Жетісу облысында мектеп есепшісі мұғалімдерге артық жалақы жазған

5 Ақпан, 09:11 669

Жетісу облысында мұғалімдерге межеден тыс жоғары жалақы төлеген есепші анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Прокуратура мәліметінше, Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің есепшісі мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысын жоғарылатып заңсыз төлеу арқылы, сондай-ақ бұл ұйымда мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға 34 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Екінші бір жағдайда Сарқан ауданының әкімдігі туристік орындардағы орнатылмаған санитарлық-гигиеналық тораптар үшін 29 миллион теңгеден астам ақша төлеген.

Осы фактілер бойынша Жетісу облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (ерекше ірі көлемдегі жымқыру ) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, - делінген мәліметте.

Бұл баптың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: