Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізген отбасылық династиялардың бірі – бүгінде зергерлік өнерімен танымал. Жеті атадан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан «Өмір» зергерлік шеберханасы бір әулет, бүгінде өз қолтаңбаларын қалыптастырып, тарихтың терең қабаттарынан сыр шертетін құнды бұйымдар жасайды. El.kz тілшісі отбасылық династиямен хабарласып, сұхбат алды.
El.kz: Алдымен зергерлік өнер соның ішінде отбасылық кәсіптің тарихына тоқтала кетсеңіз? Бұл кәсіптің бастау алған кезеңдері қалай болды?
Төлеген Өтепқалиұлы: Жеті атамыз да зергерлікпен айналысқан. Брендке атау болған Өмір деген бабамыз зергер болған, одан кейінгі Жүндібай атамыз Кеңес Одағы кезінде ұста болған. Әкеміз Өтепқали Жүндібайұлы Өміров бала күнінен әкесінің көрік пісіп, былғары терісін илеп, бізбен былғары тіккенін көріп өскені бала күнінен өнеге болған. Он алты жасынан бастап өнер жолына келіп, Алматыдағы сурет училищесін аяқтап, зергерлік жолына түсіп, осы күнге дейін өмірін зергерлік өнерге арнап келеді. Зергерлер шеберханасын балконнан бастайды десе, біздің әкеміз үйдің кіре беріс бөлмесінен шеберхана жасап отбасын асыраған. Інім – Төремұрат, мен және қарындасым бала күнімізден бастап сол шеберхананы көріп өстік.
El.kz: Қазақтың зергерлік өнерінің тамыры тереңде жатыр. Қастерлі кәсіп. Оны меңгеру үшін тума талант болу керек пе?
сурет: «Өмір» зергерлік шеберханасының жеке мұрағатынан
Төлеген Өтепқалиұлы: Талант – Алланың адам баласына берген сыйы. Оны бір адам қолдана алады, біреулері сол сыйды қолданбастан қалдырады. Бірақ тек таланттың өзі өнердің қай саласымен болсын айналысуға аздық етеді. Зергерлік үшін таланттан бөлек үнемі ізденіс, көп тәжірибелік жұмыстар, үлкен шыдамдылық қажет.
El.kz: Отбасылық династияда зергерлік өнердің дәстүрлерін сақтап қалу үшін қандай шаралар қабылданды? Қазіргі кезде бұл дәстүрлер қалай жалғасуда?
Төлеген Өтепқалиұлы: Мәселен бізді бала күнімізден әкеміз шебарханаға апаратын, құрал-жабдықтарын ұстатып көрсететін, ең қарапайым балғаны соқтырып, ермексаздан мүсіндер жасатып, сурет салғызу арқылы біздің өнерге деген қызығушылығымызды арттырып, өнер жолындағы алғашқы кірпіштерімізді қалай бастады. Бала күнінен шахмат ойнағанды көріп өскен бала шахматшы болады. Қазіргі күннің өзінде әкеміз немерелеріне шеберхананы көрсетіп таныстыру үстінде. Біз оқу орнын аяқтап келген соң, өзінің бұйым жасау әдістерін үйретіп зергерлік өнер дәстүрі отбасымызда осылайша өз жалғасын тапты.
El.kz: Зергерлік өнердің жаңа тенденцияларына отбасыңыз қалай бейімделді? Қолданылатын құралдар мен технологиялар өзгеріп жатыр ма? Бұл өзгерістер жұмыстарыңызға қалай әсер етті?
Төлеген Өтепқалиұлы: Уақыт өткен сайын жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Біз зергерлікті үйрене бастаған кезде алдымен шеберханада бұрыннан келе жатырған құрал-саймандарды қолдануды меңгердік. Содан кейін шеберхананы автоматтандырылған құралдармен толықтырулар енгіздік. Жаңа технологиялармен жасалған құрал-саймандар жұмыстың жылдам жүруіне оң әсерін тигізді.
El.kz: Отбасылық бизнес жүргізудегі басты құндылықтарыңыз қандай? Бизнес пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыздар?
сурет: «Өмір» зергерлік шеберханасының жеке мұрағатынан
Төлеген Өтепқалиұлы: Отбасылық бизнес пен күнделікті отбасылық өмір бір-біріне тығыз байланысты. Жұмыс істеп жүріп, уақытылы отбасыма көңіл бөлу арқылы, отбасындағы анамның, жан-жарымның қолдауы да бұл жерде тепе-теңдікті сақтауға үлкен рөл атқарады. Басты құндылық: өзара сыйластық, өзара қолдау және түсіністік.
El.kz: Бүгінде зергерлік кәсіпті жүргізуде қандай қиындықтар мен мүмкіндіктер бар?
Төлеген Өтепқалиұлы: Қажетті құрал-жабдықтың Қазақстанда табылмай шетелден алдыру, металлдың қымбаттығы, сонымен қатар мемлекет тарапынан «зергерлік іс» мамандығына қызмет болмауын қиындыққа жатқызамыз. Мәселен зергерлік іс мамандандыруы бойынша университет немесе колледж бітірген студентке мамандығы бойынша жұмыс орны табылмайды. Онда екі таңдау болады біріншісі – мұғалім болу, екіншісі – жеке кәсіпкерлік ашу.
Ал мүмкіндікке келетін болсақ, зергерлікпен айналысамын деген жас талапқа жоғарғы оқу орындарына таңдау өте көп. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, К.Байсейітова атындағы өнер университеті, Шымкеттегі Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі тағы да сол сияқты оқу орындары жас талап үшін жақсы мүмкіндік.
Қазіргі таңдағы ұлттық бұйымға қызығушылықтың жоғарылығы зергерлердің көбеюіне жол ашты.
El.kz: Зергерлік бұйымдарға сұраныс өзгеріп жатыр ма? Қазіргі кезде қандай бұйымдар ең танымал?
Төлеген Өтепқалиұлы: Уақыт өткен сайын сән өзгеріп тұрады. Мысалы осыдан он бес жиырма жыл бұрын «Лодка», «Мадонна» деген жүзіктер үлкен сұранысқа ие болып, уақыт өте келе сұраныс азая бастады. Қазіргі таңда ол сақиналарға тапсырыс берілмейді. Сондықтан да қай уақытта болмасын сәннен кетпейтін, өзектілігін жоғалтпайтын ұлттық стильдегі классикалық бұйымдар жасаймыз. Қазіргі кезде әйелдер арасында жоғарғы сұранысқа ие қос білезіктер және құстұмсық сақина және құдағи жүзіктер. Ал ерлер арасында болса, ру таңбаларымен соғылған сақиналарға тапсырыс көп түседі.
El.kz: Болашақ ұрпаққа қандай кеңес берер едіңіз? Оларды зергерлік кәсіпке қызықтыру үшін қандай қадамдар жасау керек?
Төлеген Өтепқалиұлы: Ең алдымен зергерлік өнерден бұрын, бейнелеу өнерімен танысу қажет. Зергерлік өнер – бейнелеу өнерінің бір саласы. Мұражайларға бару, зергерлік өнер туралы фильмдер қарау, қалада зергерлік өнер бойынша шеберлік сағаттар өткізілсе соған қатысу. Тарихи лекциялар тыңдау. Інім Төремұрат Өмір Өтепқалиұлы қазіргі таңда өзінің @tore_omir инстаграм парақшасында зергерлік өнер туралы көрерменге қызықты қазақша контент шығарып жатыр. Сонда түрлі жаңа және қызықты ақпараттар айтылады. Әлеуметтік желі арқылы зергерлік өнер туралы білімін зергерлік контенттер қарау арқылы дамытуға болады.
El.kz: Сіздің ойыңызша, отбасыңыздың зергерлік дәстүрін сақтап қалу үшін қандай маңызды қадамдар жасалуы керек?
Төлеген Өтепқалиұлы: Жеті атадан келе жатқан ата кәсіптің тарихы жазылып, келер ұрпаққа таныстырылуы қажет. Балаларды жастайынан өнерге баулып, ұлттық қазақ зергерлік стилінің қаймағын бұзбай, ескі зергерлердің жасау технологияларын сақтау, тарихты ұмытпау ең маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
El.kz: Жасайтын зергерлік бұйымдарға қандай ерекше қасиеттер немесе мән-мағына қосасыздар?
