Жер сілкінсе, қырылып қалады екенбіз: Шыңғыс Мұқан «Ақкенттегі» өрт туралы

2 Тамыз 2023, 15:25 2086

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары, қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан Алматыдағы «Ақкентте» болған өрт біраз мәселенің басын ашып бергенін айтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оның сөзіне қарағанда, бұл кешендегі пәтерлердің басым бөлігі мемлекеттік бағдарламамен берілген. Ал сапасы шынымен де көңіл көнішпей тұр. Шыңғыс Мұқан бұл жерде құрылыс компанияларының жұмысын тексеретін, оны қабылдап алатын мамандардың немқұрайлылығы мен МИБ төрағасының жауапсыздығы, одан қалды өрт сөндірушілердің қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілмегені аңғарылды деп отыр.

Үйдің сапасы. Егер өрт тұйықталған тоқтан болса, демек оны білігі төмен біреу істеген. Құрылыс компанияларында әрбір жұмысты қайта тексеріп отыратын сапа менеджменті жоқ. Құрылысты қабылдайтын авторлық бақылау мен техбақылау көзді жұмып қол қояды. Оны мемлекеттік органдардың қалай қабылдап алатынын білеміз.
Өрт қауіпсіздігі. Балконда төмен түсетін теппешік бар. Бірақ, қазақ десе өзіңе тиеді, оның үстіне шкаф жасап, сандық қойып, лақтыруға қимайтын қажеті жоқ заттарды жинап, оны жауап тастаймыз. Егер сол төмен түсетін темір терезе ашық болғанда, кеше балаларды лақтырмай-ақ балконнан балконға төмен түсуге болар еді. Оған МИБ-тің (ОСИ) төрағасы да мән бермейді, өрт қауіпсіздігі қызметі де тексермейді.
Өрттен қорғаушылар жылдам келмеген секілді. Келген болса, тұрғындар кілем керіп, балконнан адамдарды қағып алуға ұйымдаспас еді. Келген күннің өзінде жоғарыдағыларды түсіріп алатын не ұзын саты жоқ, не арнайы техника жоқ, - деді Мұқан.

Экс-шенеунік бір үйден шыққан өрт осындай қайғылы жағдайға алып келсе, табиғат апатының салдары туралы ойлаудың өзі қорқынышты дегенді алға тартады.

Егер бір тұрғын үйдің бірнеше қабатынан шыққан түтін (жалындаған өрт болмаған секілді, кабельдер күйіп қара түтін шыққан) осындай трагедияға алып келген болса, Құдай сақтасын, қатты жер сілкінсе, қырылып қалғандай екенбіз, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 1 тамыз күні Алматыдағы тұрғын үй кешенінде өрт болып, салдарынан бір адам қайтыс болды. Қайтыс болған әйелдің отбасына қала әкімі Ерболат Досаев көңіл айтты

Бұл қайғылы жағдайға байланысты екі қылмыстық іс қозғалды

Мадина Асылбекова
Бөлісу: