«Жеті айдан бері жалақы алмадық». Ұлттық кино орталығы аниматорлардың шағымына жауап берді

22 Шілде, 11:41 907

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы аниматорларының «Алтын адам» анимациялық фильміне қатысты мәселесіне ресми жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Алматыда жеті айдан бері жалақы ала алмай жүрміз деген аниматорлар «Қазақфильм» басшылығына қарсы наразылыққа шыққан еді. Олар бес жыл бұрын дайындығы басталған «Алтын адам» анимациялық фильмі толық аяқталғанымен, киностудия тиісті төлем жасамағанын айтқан.

Ұлттық кино орталығының хабарлауынша, аталған анимациялық жоба қазақ үшін қадірлі «Алтын адамның» рухани маңызын ашып көрсетуді мақсат етті. Жоба «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына» 2020 жылы ұсынылып, басталған. Жалпы құны 378 млн теңгені құрайды. Келісімшарт бойынша киножоба 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ орындаушы міндеттемелердің үдесінен шықпай, жұмысты толық аяқтамады және фильмді белгіленген уақытта өткізбеген.

Осылайша, жобаны жүзеге асыру мерзімі жоспарланған 2020-2021 емес, 2020-2023 жылдар аралығында созылды. Жүзеге асыру мерзімі ұзарғаннан кейін жоба 2023 жылы нақты әрі толыққанды аяқталуы тиіс болатын.

Алайда 2023 жылдың соңында да орындаушы сараптама кеңесі енгізген 126 ескертуді елемегені анықталды. Осыған байланысты «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, жобаның үш жылға дейін созбалаңға салынуы турасында бір тоқтамға келуі тиіс болды.

Орындаушыға атқарылған жұмыс үшін жалпы құны 294 млн теңге төленді. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аяқталмаған жобаларға мемлекет қаржы бөлуге қауқарсыз екенін айта кеткен жөн. Осыған байланысты қалған 84 миллион теңге республикалық бюджетке қайтарылды. Сондай-ақ 2023 жылдың соңында анимациялық жоба тапсырылмағандықтан, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» сотқа шағым түсіруге мәжбүр болды, - делінген Ұлттық кино орталығының мәлімдемесінде. 

Сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы Қ.Жұмағали әлеуметтік желідегі постында бұл мәселеге қатысты пікір білдірген еді.

«Қазақфильм» тізгініндегі Азамат Сатыбалдымен бір ай бұрын атқарушылық іс жүргізу шеңберінде медиативтік келісім жасауға уағдаластық, - деді ол жазбасында.

Ұлттық кино орталығының мәлімдеуінше, жоба прокатқа шыққан соң одан түскен табыс түсірілім тобына беріледі деп жоспарланған.

Ендігі кезекте «Қазақфильмнің» жобаға жауапты ұжымы фильмді өзара келісім арқылы аяқтап, «Алтын адам» анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20%-ы Кино орталығына аударылса, қалған 80%-ы «Қазақфильмнің» үлесінде қалады. Осылайша, «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы аталған жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейді, - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, мемлекеттік қаржыландыруды ұсынатын бірыңғай оператор ретіндегі «ҰКҚМО» қызметі ұлттық кинематографияны қаржылай қолдауға және «ҰКҚМО» жарғысына сәйкес, өнімдердің сапалы шығуы мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалауға құрылған. Осыған байланысты барлық сауалдар құқықтық негізде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сай шешімін табады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: