Уикипедияның Қазақстандағы белсенді авторларының бірі Қайыр Рыспаев қазақтың шежіре дәстүрін заманауи тұрғыдан толықтыруды ұсынды. Ол «жеті атамен бірге жеті апаны да білу керек» деп, шежіреге әйелдердің де атын енгізу қажет екенін айтты. Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлады.
Рыспаевтың пікірінше, шежіреге тек ер адамдардың есімін жазу – әйелдердің тарихи және әлеуметтік құқығын шектеу. Сондықтан, гендерлік тепе-теңдік үшін қыз балалар мен олардың ұрпағын да енгізу қажет.
Шежіре – бұл тарих. Әр адам өз атын сол тарихтан таба алуы керек. Біз ерлердің есімін сақтап, әйелдерді елемейміз. Ал қазір заман басқа – теңдік керек. Әйелдерді де шежіреге енгізу қажет. Оның үстіне, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда 7-8 жылға ұзақ, – дейді ол.
Қазақтың дәстүрлі шежіресінде әдетте тек ер адамдардың аты аталады. Алайда бүгінде кей сарапшылар бұл жазылмаған дәстүрді заман талабына сай қайта қарау керек деп есептейді. Олардың айтуынша, «жеті ата» ұғымымен қатар «жеті апа» түсінігін енгізу әйелдің ұлт тәрбиесіндегі орнын айқындап, гендерлік теңдікті нығайтады.
Дегенмен шежірешілердің барлығы бұл пікірмен келісе бермейді. Белгілі шежіреші Нұрбатыр Болатбеков мұндай қадамға қарсы шығып, оның қауіпті салдары болуы мүмкін екенін ескертті.
Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге қол сұғуға болмайды. Егер оны өзгерте бастасақ, қанның тазалығы бұзылады. Ал қан тазалығы – ұлттың тазалығы. Қазақ халқы өз тегін, жеті атасын білген халық болғандықтан, түрлі тұқым қуалайтын аурулар аз кездеседі, – дейді ол.
Жаңа бастамаға қатысты қарапайым азаматтардың да көзқарасы екіге бөлінді. Бірі әйелдердің де аты жазылсын десе, екіншісі бұл дәстүрге қайшы деп санайды.
Егер әулетте жалғыз қыз болса, оның шежіреде болуы орынды сияқты, – дейді бір тұрғын.
Мен қыз балаларды шежіреге қосудың қарсыласымын. Себебі олар басқа әулетке ұзатылып, тегін өзгертеді. Бұл кейін шатасуға әкеледі, – деп пікір білдірді тағы бірі.
Осылайша, «жеті апаны да білу керек» деген ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, дәстүр мен заманауи көзқарастың арасындағы пікір қайшылығын тағы бір мәрте көрсетті.