02.03.2026
17:01
290
«Жертөледе қонып шықтық». Қазақстандық туристердің Дубайдағы қазіргі ахуалы қандай?

«Жертөледе қонып шықтық». Қазақстандық туристердің Дубайдағы қазіргі ахуалы қандай?

Отандасымыздың көбі Дубай мен Катарда демалып жүр. Алайда Иран тарапынан Біріккен Араб Әмірліктеріне жасалған шабуылдан кейін олардың қауіпсіздігі туған-туыстарын ғана емес, дүйім елді алаңдатып отыр. 

БАӘ хабарлағандай, бір тәулікте 137 зымыран мен 200-ден астам дрон атып түсірілген. Бес зымыран теңізге құлап, 14 дрон аумаққа түскен. Бірақ зардап аз болған көрінеді.

Ең үлкен дүрбелең халықаралық әуежайға жасалған шабуыл кезінде болды. Абу-Даби әуежайында құлаған дронның қалдықтары әуежай аумағына түсіп, бір азиялық азамат қаза тауып, жеті адам жараланды. Дубайда төрт адам зардап шегіп, терминалдарда адамдар дүрбелеңге беріліп, чемодандарын лақтырып, шығуға тырысқан.

Ирандағы қазақстандықтар елге қалай оралады?

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, әуе кеңістігінің жабылуы және рейстердің уақытша тоқтатылуына байланысты Қазақстан азаматтарын Ираннан құрлық арқылы шығару жоспарланып отыр. Эвакуация Иранмен шекаралас төрт ел арқылы жүргізіледі:

  • Иран – Әзербайжан
  • Иран – Армения
  • Иран – Түркия
  • Иран – Түрікменстан

Азаматтарға Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен байланысып, шығу бағытын алдын ала келісу ұсынылады.

Туристердің қазіргі жағдайы

2026 жылғы 2 наурыздағы жағдай бойынша, Таяу Шығыстағы ахуалдың ушыққанына байланысты бірнеше әуе компаниясының рейстері тоқтатылды. Соның салдарынан Қазақстан туристері Парсы шығанағы аймағында әуе қатынасы қалпына келтірілуін күтіп уақытша қалып отыр. Тур-кодпен барған туристер қонақүйлерде орналастырылып, оларға тамақ берілген.

@bilgen.durys ⚡️ Дубайда болған жарылыстар кезінде қалада жүрген қазақстандықтар қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Қазақстандық Назгүл Тұрысбекова әлеуметтік желіде түнгі сағат 00:30 шамасында қатты жарылыс болғанын айтты. Оның сөзінше, қонақүйдегі адамдар ресепшнге түсіп, тек құжаттарын алып, жедел түрде баспанаға өткен. 💬«Не істейтінімізді білмей тұрмыз», — деп жазды ол. 🎦 @nazgul_turysbekova #дубай #отель #рек #тренд #bilgendurys ♬ оригинальный звук - BILGEN DURYS

Қазіргі жағдай бойынша:

  • БАӘ-де: 2 540 қазақстандық турист
  • Катарда: 1 061 қазақстандық турист бар

Қазіргі таңда аталған елдерде жүрген қазақстандық азаматтар видеоүндеу жолдап, жағдайларын айтып отыр.

@zhazira_bairbekovaa #дубай ♬ оригинальный звук - Жанболат & Жазира

Мысалы, әнші Жазира Байырбекова WhatsApp арқылы туған-туыстарына: «Алаңдамаңыздар, жақсы хабар күтіп отырмын. Құдай қаласа, жақсы күндерде жолығамыз», – деді.

Атыраулық Асыл Абу-Дабиден елге уақытында орала алмай отырғанын жеткізді. Ол үш күндік сапар үшін барған кезде әскери қақтығысқа тап болған. Асыл қазақстандық туристерге арнап видеоүндеу жасап, қазіргі арманы елге аман-есен оралу екенін айтты.

«Туристік қамқор» қорының төрайымы Инна Рей мәлімдеме жасап, туристерге сабыр сақтауды ұсынды.

Қазіргі таңда Парсы шығанағы елдерінде демалып жатқан барлық қазақстандық туристер кепілдендіру жүйесінің қорғауында. Сондай-ақ демалысқа жаңа ғана ұшып кеткен жолаушылардың да қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген. Кепілдендіру жүйесі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бастысы – біздің туристер қауіпсіз жерде. Жағдай жақын арада тұрақталады деген үміттеміз. Қалай болғанда да, біз кез келген жағдайға дайынбыз. Туристерден сабыр сақтауды сұраймыз, – деді Инна Рей.

28 ақпанда Иран әуе кеңістігін жабуына және өңірдегі тұрақсыз ахуалға байланысты Таяу Шығыс бағытындағы бірқатар рейстердің орындалуына өзгерістер енгізілді. Әуе тасымалдаушылары жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауда.

Сонымен қатар, Жидда, Медина және Дубай бағыттары бойынша 6 наурызды қоса алғанға дейін сатып алынған әуе билеттерін тегін қайта брондау немесе қайтару мүмкіндігі қарастырылған.

«Aida Travel» өкілі Аида Төлебаева наурыздың 3-іне дейінгі турлар толық тоқтатылғанын айтты.

Туроператор тарапынан рейстер тоқтап, туристерге төленген ақша 14 күн ішінде қайтарылады. Ал одан кейінгі күндерге жаңа рейстердің ашылуы әзірге белгісіз, – деді.

«GoGoTour» өкілі Ерасыл Әуезхан Дубайдағы жағдайға қатысты былай деді:

Біз Таяу Шығыстағы қақтығыстардан хабардармыз. 2025 жылдың жазынан бері бұл бағытқа адам жібермейміз. Сол себепті, қауіпсіздік үшін туристерге бұл аймаққа бармауға кеңес беремін. Ал алдын ала жоспарлап қойғандар билеттерін қайтарып ала алады, егер туроператор тарапынан рейс тоқтатылса, барлық шығын толық өтеледі. Ал егер турист өз еркімен келісімді бұзса, онда бұл заң тұрғысынан «бір жақты келісімді бұзу» болып есептеледі. Өкінішке қарай, кей турагенттер тек пайда үшін бұл аймаққа тур сатуын тоқтатпай отыр, ал туристтердің өздері де қауіп-қатерді есептеп барып, шешім қабылдауы тиіс, – деді ол.

Ерасыл Әуезханның айтуынша, қазіргі жағдайда Қазақстан мемлекеті ғана туристерге қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, Kaspi арқылы тур пакеттерін сатып алғандар үшін арнайы қаржылай көмек ұйымдастырылған, ол қаражат қонақүйде тұру шығындарын жабуға бағытталған.

ҚР консулдығының өкілі Әлнұр Аманбек жағдайдың әзірге белгісіз екенін, ал ұлттық тасымалдаушы Air Astana әуе компаниясы олардың қонақүйде тұру шығындарын төлеуге дайын емес екенін хабарлады.

Дипломаттың айтуынша, азаматтарға уақытша шығындарды өз қаражатымен өтеуге, қажет болса таныстарынан қарыз алуға немесе несие рәсімдеуге тура келуі мүмкін.

Қазіргі уақытта нақты ештеңе айта алмаймыз. Air Astana бүгінгі және ертеңгі рейстердің тоқтатылуына байланысты қонақүй ақысын төлеп, ұзартуға мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді. Егер компания барлық қонақүй шығындарын өз мойнына алса, кейін басқа шығындарды өтей алмауы мүмкін. Қазір басшылықпен келіссөз жүргізуге тырысып жатыр. Біз де қонақүймен сөйлесіп, сіздерге арнайы баға беруін сұрап жатырмыз. Өкінішке қарай, біз бұл шығындарды өтей алмаймыз. Қазір 15 мыңнан астам азаматымыз бар, әрқайсының мәселесі әртүрлі. Сондықтан мүмкін болса, таныстардан қарыз алыңыздар, ең соңғы амал – несие рәсімдеу, – деді Дубайдағы ҚР консулдығының өкілі Әлнұр Аманбек.

Оның айтуынша, дипломаттар азаматтар мен туроператорлардың тізімін жинап жатыр. Мақсат – шығындарды туркомпаниялар арқылы өтеу. Сондай-ақ БАӘ билігі қонақүй шығындарын өтеуге дайын екенін білдірген.

Кімде туроператор бар – солармен байланысып, шығынды өтеуді сұраймыз. Туроператоры жоқ азаматтар үшін қонақүйден жеңілдік сұраймыз. Сонымен қатар, БАӘ-нің жоғары органдары қонақүй шығындарын өтеуге дайын екенін айтты. Біз де ресми хат жолдап, азаматтарымыздың шығындарын өтеуді сұраймыз, – деді ол.

Әлнұр Аманбек отбасымен 21 ақпанда демалысқа келген, 27-сі күні елге оралуы тиіс болған. Алайда паспорттық бақылаудан өткеннен кейін рейс таңғы 09:00-ден кешкі 21:00-ге шегерілгені хабарланған. Кейін ол мүлде тоқтатылды. Туристердің айтуынша, алдымен тек олардың рейсі кейінге шегеріліп, кейін басқа рейстер де тоқтатыла бастаған.

Жолаушыларға қонақүйге орналастыру туралы хабарланып, қайтадан кедендік бақылаудан өткен. Осы уақытта Иранның АҚШ пен Израиль соққыларына жауап ретінде Парсы шығанағындағы америкалық нысандарға шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарай бастады.

Әуежайда рейстер жаппай тоқтатылды, Wi-Fi желісі шамадан тыс жүктелді, ақпаратты үзік-үзік алдық. Әуе кеңістігі жабылғанын білдік. Терминалдарда адамдар көп жиналды, – дейді Аманбек.

Ақтаудан келген шамамен 200 турист бірігіп, FlyArystan компаниясының өкілі оларды әуежай маңындағы қонақүйге жеткізуді ұйымдастырған. Туристерге тамақ беріліп, орналастырылған. Түнде әуе дабылы қосылып, «Максималды қауіп, зымыран ұшып келеді» деген ескерту хабарламалары араб және ағылшын тілдерінде таратылған.

Қонақтар сабыр сақтап, құжаттарын алып, төменге түскен. Оларға су мен көрпелер беріліп, таңға дейін қауіпсіз бөлмеде болған. Таңертең әуе қорғаныс жүйесінің дыбыстары естілген.

Қонақүйдегі жағдай тұрақты. Консулдық өкілі азаматтармен кездесіп, жағдай бақылауда екенін айтқан. Тұру мерзімі тағы бір түнге ұзартылған. Дубай билігі қонақүйлерге елден шыға алмай отырған туристерге көмек көрсетуді тапсырған.

Дегенмен кейбір туристер үреймен қосымша түндерді өздері төлеп қойған. Қайтарым мәселесі әлі шешілмеген.

Қазір туристер қонақүйде қалып, рейстердің қайта ашылуын күтуде. Барлық қазақстандықтар ақпарат алмасу үшін ортақ чат құрған.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта мына елдердің әуе кеңістігі жабық немесе тұрақсыз: Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Иордания, Сауд Арабиясы, Катар, Оман, Ирак және Ливан.

Осыған байланысты 28 ақпанда аталған елдерден Қазақстанға бағытталған 14 рейс, ал 1 наурызда 12 рейс тоқтатылған.