Жетісу облысында газдандыру жұмыстары қалай жүргізіледі

Жетісу облысында газдандыру жұмыстары қалай жүргізіледі

Жетісу облысының Қаратал ауданында газдандыруға жататын 19 елді мекеннің 11-іне көгілдір отын тартылған, қалған 8-і келесі жылға жоспарланған. Бұдан бөлек өңірлік газдандыру схемасына кірмеген тағы 8 ауылға келесі жылы газ құбыры тартылады. Енді аудан халқының 98,5% көгілдір отынға қол жеткізеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Қазіргі уақытта Кәлпе, Оян, Бастөбе, Қанабек, Жаңаталап, Достық, Ортатөбе, Тастөбе, Көкпекті, Сарыбұлақ ауылдарына және Үштөбе қаласына газ тартылған. Ал келесі жылғы жоспарда Ескелді би, Қызылжар, Көкдала, Кішітөбе, Қаражиде, Жылыбұлақ, Жасталап, Үшкөмей ауылдарына газ құбыры жүргізіледі. 

Бұдан бөлек, өңірлік газдандыру схемасына кірмеген Қожбан, Айту, Ұмтыл, Қарашеңгел, Айдар, Бесағаш, Бірлік, Қайнар – осы 8 ауыл тұрғындары да өтініш білдірді, сол өтініштерді қарастыра келе, мәселені оң шештік. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, жергілікті бюджет қаражатынан құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Соның нәтижесінде ауданның 27 елді мекенінде тұратын 40 мың тұрғын, яғни аудан халқының 98,5% табиғи газға қол жеткізеді, - деді аймақ басшылығы. 

Үштөбе қаласының тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету  ауданда ұзақ жылдан бері өзекті болған келген тағы бір маңызды мәселе болатын. Осығавн байланысты тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы блокты-модульді газ қазандығы орнатылып, биыл 1,7 шақырым магистралды жылу трассасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары күзде бітеді деп жоспарланып отыр.