Жетістігі көп жеткіншек

15 Шілде 2022, 14:25 3911

Жас спортшы Заңғар Нұрланұлының жетістіктері туралы ата-анасы және бапкерімен сұқбат

Елімізде спорттан жетістікке жетіп, шетелдерде көк байрағымызды желбіретіп жүрген балалар мен жасөспірімдердің саны артып келеді. Солардың бірі Парижде өткен халықаралық теннис жарысында үздік нәтиже көрсеткен отандасымыз − Заңғар Нұрланұлы. Бұл оның алғашқы жетістігі емес. Заңғар 14 жастағы теннисшілер арасында бұған дейін де биік белестерді бағындырып келген. Осы орайда талантты да, дарынды жас спортшының біз үшін беймәлім қырлары мен жоспарларын білу үшін Заңғардың ата-анасы және бапкерімен сұқбаттастық.

Соңғы кездері елімізде теннис өзекті тақырыптардың біріне айналды. Себебі, спортшыларымыздың әлемдік аренадағы белсенділігі мен жетістіктеріне қуанып, тамсанбау мүмкін емес.

Заңғарды спортқа ерте жасынан бастап әкесі баулыған. 5 жасынан Түркістан облысындағы дене шынықтыру кешенінде тенниспен кәсіби түрде айналысуды бастаған. Кейін Алматыда өткен республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүлделі болған. Заңғар "Кәсіпқой спортта талант 1 пайыз болса, 99 пайызы еңбектен тұрады. Сондықтан қанша еңбектенсең, соншалық жемісін көресің" деп есептейді.  

Анасының айтуынша, спортқа жақындық Заңғардың қанында бар, себебі қанша жүгіріп ойнаса да бір ентікпейді.

Заңғар спорттағы өз орнын таба бастағаннан кейін ата-анасы баласының болашағын ойлап, осы саланың үздігі болуы үшін шетелге қоңыс аударған. Қазақстанда теннистен базалық білім алғанымен, қазіргі таңда шетелдік бапкерлермен жаттығып жатыр. Заңғардың жетістікке жетуіне көмектесіп, қолдау көрсететін ата-анасы мен бапкері және жақындары. Осындай қолдаудан кейін жеңіс туын көкке көтермесем, үмітті ақтамағаным деп есептейді.

Заңғардың Қазақстандық бапкері Қайрат Кушеровтің айтуынша, бала кезінде ең бірінші тенниске келген күннен бастап кәсіби шеберлерден қалыс қалмаған.

– Спортқа бет бұру үшін үлкен шыдамдылық, табандылық пен күш-жігер керек. Сондай-ақ, денсаулыққа баса назар аударып, спортшы болғандықтан жарақат алмаудың жолын іздеп, әрдайым сақтықта болған жөн. Спортшылардың жеген асы да олардың иммунитеттері үшін маңызды. Олар үнемі қатаң режимді ұстанып, спорттың талаптарымен жүруі керек. Ал, Заңғар әкесінің және бапкерінің бақылауымен осы ескертпелердің барлығын бұлжытпай орындаған алғыр бала болды, - деді қазақстандық бапкері Қайрат Кушеров.


Жас спортшының алған марапаттары жөнінде бір атап өтті.

2021 жылы Европадағы теннис сериясында Норвегияның Осло мен Берген қалаларында 1-орын иеленген. Дәл осы жылы Венгрияның Будапешт қаласында екі рет финалға өтіп, 1-орын және финалист атанған. Сонымен қатар, Германияның Берлин қаласында өткен 15 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында да финалист атанды.

2022 жылдың мамыр айында Францияның Париж қаласында 1-орын және шілде айында финалист атанған. Сондай-ақ, Словакияның Банска Бистрица қаласында теннистің жеке ойыннан және жұп ойыннан 1-орын алып абсолютті чемпион атанды. Тіпті, Заңғар Еуропадағы спорт рейтінгінде бірінші орында орналасқан ең жас спортшы.

Қазіргі таңда тамыз айында Германияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Заңғардың әр жетістігіне оның командасы ғана емес, барша қазақстандықтар қолдау білдіріп, құттықтап жатыр.

– Жақында Парижде өткен жарыс өте жоғары деңгейде, тартысты өтті. Баламнан бұрын мен ана ретінде әрдайым қобалжып, қолдау көрсетіп жүремін. Бұл жарыстың ерекшелігі, финалға шыққан балалар жарыстың маңыздылығын өте жақсы түсінеді. Себебі, атмосферасының өзі спортшыны бөлек сезімге бөлейді. Сонымен қатар, спортшылардың көзімен көруге арман болған әлемдегі ең атақты орын Роланд Гаррос стадионында өтті. Бұл жерге кез келген спортшы келе алмайды. Сондықтан финалды осындай ортада ойнаудың өзі жетістік, - деді анасы Баян Мұқанова.

Сонымен қатар, шетелдік бапкерлер қазақстандық балалар спортқа бейім екенін айтқан. Соңғы кездері әлемдік аренадағы спорт саласында қазақстандық спортшылардың саны артқанын атап өткен.

– Қазақстанға теннис 2008 жылдан бастап келе бастады деп айтуға болады. Теннистің шыққанына 14 жыл ғана болған еліміздің спортшылары теннистің отанына барып, үздік нәтижелер көрсетіп жатқаны үлкен марапат. Тіпті, әлем чемпионаттарына қатысу өте үлкен көрсеткіш. Сондықтан Қазақстанда балаларды спортқа ерте жастан бастап баулыған дұрыс. Қазіргі таңда еліміздегі теннистің сапасы жаман емес. Жетістіктеріміз де аз емес. Болашақта теннистің отанына айналған елдердің қатарында біз де тұруымыз бек мүмкін, - деді бапкер.

Қазақстанның әлемдік рейтингте жоғары көтерілуінің ауылы алыс емес. Биыл Tennis Europe ұйымы құрған балалар арасындағы рейтингте Заңғардан бөлек Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков үздік жүз теннисшінің қатарына кірді. Дамир Жалғасбай 43-орында болса, Даниэль Тазабеков 62-орынға жайғасқан. Сонымен қатар, жақында еліміздің атынан шыққан Елена Рыбакина «Уимблдон» жеңімпазы атанды. Осындый әлемдік аренадағы спортшыларымыздың жетістігі мен жемістері көз қуантады.  

Суреттер Заңғар Нұрланұлының жеке мұрағатынан

Миражан Махан
Бөлісу: