Жерлеу орнын таңдау мен қабірдегі құлпытас биіктігі: Жаңа ереже бекітілмек

20 Шілде 2023, 15:40 1438

Елордалық дін істері басқармасы жерлеу рәсімі мен зират күтімі бойынша жаңа ережелер бекітпек, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов енді зираттағы орынды онлайн режимде таңдауға болатынын айтып берді.

Көптеген тұрғындар жақындары, туыстарының бірі қайтыс болғанда қайда жүгіну керек деп сұрайды. Осыған байланысты біздің басқарма цифрландыру басқармасына ұсыныс енгізді. Бізде zherleu.astana.kz сайты жұмыс істейді. Бұл сайтта қайтыс болған адамның аты-жөнін немесе ЖСН-ін жазуға болады. Мұнда Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі және ХҚКО базалары біріктірілген. Яғни, зираттағы орынды онлайн режимде таңдауға болады, - деді ол мәслихат отырысында.

Өтінім беру нұсқаулығы zherleu.astana.kz сайтында көрсетілген.

ЭЦҚ немесе QR кодының көмегімен авторизациядан өту керек, содан кейін «Жерлеуге өтінім беру» батырмасын басу керек. Содан кейін жерлеу орны мен күнін таңдап, байланыс мәліметтерін енгізу керек, - делінген ақпаратта.

Жерлеу рәсімдеріне байланысты ережеде құлпытас биіктігі де көрсетілген.

Қазіргі уақытта жерлеу бойынша арнайы ережелер әзірлеп жатырмыз. Онда құлпытас биіктігі бір метрден аспауы керек. Зират қоршалған болуы керек, күтім жасалуы керек. Жер кодексіне сәйкес, жерлеу үшін 2х3 шаршы метр жер тегін беріледі, бірақ көп адам басқа туыстары үшін екі орын сұрайды. Сол үшін жерлеу туралы ережеге толықтырулар енгіземіз, - деді дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Айта кетейік, елімізде жерлеу қызметінің бағасы бір жылда үш есеге өскені туралы жазған едік. Қазіргі таңда қабірдің бағасы – 130 мың теңге.Төленетін ақыға қабір қазу, оған қаланатын кірпіш пен бас ағаш кіреді.

Сондай-ақ Астана қаласының мәслихат депутаттары жерлеу рәсімдерін цифрландыру және жерлеу орындарын күтіп ұстау мәселесін талқылады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: