Жетісу облысында жел электр стансасы іске қосылды

11 Ақпан 2023, 05:22 1336

Сарқан ауданындағы стансаның қуаты 50 МВт-қа тең

Жетісу облысына қарасты Сарқан ауданында қуаты 50 МВт «Абай-2» жел электр стансасы іске қосылды, деп хабарлайды El.kz облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аудандағы осы ірі инвестициялық жобаға 19 млрд теңгеден астам жеке қаржы инвестициясы тартылған. Жалпы биылғы жылы облыста жиынтық қуаты 23,5 МВт болатын тағы 3 ГЭС пайдалануға беріледі. Қазіргі кезде өңірде жаңартылған энергия көздерінің 14 нысаны бар, олардың жалпы қуаты – 160 МВт, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Ал аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, Лепсі ауылдық округіндегі жел электр стансасының кезең-кезеңімен жүргізілген құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған еді. Әсіресе нысанның орналасатын жеріне ерекше назар аударылды. Жазық алқап – желдің жылдық орташа жылдамдығы үшін таптырмас жер, сондықтан онда жыл бойы электр энергиясын өндіруге болады. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың қараша айында толық аяқталған. Сол кезден бергі ЖЭС-те өндірілген электр қуаты 23,767 мың КВт/сағатқа жетті.

Жалпы «ENEVERSE KUNKUAT» ЖШС іске асырған жоба аясында  16 жел қондырғысы орнатылған. Жел мачтының биіктігі - 100 метр, қалақшасының көлемі – 70 метр. Әрбір құрылғы шамамен 3,2 МВт электр энергиясын өндіре алады. Жалпы қуаты – 50 МВт.

Атап өтсек, Сарқан ауданында «жасыл» энергетиканы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауданда іске қосу жоспарланған 5 су электр стансысының бүгінгі күні 3-еуі табысты жұмыс істеп тұр. Қалған 2-еуінің құрылысы биыл аяқталып, іске қосылады. Атап айтқанда, «Baskan Power» ЖШС-ның жалпы қуаты - 14,9 Мвт болатын, құны 11,7 млрд. теңгелік, 24 жұмыс орны құрылатын Жоғарғы Басқан ГЭС-2 және 3 жобасы. Оған қоса Кербұлақ ауданында қуаты 8,6 МВт, құны 6,3 теңгелік Көктал ГЭС-1 жобасы да бар.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне қарағанда, 2021-2025 жылдар аралығында Жетісу облысында жалпы қуаттылығы 236,7МВт болатын 13 жаңартылған энергия көзі нысанын іске қосы жоспарланған. (ГЭС – 10, ЖЭС – 2, КЭС – 1). Соның 3-еуі бүгінгі күні пайдалануға берілген, тағы үшеуі биыл қолданысқа беріледі, жалпы қуаты 132,5 МВт қалған 7 нысан 2025 жылға дейін іске қосылуы тиіс.

Жалпы Жетісу облысының өзінде өндірілетін электр энергиясының көлемі 479,2 млн. кВт/сағатты құраса, ондағы жаңартылған электр энергиясы көздерінің үлесі 340,6 млн кВт/сағат болып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: