Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған нысандар жайлы айтты

12 Наурыз 2023, 16:50 1034

Бұл туралы Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлімдеді

Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған нысандар туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Ұзаққа созылған нысандардың құрылыс кезеңін бақылауда ұстаймыз. «Комсомольский», «Алтын шар», «Араби 2-Гранитный 2», «Триумф сити», «За рекой», «Диана», «Future home Astana», «Зере 2» тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездестім. Нысандар бойынша үлкен жүйелі жұмыс — инженерлік желілер мен құжаттарды рәсімдеу бойынша да, құрылыс қарқынын жеделдету бойынша да жүргізіледі. Осыған дейін айтқанымдай, әр үйдің өткен тарихы әртүрлі: бірінің тек шұңқыры ғана қазылған болса, енді бірінің жақтауы ғана көтерілген. Құрылысшыларға үйлердің сапасына ерекше көңіл бөлу және тұрғын үй кешенін аяқтау міндеті жүктелді», -  деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Ерекше маңызды сәттердің бірі — құрылысы ұзаққа созылатын әрі үлестік құрылыстың проблемалы нысандарының пайда болуына жол бермеу қажет екенін айтты. Құрылыс компаниялары заңнамада көзделген қатаң талаптарға сай белгілі бір жағдайларда ғана үлескерлердің қаражатын қабылдай алады. Нақтырақ айтсақ, бұл тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын қабылдау.

«Сол сияқты қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу үшін әкімдік пен БАҚ-та үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланып тұрады», -  деп жазды елорда әкімі.

EL.KZ
Бөлісу: