Жетісу облысында 7 жаңа су қоймасы салынады

7 Тамыз, 21:40 409

Жетісу облысының 5 ауданында 7 жаңа су қоймасы салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жергілікті «Қазсушар» филиалының директоры Саят Құдайбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, Ақсу ауданында Бүйен өзенінде 22 млн текше метр су жинай алатын қойма салу жоспарланып отыр. Ал, Ескелді ауданында қуаты 5 млн текше метр болатын «Балықты» су қоймасы салынады. Панфилов ауданында Қорғас, Өсек және Тышқан өзендерінде жалпы көлемі 35 млн текше метр болатын үш су қоймасын салу жоспарланып отыр.

Алакөл ауданында Жаманты өзенінде 5 млн текше метр су жинайтын, ал, Көксу ауданындағы Быжы өзенінде жалпы көлемі 15 млн текше метр болатын су қоймасы салынады. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс әкімдігі 2023 жылы Жетісу өңірінің суару жүйелерін қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірледі. Кешенді жоспар бағыттарының бірі – жаңа су қоймаларын салу.

Бүгінде филиал облыс шаруаларымен каналдар арқылы су беруге 7940 келісімшарт жасасты. Дихандарға 622,4 млн текше метр су берілді, 105 мың га егіс алқабы суарылды. 163 шақырымнан астам канал механикалық әдіспен тазаланды, 14 гидротехникалық нысан мен 10 гидробекет жөнделді. Жетісу облысында суару кезеңі кестеге сай өтуде, - деді Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Саят Құдайбергенов.
Перизат Саденова
Бөлісу: