17.12.2024
20:15
855
Жетісу облысында қар құрсауынан 41 адам құтқарылды

Жетісу облысында қар құрсауынан 41 адам құтқарылды

ТЖМ құтқарушылары Жетісу облысында қар құрсауынан 41 адамды аман құтқарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Үшарал-Достық автожолының Ырғайты учаскесінде ауа райының нашарлауы мен қалың қардың салдарынан 30 жүк және 1 жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойған.

Құтқарушылар Вахтовка және жолталғамайтың Трэкол автокөлігімен Көктума ауылына 41 адамды жеткізді. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Құтқарылғандардың арасында Беларусь Республикасының, ҚХР-ның, Әзірбайжан Республикасының және РФ-ның 28 шетел азаматтары бар.

Бұл ретте ТЖМ қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертіп, дауылды ескертулерге назар аударуды және ауа-райы нашарлаған жағдайда үйде болуды қаперге салады.