Жеті сөзі

18 Маусым 2015, 08:21

"Жеті" сөзі не мағына береді? Киелі сөз бе, әлде жәй ғана сан ба?!

"Жеті" сөзі не мағына береді? Киелі сөз бе, әлде жәй ғана сан ба?!

Жеті атаңды үйретейін, көкешім,

Жеті жұрттың қамын жер ме екенсің.

Есенғали Раушанов

«Жеті» сөзі ықылым заманда тірлік еткен біздің ата-бабаларымыздың ұғымында, біздің ғана емес бүкіл жұрттың түпкі аталарының түсінігінде көптікті, «бәрі, бұдан артық болмайды» дегенді білдірген. Мәселен, «жеті қат көк» шексіздікті ұғындырса, «жеті шелпек» садақа беріп, бар ниетіміздің бір Аллаға ғана бағышталғанын сездіреміз. «Жеті мүше» сөзінің мағынасы да «бүкіл мүше» болуы керек. Себебі дінімізде айрықша айтылатын, сауапқа да кенелтіп, күнәға да батыратын тіл,құлақ,көз,аяқ,қол,асқазан мен жыныс мүшесінен басқа да адамның дене мүшесі жеткілікті. Жақсыбай Самраттың пікірінше, «жеті қазына» деген «барша байлық», дана халқымыз адамға қажетті дүние-мүліктің, қызмет қылатын, тамақ болатын жан-жануар мен құстың бәрін Алланың адам баласына берген барша байлығы деп түсініп, бір-ақ сөзбен «жеті қазына» деп атаған. Шындығында да біз «ит те жеті қазынаның бірі» деп жатамыз. Қазақтың итті мадақтап емес, мүсіркеп айтқан, яғни, ит те адамның көп байлығының бірі деген сөзі болуы керек.

Қазақта «жеті қазынаға» негізінен жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланған ау, өткір кездік жатады деген ұғым бар. Ал «бір қазынам артық менің» деп есептейтін Есенғалиға айтқызсаң:

«Бұл тізімде о басында,

Әйел тұрды ел есінде...

Бұзды кейін оңбағандар,

Дауысқа сап қысып көпті»,- дейді.

Сол Есенғали бір өлеңінде: «Жеті күй боп төгілген жеті алуан сөз, Жеті үңгірде қалдырдым аманат» деп жазады. Өйткені жеті саны көпшілік халыққа қасиетті саналады. Оны қазақ та қастерлейді, жет атаға дейін қыз алыспайды, ер баланың Өз атасы, Нағашы атасы, Кіндік атасы, Сүндет атасы, Ұстаз атасы, Қайын атасы, Өкіл атасы, яғни, «жігіттің жеті атасы» болады, «сәби жеті жасқа жеткенше жерден таяқ жейді» дейміз, аптаны да «жеті» деп атаймыз.

Ғалымдардың бір бөлігі адам баласы ес біліп етек жапқан тұста жеті планета ғана болатын, сондықтан жеті санын қадір тұтамыз десе, екінші бір тобы ай бізге жаңа ай, айдың алғашқы ширегі, толық ай, айдың соңғы ширегі делінетін, әрқайсысы жеті күнге созылатын төрт түрде көрінеді, аптаның жеті күні болатыны да, жеті санының қасиетті саналатыны да содан деген пікір айтады. Ежелгі Вавилон абыздары мал мен адам басындағы «саңылаулар», ауыз, екі көз, екі құлақ, екі танау жеті санының киелі деп түсіндірсе, иудейлердің пайымдауынша, құдай алты күнде жер мен көкті жаратып, жетінші күнде демалған.

Дүниежүзі мойындаған Египет пирамидалары, мың құбылатын керамикамен өрнектелген, көк тіреген сарайлар орналасқан Вавилондағы таңғажайып аспалы бақ, атақты  Фидий піл сүйегінен сомдаған, Олимп тауындағы алтынмен апталып, асыл тастармен әшекейленген, қара ағаштан жасалып, қоладан құйылған тақ үстінде отырған биіктігі 13 метрлік Зевс мүсіні, Родос аралығындағы Гелиос ескерткіші, қараңғыда алып от секілді лапылдап тұратын Александрия маягы, Кіші Азияда орналасқан Эфестегі Артемида храмы, Мавсол патшаның қабіріне тұрғызылған Галикарнастағы «мавзолей»делінетін «Әлемнің жеті керемін» кім білмейді. Бұлардың пирамидалардан басқасы түрлі твбиғи апаттарың салдарынан біздің заманымызға жетпепті. Тарихтың атасы атанған Геродоттың жазбаларында биіктігі 90 метрлік ежелгі Вавилон мұнарасы жеті қабатқа бөлініп, жетіншісіне алтыннан жасалған ай орнатылғандығы жайлы мәлімет бар.

Түрік ғалымы Намық Кемал Зайбек рухтың аммара, лаууама, мулһима, мутмаинна, разия, мәртебесі болады деп есептейді. Жан жүйесі, Ал қазақ ғалымы Ғарифолла Есімнің пікірінше, адам болмысының тән жүйесі, нәпсі жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі, ар жүйесі деген жеті жүйе бар. Орыс физиологы Н.Пэрна адам өмірін жеті жыл сайын белгілі бір өзгеріске түсіп отыратын кезеңдерге бөліп қарастырса, белгілі ғарыш зерттеушісі Л.Пучко тіршіліктің ең кіші бөлшегі клетканың ішкі байланыс жүйесінің өзі жеті шаршы қабаттан тұратынын айтады.

Орта ғасырда «аса ауыр жеті күнә» деген болған, оған зинақорлық, жалқаулық, жауыздық, жебірлік, менмендік, күншілдік,ашкөздік жатқызылған. Ал орынсыз мазасыздану, үрейлену, ерекше таңдану,жауыздық ойлау, жан күйзеле қайғыру, шектен шыға қуану қытай медицинасында «жағымсыз жеті сезім» делінеді. «Жеті өлікке жан берген Баһауаддин секілді, Шала жансар ойларды өр өлең ғып шығардым» деп жырлайтын Есенғали ақынның айтуына қарағанда, көне түркілердің де «киелі жеті белгісі» болыпты.

Ел егемендігінің жетінші жылы Елбасымыз халыққа «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Онда Қауіпсіздік; Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы;Экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; Энергетика ресурстары; Инфрақұрылым; Көлік және байланыс. Тәуелсіздігіміздің жетінші жылы елордамыз Астананың тұсаукесер рәсімі өтті.

Жеті... Жер жаннаты Жетісу, ежелгі қаңлылар қонысы Жетіасар, Маңғыстаудың алғашқы мұнайы атқылаған Жетібай, Алатаудағы Жетіасу мен Жетітөр... Жеті жарғы, Жеті муза, Жеті ру, Жеті қайы, Жетіген...

Асылы әлі күнге дейін жауабын таппаған жаратылыстың жұмбағының жауабы мен қасиеті Құранның беташар сүресі «Фатиханың» неге жеті аяттан тұратыны, Исламның бірінші парызы «Шаһадаттың» неге жеті сөзден құралғаны, жеті қат көктің Құранда неге жеті рет айтылатыны, тамұқтың есігінің неге жетеу болатыны, жүз жиырма төрт мың пайғамбардың ішінен миғраж неге жетеуіне ғана бұйырғаны, қайтыс болған кісінің неге жетісін өткізетініміз тек бір Аллаға ғана аян болар.

«Жетіқарақшыны таныған жеті қат түнде адаспас» дейтін бұрынғылар жетіқарақшы жұлдызын «жеті ұры» емес, адамдарға жөн сілтейтін жеті қарақшы белгі санаған... «Жетіқарақшы – жеті жұлдыз, Ақбоз, Көкбоз – екі жұлдыз... жеті мәрте айтқан сауап бір деммен» Ежелгі қазақ «сауабы тисе, ұрпағым өнсе болар» деп өткен, бодан қазақ «сауап болса, ұрпақ қалса жарар» деп кеткен. Егемен қазақ ұрпағы үшін сауапты іс тындырса келісіп-ақ кетер еді. 


Авторы: Басшы Әзірханов. 

Бөлісу: