Бүгiн, 17:11
«Мәңгілік жасайтын өлең – шындықпен жазылған өлең»: ел сүйген «Бала Жамбыл» қайда жүр?Жыл сайын жаз бұрынғыдан ыстық болып бара жатқандай көрінеді. Бұл жай ғана табиғи құбылыс па, әлде климаттың өзгеруінің салдары ма? Ғалымдардың соңғы болжамдары мен Қазақстанға әсерін El.kz интернет порталы саралап көрді.
2026 жылдың жазы басталмай жатып-ақ Еуропаның бірнеше елінде тарихи температуралық рекордтар тіркелді. Испания, Франция, Италия, Португалия және Ұлыбританияда ауа температурасы 40 градустан асып, билік халыққа ескерту жариялады. Парижде аптаптың салдарынан Эйфель мұнарасының жоғарғы бөлігі уақытша жабылды.
Жердің орташа температурасы неге жоғарылады?
Климатологтар мұндай құбылысты ең алдымен жаһандық жылынумен байланыстырады. Ғалымдардың айтуынша, көмір, мұнай және газды көп мөлшерде жағудың салдарынан атмосферада көмірқышқыл газы мен басқа да парниктік газдардың көлемі күрт артқан. Бұл газдар Жерден ғарышқа тарауы тиіс жылуды ұстап қалып, планетаның орташа температурасын көтеріп келеді.
Бүгінде Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 1,3 градусқа жоғарылаған. Сарапшылардың пікірінше, осының өзі бұрын сирек кездесетін аптаптарды жиілетіп, олардың ұзақтығы мен қарқындылығын арттырып отыр.
Тағы бір себеп – атмосферада қалыптасатын «Омега-блок» деп аталатын антициклон. Бұл құбылыс кезінде жоғары қысым аймағы бірнеше күн немесе апта бойы өзгермей тұрып қалады. Соның салдарынан бұлт түзілмейді, жаңбыр жаумайды, күн сәулесі жерді үздіксіз қыздырып, температура күн сайын жоғарылай береді.
Экологтар урбанизацияның да әсерін жоққа шығармайды. Қалалардағы асфальт, бетон мен ғимараттар күндіз жиналған жылуды түнде қайта бөліп шығарады. Сондықтан ірі мегаполистерде ауа температурасы ауылдық жерлерге қарағанда бірнеше градус жоғары болуы мүмкін.
«Ең ыстық жаз»
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «2026 жыл тарихтағы ең ыстық жаз болады» деген ақпарат кең тарады. Алайда ғалымдар әзірге мұндай нақты қорытынды жасаған жоқ.
Дегенмен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (WMO) ұзақ мерзімді болжамы алдағы жылдардың өте ыстық болатынын көрсетеді. Ұйымның бағалауынша, 2026-2030 жылдар аралығында рекордтық температуралардың жаңару ықтималдығы 86 пайызды құрайды, ал бесжылдық орташа температураның индустрияға дейінгі кезеңнен 1,5 градусқа жоғары болуының ықтималдығы – 75 пайыз.
Яғни мамандар биылғы жаздың көптеген өңірде қалыпты деңгейден ыстық өтетінін жоққа шығармайды. Бірақ оның ресми түрде адамзат тарихындағы ең ыстық жаз атанатынын тек маусым аяқталғаннан кейін ғана айтуға болады.
Қазақстанда да тарихи рекордтар жаңарып жатыр
Жаһандық климаттық өзгерістер Қазақстанда да байқалып отыр.
23 маусымда Астанада ауа температурасы +36,8 градусқа жетіп, соңғы 85 жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Осылайша 1941 жылдан бері сақталған +36,4 градус рекорды жаңарды.
Бұған дейін, 31 мамырда Петропавлда +35 градус тіркеліп, 1943 жылдан бері сақталған тарихи максимум жаңартылған болатын.
Синоптиктердің болжамынша, 25-27 маусым аралығында Қазақстанға солтүстік-батыс циклоны әсер етеді. Соның салдарынан елдің солтүстік және батыс өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсіп, жел күшейеді.
Циклон өткеннен кейін бұл өңірлерде ауа температурасы 23-28 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Алайда оңтүстік пен шығыста аптап сақталып, күндізгі температура 40-42 градусқа дейін жетеді.
Орталық Азияны қандай қауіп күтіп тұр?
Дүниежүзілік банктің зерттеуі климаттың өзгеруі Орталық Азия елдері үшін ең күрделі мәселелердің біріне айналатынын көрсетеді.
Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азия мен Еуропаның кейбір өңірлерінде аптап ыстық күндердің саны 70 күнге дейін артуы мүмкін. Кей жерлерде ауа температурасы 50 градусқа жуықтайды, бұл адамдардың денсаулығына елеулі қауіп төндіріп, ыстықтан болатын өлім-жітімді көбейтуі ықтимал.
Экономика да зардап шегеді. Сарапшылардың есебінше, экстремалды ыстықтың салдарынан кейбір елдердің ішкі жалпы өнімі шамамен 2,5 пайызға төмендеуі мүмкін.
Тағы бір үлкен қауіп – су тапшылығы. Алдағы жарты ғасырда Орталық Азиядағы мұздықтардың еруі мен жауын-шашын режимінің өзгеруі өңірдегі су ресурстарына қысымды күшейтеді. Бұл ауыл шаруашылығына, энергетикаға және халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді.
Экологтар қандай шешім ұсынады?
Мамандардың пікірінше, климаттың өзгеруін бірден тоқтату мүмкін емес. Сондықтан елдер бір мезгілде екі бағытта жұмыс істеуі қажет.
Дүниежүзілік банк қалалардағы жасыл желек көлемін көбейтуді, көлеңкелі қоғамдық кеңістіктер салуды, инфрақұрылымды аптапқа төзімді ету мен су үнемдеу технологияларын енгізуді ұсынады.
Сондай-ақ, жоғары температура адамның еңбек өнімділігін төмендетеді, электр энергиясына сұранысты арттырады, орман және дала өрттерінің қаупін күшейтеді. Сондықтан жаңа технологияларды енгізу мен климатқа бейімделген инфрақұрылым қалыптастыру бүгінгі күннің басты міндетіне айналып отыр.
Бұған дейін біз аптап ыстықта үйді қалай салқындатуға болатынын жазғанбыз.
Бүгiн, 17:11
«Мәңгілік жасайтын өлең – шындықпен жазылған өлең»: ел сүйген «Бала Жамбыл» қайда жүр?23 Маусым, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлер18 Маусым, 13:40
ӘЧ-дегі алғашқы гол: Аббосбек Файзуллаев туралы не білеміз?14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?