Қазақта жеріктікке қатысты түрлі ырым бар. Кейбірі бетінде мимикалық шұңқыры бар баланы «жерік асы қанбаған бала» деп жатады. Жалпы, жерік асты қалай әкелу керек, оның қандай түрі бар?
«Құрсақ шашудың» астарында не жатыр?
Этнограф Тұрар Саттарқызының айтуынша, бойына бала біткен келіншектің тамаққа зауқы соқпай, жерік болады. Оны «итжерік» деп атаған. Келіннің аяғы ауырлығын білген енесі қуанып, «Құрсақ шашу» тойын жасаған. Мақсаты – қуанышын атап өту, жүкті келіншектің күтіміне назар аудару. Дүниеге келер сәбиге қамқорлық жасау. Көпті көрген аналар, абысын-ажындары ақыл-кеңес айтып, батасын берген, білгенімен бөлісіп, көңілін аулаған.
Ал аяғы ауыр келіншек айлап, апталап жерігі басылмай, ұзақ уақыт бір асқа аңсары ауса, мұны «созылмалы жеріктік» деп атаған. Жүкті әйелдің күніне бірнеше тағамға аңсары ауғанын «қос жеріктік» немесе «жұп жеріктік» деген екен.
Жерік асын жемесе, бала аурушаң бола ма?
Жерігі қанбаған анадан туған бала аурушаң болады. Аузынан сілекейі ағып, жылаңқы болып, мешел (рахит) ауруына ұшырайды. Тіпті аман болғанның өзінде ылғи көңілі толмай, қабағын шытып, ырбиып жүреді, – деп жазған Зейнеп Ахметова «Күретамыр» кітабында.
Бұл тұрғысынан келгенде этнограф Тұрар Саттарқызы да жерік асқа қатты мән беру керегін айтады. Оның айтуынша, жерігі қанбаған баланың дұрыс жетілуі екіталай. Егер жерігі қанбаса, туған баланың сілекейі шұбырып жүретін болады деген ырым бар. Одан бөлек, кей жүкті келіншек өзінің неге жерік екенін білмей, дал болған. Сонда «Құрсақ шашуға» келген әйелдер түрлі тағамдар әкелген. Бұл не жерін білмей жүрген болашақ анаға деген көмек, қамқорлық болған.
Қазақта «жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер» деген сөз бар. Жерік ас – тума мінезді, болмысты қалыптастыратын фактордың бірі. Халқымызда арыстанның жүрегіне жерік болған аналарымыз болған. Олардан батыр ұл туған. Жалаңтөс батырдың анасы көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған деседі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жақсы ниетпен айтылған тілектер әйелдің көңілін көтереді. Бұл – дәстүрдің психологиялық мәні, – дейді этнограф Тұрар Саттарқызы.