23.05.2025
06:28
1191
Жетісу облысындағы ауылдарда үш жылда 12 мәдениет нысаны ашылды

Жетісу облысындағы ауылдарда үш жылда 12 мәдениет нысаны ашылды

Соңғы үш жылда Жетісу облысында ауылдық жерлерде 12 мәдениет нысаны ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Солардың бірі жуырда Көксу ауданына қарасты Мұсабек ауылында пайдалануға берілген жаңа мәдениет үйі болып отыр. Салтанатты шараға Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады.

Жаңа мәдениет ошағы – ауылдың рухани тірегі

Жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынған. Ғимаратта 150 орындық көрермен залы мен кітапхана қарастырылған. Бұл – ауыл тұрғындары үшін ғана емес, әсіресе жастар мен балалар үшін бос уақытты тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік.

Ауылымызда мәдениет үйінің ашылғанына қуаныштымыз. 1990 жылдардан бері мұндай нысан болмаған еді. Енді түрлі мәдени іс-шаралар өтіп, ауыл өмірі жанданады деген үміттеміз, - деді жергілікті тұрғын Сайлаубек Қонқақов.

Қазіргі таңда Мұсабек ауылдық округінде 1780 адам тұрса, соның ішінде 1100-ден астамы – Мұсабек ауылының тұрғындары.

Айта кетейік, 2025 жылы облыс аумағында 9 жаңа мәдениет үйі мен 1 аудандық кітапхана салынып жатыр. Сонымен қатар, 2 ауылдық мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.