Жетісу облысында «Алқа» жастар әдеби клубының көшпелі отырысы өтті

25 Тамыз, 15:38 442

Жетісу облысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға министрлік өкілдері, еліміздің әр аймағынын келген жас ақын-жазушылар, республикалық әдеби байқаулардың жеңімпаздары, өңір қаламгерлері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Министрлік мәліметінше, жиында әдебиет саласына қатысты, оның ішінде қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, жас қаламгерлерді қолдау, әдеби байқаулар ұйымдастыру мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ қаламгерлер әдебиетті дамытуда өздерін толғандырған ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Отырыс барысында жастар арасындағы әдеби байланысты арттыру, өңірдегі қаламгерлерді қолдау, кітап нарығын, аударма саласын дамыту мәселелері талқыланды, - делінген мәліметте.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы, Жетісу облысы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына және Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай жас ақын-жазушыларға арналған әдеби тур басталған болатын.

Алматы облысынан бастау алған әдеби тур Жетісу облысында жалғасып, қатысушылар белгілі қаламгер Сайын Мұратбековтің туған жеріне барып, жазушының «Жабайы алма» повесіне арқау болған алма бағы мен өзі тұрған үйін көрді.

Сондай-ақ әдеби клуб мүшелері І.Жансүгіров атындағы әдеби музейі, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ақын Сараның мемориалды музейі және Тамшыбұлақ бұлағымен танысты.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: