06.04.2026
13:11
3821
Жаңалықтар

Жерде адам саны тым көбейіп кеткен: ғалымдар бұл мәселені шеше ала ма?

Жаңа зерттеу адамзаттың даму қарқыны мен табиғи ресурстар арасындағы тепе-теңдік әлдеқашан бұзылғанын көрсетті. Ғалымдардың айтуынша, халық санының өсуі бұрынғыдай прогреске серпін бермей керісінше, Жерге түсетін жүктемені арттырып отыр. Егер бұл үрдіс өзгермесе, жағдай қиындай түспек.

Environmental Research Letters журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар соңғы мың жылдағы халық саны мен ресурстар тұтыну деректерін саралаған. Ұзақ уақыт бойы бұл жүйе үйлесімді жұмыс істеп келген: халық көбейген сайын технология дамып, табиғи ресурстар өзін-өзі қалпына келтіріп отырған.

Алайда бұл тепе-теңдік ХХ ғасырдың ортасында бұзылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі демографиялық серпіліс адамзатты жаңа кезеңге алып келді. Бұл кезеңде халық санының өсуі даму үдерісін жеделдетпей, қайта тежей бастады.

Адам саны 12 млрд-ға дейін жетеді

Бүгінде Жер шарында 8 миллиардтан астам адам өмір сүреді. Дегенмен халық санының өсу қарқыны соңғы онжылдықтарда баяулаған. Сарапшылар болжамынша, XXI ғасырдың екінші жартысында адам саны шамамен 11,7-12,4 миллиардқа жетіп, кейін біртіндеп төмендей бастайды.

Ғалымдар бұл ұзаққа созылған өсімді ішінара қазба отынмен байланыстырады. Мұнай мен газдың арқасында азық-түлік өндірісі, энергия және өнеркәсіп көлемі күрт артты, яғни адамзат Жер қойнауындағы ресурстар есебінен уақытша күнелтіп келеді.

Жер қанша адамды көтере алады?

Зерттеу авторларының есебінше, планетаның экожүйесіне зиян келтірмей, тұрақты өмір сүруге мүмкіндік беретін халық саны шамамен 2,5 миллиард адам. Бұл – табиғи ресурстарды сарқымай, өмір сапасын сақтайтын шартты көрсеткіш.

Әрине, бұл тұжырымға қатысты пікірлер әртүрлі. Кейбір ғалымдар Жердің мүмкіндігі бұдан жоғары деп есептейді. Сөйте тұра ғалымдардың мына мәселеге қатысты көзқарасы ортақ – қазіргі тұтыну моделі тұрақты емес.

Алда қандай таңдау тұр?

Зерттеу авторлары мәселенің шешімі халық санын шектеуде емес екенін атап өтеді. Негізгі міндет – ресурстарды пайдалану тәсілін түбегейлі өзгерту.

Егер адамзат энергияны, суды және жер ресурстарын тұтыну тәсілін қайта қарамаса, экологиялық және әлеуметтік дағдарыстар күшейе береді. Бұл – тек табиғатқа ғана емес, адамзаттың болашағына төнген қауіп.

Ғалымдар адамзат өркениеті жаңа кезеңнің табалдырығында тұр деп санайды. Бұл дегеніміз – алдағы онжылдықтарда қабылданатын шешімдер тек өмір сапасын емес, бүкіл планетаның тұрақтылығын айқындайды деген сөз.