Төлеген Өтепқалиұлы: «Өмір» зергерлік шеберханасы жәй зергерлік бұйым жасамайды, атадан балаға, анадан-қызына, енеден-келінге мұра болып қалатын бір отбасы үшін тарихқа айналатын бұйым жасайды. Сол себептен бір жүзік үшін жасалған ою-өрнектің өзі белгілі бір мән-мағына білдіретін композициядан құралады.
Төлеген Өтепқалиұлының інісі Төремұрат Өмір, жас зергерлерге өзінің кеңесін айтты.
Шеберханада әкемізбен көптеген түрлі тапсырыстар орындаймыз. Жұмыс барысында осы салада басынан өткен түрлі қызық оқиғаларын айтып беріп отырады. Мәселен 70-80 жылдары әкем зергер боламын деп білім алып жүрген жас жігіт кезі еді. Сол кезде алтын, күміс, бриллиант сияқты бағалы бағалы материалдармен өзге ұлт өкілдері көп жұмыс істейтін. Бір нәрсені жасау үшін солардан ақыл-кеңес сұрап барған кезде ондағы шеберлер шеберханасының тіпті маңайына да жолатпайтын еді. Сол себепті зергер болам деген бауырларға айтарым, білмеген нәрселеріңіз болса менен ұялмай сұрай беріңіздер. Өзім білмесем, сіздерге білетін жанға жол көрсетем.
Отбасылық династияның «Өмір» зергерлік шеберханасында жасалатын білезіктер жалпақ көлемді, күрделі болып келеді. Сол себепті бұл шеберханаға білезікке тапсырыс бергенде өлшемнен қателеспеу керектігін айтады.
Сіздерге білекті үй жағдайында қалай дұрыс өлшеу керектігін айта кетейін. Бірінші, тігіншілерге арналған метрлік болса, осыны білектің шошақ сүйегіне дейін айналдыра өлшеп, қанша сантиметр, қанша миллиметр болғанын айтсаңыз болды. Екінші жолы метрлік болмаған жағдайда, жалпақтығы екі сантиметр болатын қағазды артығымен қиып алып, дәл жоғарыда айтқандай, өлшеп, біріккен жерін, қиып шыққан ұзындығын сантиметр миллиметрге дейін дәл айтсаңыз жеткілікті. Біз әр тапсырыс берушіге бұйымды арнайы жасаймыз. Сондықтан сіздің білегіңіздің суреті де керек.
Өйткені әр адамның білегі әртүрлі болады. Соған сай білезікті формаға келтіргенде сізге дәл келетіндей білезікті істеп береміз.
сурет: «Өмір» зергерлік шеберханасының жеке мұрағатынан
Бұйым жылтырап, тап-таза болып тұрғанда, көп адамдар бұйымдарын әр жерге қалдырып, өзімен бірге келген қорапшада сақтайды. Соның себебінен бұйым бастапқы жылтыр күйін жоғалтады. Бұйымды күнделікті таппайтын болсаңыз, бұйымды жұмсақ матаға орап, банкаға салып, қасына осындай ылғалды сіңіріп тұратын нәрсені салып, өзіңізге қауіпсіз жерде не болмаса сейфте сақтағаныңыз дұрыс. Бұйымыңыз ас үйде не болмаса хлорлы сұйықтық араласқан сумен жуылған бөлмеде желдетілуі төмен, үйде ашық күйде тұрса, бізге білінбейтін булы ауамен әрекеттесу арқылы өңі тез кетіп қалады.
Бізге тапсырыс беру барысында саусақ өлшемін білмейтін тапсырыс берушілер көп хабарласады. Бірінші, ең оңай жолы өзіңіз тұратын жердегі зергерге барып, саусағыңызды өлшетесіз. Екінші, саусақ өлшейтін құралды сатып алу арқылы, не болмаса зергерлік бұйым сататын дүкеннен саусағыңыздың өлшемін білсеңіз болады. Үшінші, үй жағдайында жалпақтығы бір сантиметр болатын қағазды жолақ етіп қиып, өзіңіз сақина таққыңыз келетін саусақты айналдыра өлшеп, біріккен жерді қиып тастаймыз. Шықққан ұзындықты миллиметр миллиметріне дейін зергерге айтамыз. Зергер сол ұзындыққа байланысты сіздің саусақ өлшеміңізді анықтай алады.