Жетісу облысында «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

28 Мамыр, 22:17 948

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонның үшінші маусымының жеңімпазы болған жетісулық команданы жергілікті әкімдік құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шабандоздарды кездесуге команданың жаттықтырушы, облыстық  ұлттық ат спорты федерациясының  президенті  Рүстем Досжанов бастап келді. Өзінің құттықтау сөзінде аталмыш марафонда өткен жылдан бері екінші мәрте облыстың абыройын көтерген спортшыларға ризашылығын білдірген Марлен Көлбаев:

Сіздердің жеңістеріңіз – біз үшін үлкен мақтаныш. Күн сайын 100 шақырымды бес күн бойы жүріп өту қанша қиын болса да, мықты дайындықтың арқасында Жетісудың мәртебесін асырып, 1-ші орынды жеңіп алдыңыздар. Сіздерге облыс әкімінің атынан, барша жетісулық жанкүйерлердің атынан алғысымды білдіремін. Енді күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жақсылап дайындалуларыңыз керек. Біз ұлттық ат спортын дамытуға барынша жағдай жасайтын боламыз. Еңбектеріңіз жана берсін! – деп облыс әкімінің Алғыс хаты мен телевизор сыйға тартты.

Сонымен қатар М. Көлбаев облыстық спорт басқармасы мен облыстық  ұлттық ат спорты федерациясына бірлесіп, өңірдегі ұлттық ат спортының қазіргі жай-күйіне егжей-тегжейлі талдау жасауды тапсырды. Соның негізінде олар спорттың осы түрін одан әрі дамыту жөнінде нақты ұсыныстар әкелуі тиіс.   

Еске салсақ, биыл Павлодарда өткен «Ұлы дала жорығы»  республикалық марафон-бәйгенің үшінші маусымында жетісулық команда мәре сызығын жалпы уақыты 32 сағат 40 минут 18 секундта кесіп өтіп, еліміздің әр өңірінен қатысқан 19 команданың арасында үздік шыққан болатын. Биылғы команданың құрамында Жақсылық Ыдырыс, Еламан Сағатбек, Ералы Мәулетбек, Бекболат Серікбол, Ержігіт Наурызбай, Данияр Жылкелдиевтер болды. Жаттықтырушысы – Рүстем Досжанов.

Зарина Арман
Бөлісу: