген. Оған да жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 

Айдар Қалиев
Бөлісу: