Жетісу облысында газдандыру жұмысы қалай жүріп жатыр?

13 Маусым 2023, 09:36 1144

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріне жұмыс сапары барысында ауызсудың сапалы болуын қамтамасыз ету, жер, жол мәселісі бойынша нақты тапсырмалар жүктеген еді. Сонымен қатар, елді мекендерді көгілдір отынға қосуға да ерекше назар аударды. Атап айтсақ, 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі барлық елді мекендер, ал 2028 жылға дейін Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету тапсырылды. Аталмыш жобаларды іске асыру нәтижесінде өңірді газдандыру көрсеткіші 100 пайызға немесе 192 елді мекенге дейін жетеді.

 Биыл Қаратал ауданының 8 ауылына газ тартылады

Бүгінде Президенттің тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында газдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, шалғай елді мекендердің тұрғындары «көгілдір отынға» қосылу мүмкіндігіне ие болды. Кейбір ауылдарда көмір мен от жағып келген әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар табиғи газға тегін қосылды. Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында облыс халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелуде. Көгілдір отынға қосылу үшін көптеген жеңілдіктер жасалуда.

Елімізде қымбатшылық орын алып жатса да газға қосылу бағасы 169 мың теңгеден аспайды. Орташа бағасы 135-140 мың теңге болады. Сондай-ақ, қазандықтың құнын несиесіз, 12 айға бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырып отырмыз, – дейді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

Көгілдір отын ­– көптің игілігі болғандықтан маңызды жоба аудан орталықтары мен ауыл-аймақтарда жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.  Мәселен, Қаратал ауданында биылдың өзінде 8 ауылға газ тартылмақ. Жылдар бойы көгілдір отынды асыға күткен қараша жұрт жайдарман жаңалықты естіп ерекше қуанып отыр. Жобада ұзындығы 148 шақырым тарату желілерін салу көзделген. Сонымен қатар, орнатылатын 4 блокты-модульді қазандықтар 17 көппәтерлі тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Жыл аяғына дейін тұрғындардың 40 пайызы тұратын қаланың шығыс аумағында газ құбырлары пайдалануға беріледі.

Жалпы ауданда 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. 2019 жылы «Үштөбе» автоматтандырылған газ тарату стансысы және ұзындығы 44,7 шақырым газ құбыры пайдалануға берілді. Автоматтандырылған газ тарату стансысында іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ағымдағы жылдың мамыр айында Канабек және Оян ауылдарына табиғи газ беріледі. Бұл елдімекендердегі газ тарату желілерінің құрылысы өткен жылы аяқталған болатын. Ал Көкдала мен Ескелді би ауылдары газ құбырына осы жылдың екінші жартыжылдығында қосылады. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін ауданның 8 ауылын жалпы сомасы 2,7 млрд. теңгеге газдандыруды кезең-кезеңімен аяқтау жоспарлануда. Атап айтсақ, олар Жаңаталап, Ескелді би, Қызылжар, Достық, Кәлпе, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе ауылдары. Жалпы, Үштөбе қаласында газ желілерінің құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталып, 19,5 мың қала тұрғыны газға қол жеткізеді. Қалған 7 елді мекенді газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару 2024-2025 жылдарға көзделіп отыр. Қазіргі уақытта Сарыбұлақ, Көкпекті, Жылыбұлақ, Жасталап, Қаражиде, Кішітөбе және Үшкөмей ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жоспарланған 19 елді мекенді газдандыру нәтижесінде 2025 жылы ауданның 39 мың тұрғыны немесе 96,8 пайызы көгілдір отынды пайдаланбақ.

Көксу ауданында ірі кәсіпорындар мен дүкендер де көгілдір отынға қосылды

Көгілдір отынның игілігін көріп отырған ауданның бірі – Көксу. Аудан тұрғындары жасыл экономикаға бет бұрып, көгілдір отынды кеңінен қолдана бастады. Атап айтсақ,  Балпық би ауылында 1685,  Теректі ауылында 150, Мұқыры ауылында 171,  Еңбекші ауылдық округіне қарасты З. Тамшыбай ауылында 49, Лабасы ауылдық округіне қарасты  Жамбыл ауылында 38, Бесқайнар ауылында 27, Мәмбет ауылында 79 үй газға қосылған. Сонымен қатар, бірқатар ірі кәсіпорындар мен дүкендерге де көгілдір отын тартылған. Тегін газға қосылған аудан тұрғындарының ризашылығында шек жоқ.

Текелі қаласында да тұрғындарды көгілдір отынға қосу жұмысы жақсы жүріп жатыр. Моноқаладағы Қонаев көшесінде магистральді газ құбыры тартылуда. Қаланы газдандыру жобасына 5,5 млрд. теңге бөлініпті. Қазан айында басталған жұмысты «Әлия-Сервис» ЖШС 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтауы тиіс.

Ескелді ауданындағы Бақтыбай, Алдабергенов, М. Байысов, Көкжазық, Теректі, Қаратал ауылдары биыл газға жылыту маусымына дейін қосылады. Былтыр Өрқусақ, Екпінді, Сырымбет ауылдарына, оның алдында аудан орталығы Қарабұлаққа газ берілген. Қарабұлаққа қарасты Шымыр, Ешкіөлмес, Абай ауылдары 2023-2024 жылдары газбен қамтамасыз етілетін ауылдар қатарына қосылды. Биыл 134 541 млн. теңге сомасына 7 жобалық-сметалық құжат әзірленді, соның алтауы (Шымыр, Жетісу, Жастар, Жаңалық, Абай, Ешкіөлмес ауылдары) мемлекеттік сараптамадан өтті.  Ал Өтенай ауылына арналған құжат қайта әзірленіп жатыр. Кербұлақ ауданының тұрғындары да көгілдір отынға қосылды. Атап айтсақ, биыл аудан орталығы Сарыөзек кентіне табиғи газ жетті. Алдағы уақытта аудан орталығынан бөлек тағы 25 елді мекенді газға қосу жоспарлануда.

Отын тасып, күл шығарған бейнеттен арылатын сәт Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының тұрғындарына да бұйырмақ. Бұл өңірдегі елді мекендерді газдандыру үшін «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» газ тасымалдау стансысы мен «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры құрылысының» жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ауылдарға газ тарту жұмысы мұнымен бәсеңдемейді. Керісінше, жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек жыл соңына дейін кезегін күтіп тұрған шаруа көп.

Облыстың түкпір-түкпіріне газ желілерін тарту оңай шаруа емес. Ол алдымен уақыт пен қыруар қаржыны талап етеді. Десе де бұрындары от жағып, күл шығарып жүрген шалғайдағы ауыл  тұрғындары біртіндеп көгілдір отынға қол жеткізуде. Дәл бүгінгідей жүйелі жұмыс жалғасса 2028 жылға дейін облыс тұрғындары толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Газдың келуі тұрғындарды пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймай, қаладағы экологиялық жағдайды да жақсарта түседі.

Айдар Қалиев
Бөлісу: