Жеңіс пен жеңіліс. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында

26 Сәуір 2018, 21:32 4196

А тобындағы шиеленіс

Ұлыбританияны тас-талқан еттік

Алаң иелерін ұтқан хоккейшілеріміз Ұлыбританиямен болатын ойынға да тыңғылықты дайындық жүргізген секілді. Оны ойын соңындағы табло анық көрсетті. Бірақ, матч бастала сала, британдықтар қысым көрсетіп, өліспей-беріспейтіндерін аңғартты. Алғашқы шайбаны да салған солар. Ойынның 2:33 минутында Брукстан пас алған Феррара өз мүмкіндігін қалт жібермеді. Қазақстандықтар қаншама тырысқанымен, шабуылды түйіндей алмай, кей жерлерде шеберліктері жетпей жатты. Бірақ, бірінші таймда Дмитрий Гренцтің көмегімен таразы басын теңестіре алдық. Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері екінші кезеңді өте сауатты бастады. Қорғаныста да қателікке бой алдырмай, екінші шайбаны соғудың жолын қарастырып жүрді. Осындай бір сәтте, Лакизаның алыстан ұрған шайбасы Антон Сагадеевке тиіп, бағытын өзгертіп, қақпадан табылды. Бірақ, бұл голдың ереже бойынша соғылғанын қарау төрешілер үшін қиынға соққандай. Ойын 13 минутқа тоқтап қалды. Ақыры бағымыз жанып, шайба есепке алынып, Қазақстан бұл матчта алғаш рет алға шықты. Арада екі минут өтер-өтпес Роман Старченко сенімді ойнап, есепті еселеп кетті. Кездесудің екінші бөлігі біздің жігіттердің еншісінде қалды. Ал үшінші кезеңде Рымеревтен шайба алған Старченко осы ойындағы екінші нәтижелі соққысымен көзге түсіп, гол айырмашылығын үшке дейін жеткізді. Ал 45-минутта Никита Михайлис есепті еселеп 5-шайбаны соғып, Қазақстан басымдылығын одан сайын арттырды. Британдықтар қанша тырысқанымен, ойындары жүрмей Карлссон қорғаған қақпаны дәл нысанаға ала алмады. Есепті қысқартуға артық дәрмендері жетпеген британдықтар есесіне тағы бір гол жіберіп, сан соқты. Ойын нүктесін қойған жас хоккейшіміз – Әлихан Әсетов. Екі қорғаушының арасынан керемет соққы жасаған ол, таблодағы көрсеткішті 6:1-ге жеткізді. Ойынға жаңадан қосылған қақпашы да өз иелігін шайбадан құтқара алмай, абдырап қалды. Қалған ойын уақытында біздің 3-4 топтағы ойыншыларымыз өз шеберліктерін көрсетіп бақты. Осылайша, ойын жігіттеріміздің айқын басымдылығымен аяқталды. Бұл ойында да Хенрих Карлссон өзін жақсы қырынан танытып, көптеген шабуылдардың бетін қайтарып, бүгінгі жеңіске ерекше үлес қосты. Сол сияқты Гренц, Михайлис, Әсетов секілді жас хоккейшілеріміздің өз есебіне шайба жазып, ойынның тағдырын шешуге ерекше үлес қосқандарын айта кету керек.

Қазақстан – Ұлыбритания 6:1 (1:1, 2:0, 3:0)

Шайбаларды соққан:

0:1 — 02:33 Феррара (Брукс). Тең ойында
1:1 — 14:28 Гренц (Евдокимов, Михайлис). +1
2:1 — 32:22 Сагадеев (Лакиза). Тең ойында
3:1 — 34:20 Старченко (Кучин). Тең ойында
4:1 — 41:58 Старченко (Рымарев). Тең ойында
5:1 — 45:55 Михайлис (Лакиза). Тең ойында
6:1 — 46:44 Әсетов. Тең ойында


Ойын соңында Ұлыбритания құрамасының бас бапкері Питер Рассел өз ойымен бөлісті:

– Қарсыласымыз өте жақсы ойыншылармен жасақталған. Алғашқы жарты сағаттықта біз үшін мұзда еркін сырғанау қиындық туғызды. Бірақ, бүгінгі ойында 6:1 есебі тіркелмеу керек еді. Әрине, таблодағы көрсеткіштің дәл сондай екенін өте жақсы білемін. Бізге Қазақстанмен өткізетін кез келген кездесуіміз ауыр соғады. Олар жақсы машықталған және қимылдары ширақ. Қарсыластарымыздың ойын шеберлігі басымырақ болды, оны мойындау керек. Польшамен болатын ойынға тыңғылықты дайындалатын боламыз.

Ал қазақстандық бас жаттықтырушы Ғалым Мәмбеталиев былай деді:

– Ойынды өте сәтсіз бастадық. Босаңсып, алғашқы шайбаны жіберіп алдық. Уақытында есімізді жинамағанда екінші шайбаны да өткізіп алуымыз ғажап емес еді. Дәл уақытында есепті теңестіре алдық. Екінші голдың да маңызы жоғары. Сол сияқты 3-гол хоккейшілерімнің сенімді ойнауына септігін тигізді. Ал содан кейін ойынның қалай өрбігенін жақсы білесіздер. Кездесуді басқа бағытқа бұрған бірінші төрттік. Әрбір ойынға қызу дайындаламыз. Келесі қарсыласымыз – Италия, өз кезегінде өте жылдам, күштік хоккей ойнайтын құрама. Өз пайдамызға шешу үшін барымызды саламыз.  

Италиядан оңбай сүрінген күн

Венгрия мен Ұлыбританиядан басым түскен соң, хоккейшілерімізден тағы бір нәтижелі ойын күттік. Бірақ, Италияға қарсы ойында қанша тырысқанымен, жігіттердің ойыны жүрмей-ақ қойды. Апеннин түбегінен келген спортшылар ойынды керемет бастады. Мұндай қарсылықты күтпегендей, біздің хоккейшілеріміз көп қателікке бой алдырып жатты. 5-минутта Хоккофлер осы кездесудегі беташар шайбаны лақтырды. Ал келесі бес минуттықта Италияның екінші шайбасы Карлссон қорғаған қақпадан табылды. Оның авторы – Костнер. Екінші таймда бас бапкер Ғалым Мәмбеталиев өз шәкірттеріне ақыл-кеңес беріп, алға ұмтылуына сеп болар деп ойлағанбыз. Бірақ, тағы да екінші кезеңде алғашқы ойын бөлігінің картинасы қайталанды. Есепті қысқартудың орнына ереже бұзуға құмар болған жерлестеріміз үшінші шайбаны жіберіп алды.

Осы ойыннан кейін Қазақстан жігіттерінің ойынын сынға алғандар көп болды. «Алдыңғы қос ойындағы физиканың мықтылығы қайда қалды» деп, жерден алып жерге салды. Расында, хоккейшілер бірінші рет мұзға шыққандай, конькилері жүрмей, шайба үшін ынта-ықыластарымен таласпағандай. Тас қамалдылығымен көзге түскен Карлссон да бұл ойында бар шеберлігін көрсете алмай, өз торынан 3 шайбаны алып шықты. Мәмбеталиевтың шәкірттері келесі Словенияға қарсы ойында барын салып, турнир кестесіндегі жағдайын түзетеді деп есептейміз. Себебі, тағы ұтылсақ, жағдайымыз тым мүшкіл болмақ.

Италия – Қазақстан 3:0 (2:0, 1:0, 0:0)

Шайба соққандар:

1:0 — 05:18 Хоккофлер (Макмонэгл). Тең ойында
2:0 — 09:37 Костнер (Инсан, Гандер. Тең ойында
3:0 — 25:26 Макмонэгл (Делука). Тең ойында


Бұл ойыннан соң, Италия бас бапкері Клейтон Беддос былайша ой қорытты:

– Бүгінгі матчта бізді жеңіске жеткізген командалық рух мен ойынды бақылай алғандығымыз. Жігіттерім шайбамен де, шайбасыз да жақсы ойнай білді. Қазақстан керемет жасақталған құрама екені көрініп тұр. Жетістігіміздің құпиясы ойыншыларыммен бірлесіп жұмыс істей алғандығым деп білем.

Ғалым Мәмбеталиев жеңілістің себебін былай түсіндіруге тырысты:

 – Жылдам гол жіберіп алдық. Жігіттер бір күн бұрын болған ойыннан шаршап қалғандай. Қарсыластарымыз өз кезегінде артық бір күн демалыс алған еді. Бүгінгі ойынды сол жағдай шешті деп ойлаймын. Біз гол сала алмадық, олардың қорғанысын бұзып өтуге мүмкіндік болмады. Шаршау бар кезде әрқашан ойын мәнерінен сән кетеді. Мәселен, өзіміз қалағандай жүгіре де, ашыла да алмай, дұрыс пас жеткізе алмай қиналып жаттық. Жеңіліс осыдан шығады. Бұған қарамай, барлық шәкірттеріме алғысымды айтамын. Олардың ыждаһаттылығына тәнтімін. Қанша тырысқанымен, физикалық шаршау өз дегенін істеді. Келесі ойында барымызды саламыз. Бұл турнирде әлсіз қарсылас жоғын жақсы білесіздер.

Келесі ойын 27-сәуір күні, сағат 20:00-де Словенияға қарсы өтеді.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: