09.05.2025
10:00
1461
Жеңіске 80 жыл: Тарих тағылымы – ұрпақ жадында

Жеңіске 80 жыл: Тарих тағылымы – ұрпақ жадында

9 мамыр – халқымыз үшін айрықша маңызы бар тарихи күн. Бұл – фашизмге қарсы адамзаттың ортақ жеңісімен аяқталған Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңіс күні. 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс бүкіл әлемді шарпып, миллиондаған адамның өмірін жалмады. Осы қасіретті кезеңде Қазақстан халқы да майдан мен тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, жеңістің жақындауына елеулі үлес қосты. Майданға аттанған жүз мыңдаған қазақстандықтың ерлігі – осы ұлы жеңістің шынайы тірегі болды. Жеңіс күні – өткенді еске алу ғана емес, ерлік пен патриотизмнің мәңгілік символы. Бұл – өшпес ерлікті ұрпақ санасына сіңіретін, елдік рухты асқақтататын қасиетті күн. Ендеше, осы орайда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан халқының ерен еңбегі мен бүгінгі Жеңіс күнінің маңызына тоқтала кетуді жөн көрдік.

Соғыс жылдарындағы Қазақстан

1941-1945 жылдардағы Совет-Герман соғысына Қазақстаннан 1,5 миллионға жуық жігіттер мен қыздар аттанды. Бұл – халықтың орасан зор бөлігі еді. Солардың 600 мыңнан астамы майдан даласында ерлікпен қаза тауып, туған жерге оралмады. Дегенмен, 500-ден астамы ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алып, елге даңқпен, аңызға айнала оралды.

Қазақстан тарихындағы деректерге cүйенсек, бүкіл соғысты бастан өткерген 12 қазақстандық дивизия жоғары марапаттарға ие болды. Олардың ішінен бес дивизия гвардиялық атанса, төртеуі екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталған. Әсіресе, Кеңес Одағының Батыры Иван Панфиловтың есімі берілген әйгілі 8-гвардиялық дивизия ел жадында ерекше орын алады.

Жалпы алғанда, соғыс жылдары 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың арасында Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский сияқты ержүрек сарбаздар екі мәрте бұл жоғары атаққа ие болды. Екі батыр қызымыз – пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова ұрыста қаза тауып, өз өмірін Отан үшін қиып, халық жүрегінде мәңгі сақталды. Батырлар қатарында Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағамбетов, Сергей Лутфиллин, Мин Сен Юр, Серікбай Мүткенов, Иван Новиков, Нүркен Әбдіров, Қарсыбай Сыпатаев, Бақытжан Қаратаев, Петр Гончаров, Мәлік Ғабдулин, Борис Ущев сынды көптеген ержүрек жауынгерлер бар. Бұған қоса, 110 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Соғыстың шешуші сәттерінің бірі – Рейхстагқа шабуыл жасап, Жеңіс туын тіккендер арасында да қазақстандықтар болды. Олардың қатарында Рақымжан Қошқарбаев, капитан Борис Чупрета, минометші А. Бақтыгереев, пулеметші П. Е. Вицько, байланысшы К. М. Волочаевтар бар.

Қазақстан аумағында шайқас болмады, бірақ республика майданның мықты тылына айналды. Елге эвакуацияланған Мәскеу, Ленинград, Киев сияқты қалалардың ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары Қазақстанға көшіріліп, соғыс жылдарында үлкен қызмет атқарды.

Жеңіс күні Қазақстанда мемлекеттік мейрам болып саналады. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде патриоттық рухты дәріптейтін мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ұлы Жеңіске деген халықтың құрметі ешқашан сөнбек емес.

Елімізде қанша ардагер бар?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 83 048 ардагер тұрады. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының 111 ардагері, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 796 ардагер, 26 553 басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері, 39 588 ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері бар.

2025 жылы аталған санаттардағы азаматтарға 4,3 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2025 жылы осы мақсаттарға 17 млрд теңге қарастырылған.

Жеңіс күні қалай атап өтіледі?

Қазақстанда 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні ерекше мәнге ие, бұл күн ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды мереке ретінде кең ауқымда аталып өтеді. Таңсәріден бастап еліміздің түкпір-түкпірінде мемориалдар мен ескерткіштерге, әсіресе Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімдері өткізіледі. Бұл – соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, дәрігерлер мен партизандардың жанқияр ерліктеріне тағзым етудің белгісі.

Мәңгілік алауға гүл қою Жеңіс күнінің ажырамас дәстүріне айналған. Бүкіл ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланып, мектептер мен жоғары оқу орындарында ардагерлер туралы танымдық жобалар ұсынылады. Осылайша, жастар майдан мен тылдағы ерліктер жайлы мол мағлұмат алып, тарихи жадыны сақтауға атсалысады.

Ардагерлерге құрмет көрсетіп, еріктілер оларға арнайы барып құттықтайды, мерекелік дастарқандар жайылып, патриоттық концерттер ұйымдастырылады. Әскери әндер шырқалып, алғыс сөздер айтылып, рухты көтеретін мерекелік атмосфера қалыптасады.

Кешкісін еліміздің көптеген қалаларында отшашу ұйымдастырылып, ол бейбіт өмір мен еркіндіктің символына айналады.

Жеңіс күні – Халықаралық маңызға ие мереке

Жеңіс күні тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де тойланады. Ресей мен Беларусь елдерінде – үлкен парадтар ұйымдастырылатын мемлекеттік мереке. Франция мен Германияда бұл күн 8 мамырда атап өтіледі, ал АҚШ-та Еске алу күні бар. Израильде де орыс тілді қауым 9 мамырды құрметпен қарсы алады.

Осылайша, бұл мереке халықаралық сипатқа ие. Әр елде әртүрлі форматта аталып өткенімен, оның мәні ортақ – соғыс құрбандарына құрмет көрсету, бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеу.

Мерекеде не сыйлауға болады?

Жеңіс күні – ата-бабаларымыздың ерлігі мен ел үшін төккен терін еске алып, құрмет көрсететін қасиетті мереке. Бұл күні сыйлықты шын жүректен, ықыласпен беру – ең үлкен құрметтің белгісі. Ардагер қарияларға немесе соғыс жылдарын көрген аға буынға жылы сөз айтып, батасын алудың өзі бір сыйға тең. Оларға гүл ұсынып, алғыс хат немесе қолмен жазылған тілектер хатын берсеңіз, көңілі бір марқайып қалады. Қазақы нақыштағы жылы шапан, оюлы жамылғы не болмаса жемістен жиналған себет те тарту етуге болады. Отбасының суреттерін жинап, бір әдемі фотоальбом жасап берсеңіз, естелігі мол керемет сый болары анық. Туыстар мен жақын жандарға ұлттық оюмен көмкерілген кәдесый, көркем безендірілген киім-кешек беруге болады. Балаңыздың қолымен жасалған ашық хат, салынған сурет те үлкендердің көңілін көтереді.