Жеңіліс, бірақ жалғасы бар...

4 Тамыз 2018, 09:04 3072

"Қайрат" келесі кезеңге өтті

«АЗ Алкмаар» (Алкмаар, Голландия) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 2:1 (1:1)

Гол салғандар: 0:1 Исламхан, 28 (пенальтиден), 1:1 Тиль, 40, 2:1 Коопмайнерс, 90+3 (пенальтиден).

«АЗ Алкмаар»: Бизо, Свенссон, Хацидиакос, Влаар (Боаду, 57), Оувейян, Мидтшо, Тиль, Коопмайнерс, Ротариу, Фрайдей, Идрисси (бель Хассани, 53).

«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Бато, Политевич, Сүйімбаев, Қуат, Хуан Фелипе, Исаэль, Исламхан (Элек, 61), Аршавин (Лунин, 70), Эсеола (Эппель, 75).

Карлос Феррер Алматыда жеңіс әкелген негізгі құрамның ойыншыларын алмастырмауды дұрыс деп тауыпты.  Тек Исаэль мен Аршавин қапталдармен ауысса (Хуан Фелипе мен Қуат та алма-кезек орындарымен алмасып жүрді), Исламхан сәл төменірек ойнады. Өткір шабуылда бірінші ойынның қаһарманы – Эсеола. Испан маманының ойынша қос қаптал белсенді ойнап, Бауыржан бос аймаққа пас жеткізуі қажет. Ондай мүмкіндікті Баторик бос жібермейтіні анық. Осы ойын өрнегі алматылықтардың Еуропа лигасында негізгі қаруы болуы ғажап емес. Ал алкмаарлықтарда алғашқы матчпен салыстырғанда қос өзгеріс орын алған. Джон ван ден Бром шабуыл шебін Дорин Ротариумен күшейтсе, орталық хавбек Тен Коопмайнерс Матс Сеньтенстің орнын басқан. Бұл өзгерісті «стандартқа» иек артқан бапкердің шешімі деп қабылдауға болатын секілді. Ал Ротариу оң қапталға жайғасса, Уссама Идрисси Аршавин мен Вороговскийге жұмыс тауып беруге талпынды. Техникасы жоғары бель Хассани мен жас Боаду қосалқы құрамда қалды.

Бұл кездесуде Уссаманың талпынысы басқа алкмаарлықтардан ерекшеленіп тұрды. Алаң иелері алғашқы 15-минуттықта халық командасының әлсіз тұстарын бақылаумен болды. Идрисси керемет өтіп келіп, алыстан соққы бағыттады. Плотников тура алдына қарай қайтарған, оған бірінші жеткен Фрайдей гол соғып кетті. Бірақ, қапталдағы төрешінің жалаушасы көтеріліп, голды есепке алмай тастады. Ротариудің оң жақтан келген добын қорғаушылар жауып үлгерді, корнерден де алкмаарлықтар нәтиже шығара алмады.

Ал 20-минуттықтан соң, «Қайрат» ойыншыларының шабуылына қан жүре бастады. Сүйімбаевтың қиғаш пасы Вороговскийді тапты, Ян Аршавинге қалдырса, ресейлік ардагер теңбіл доп шебері сол аяғымен соққы жасады. Алайда, бұл Бизо үшін ауыр жұмыс бола қоймады. 5 минут өткен соң, алаң иелері өз-өздеріне пенальти алып келді. Хацидиакос баспен киперге пас бермек болған, ойда-жоқта Эсеола жетіп келіп, Бизодан допты асыра салмақ еді. Қақпашы екеуі соқтығысып қалып, Дерин жерге құлады. Осы сәт төреші ысқырық шалып, нүктені көрсетті. 11-метрлік айыпдобына келген Исламхан мүлт кетпеді. Есеп 0:1. Бұл овертаймның болмайтынын анық көрсетті, ал АЗ-ға төрт гол салу міндеті жүктелді. «Қайрат» мұншама голды алыс 2015 жылы «Астанадан» өткізген. Есепте алға шыққан қайраттықтар қорғаныста «қымтанып» алмай, алға қарай ұмтылысын жалғастыра берді. Исламхан–Исаэль–Аршавин үштігі бір шабуылдың шетін шығарғанмен, қақпашы допты корнерге  жіберді.

Исламханның көтерген бұрыштамасы сәтті шыққан, десе де кипер қателесе қоймады. Ал көмекке келген Аршавиннің орта дистанциядан жасаған соққысы маңдайшадан биік кетті. Одан кейін Бауыржан Эсеоланы Бизомен бірге-бір шығаруға тырысқан. Алайда, қақпашы допқа бірінші жетті. Оған жауап ретінде алаң иелері Свенссонның көмегімен алға ұмтылды. Оны Исаэль шалып жығып, командасына қауіпті айып соққысын алып келді. Голландықтардың ойынға қосқан добы бұрыштамаға кетті. Корнерден қақпа алдына жеткен допқа секірем деген Исаэль Плотниковке зиян келтірген секілді, ал Вороговский Хацидиакостың соққысын жіберіп алды. Тиль сол сәтте-ақ, бір метрлік жерден допты қақпаға кіргізе салды. Есеп 1:1. Бұл гол алаң иелерін шабыттандырып жібергендей. Тағы да сол Тиль баспен соққы жасаған. Плотниковтің  тамаша сэйві. Ротариудің дриблингінен соң, жақын бұрышты көздеген спорттық снаряды Плотниковтың қолынан табылды. Ал Коопмейнерстің орта дистанциядан жасаған соққысы қиыс ұшты. Ойынның екінші бөлігі де осы сценарий бойынша басталды. Идрисси Тильді тапқан, соңғысы маңдайшадан биіктеу тепті. Одан кейін АЗ тағы да өз айып алаңында ережеге сай емес ойнады. Бизо Влаардың пасынан соң, допты қолына алып қойды. Сол жерден еркін соққы белгіленді. Исаэль Исламханның добын қақпаға бағыттағанмен, алкмаарлықтардың біріне тиген доп қақпашының қолынан табылды. Бұл қауіптен соң, АЗ стандартпен жауап берді. Өз қапталында Аршавин Идриссиге қарсы тәртіп бұзды. Допты бірден ойынға қосқан голландықтардың шабуылы өз нәтижесін берген жоқ. Джон ван дер Бром жеңістің ауылы алыстап бара жатқанына алаңдап, алаңға тыңнан ойыншылар жібере бастады. Бель Хассани Ротариуді, Боаду Влаарды алмастырды.

Осыдан кейін олардың шабуылы жандана бастаған секілді. Алғашқы минуттан белсенді футболшы Идрисси орта дистанциядан Плотниковтың қақпасын көздеген, өз ойыншыларымызға тиген доп кипердің қолынан табылды. Ал екіншісі Политевичтің арқасынан кері қайтты. Уссама тағы да ойынды өз мойнына алып, соққы бағыттады. Тағы сәтсіз. Коопмайнерс бірнеше рет айып соққысынан көзге түсуге тырысты. Оның да ойлағаны жүзеге аса қойған жоқ. Ал «қайраттықтар» қорғаныста мұқият ойнап, өз сәттерін қарымта шабуылда күтуге мәжбүр болды. Әрине, ондай мүмкіндіктерге де жол ашылып жатты.  Алғашында Аршавин 4/1 боп өз қапталынан жүгіріп шықты. Бірақ, Андрей пас та жеткізген жоқ, соққы да жасаған жоқ. Өкінішті. Содан кейін Эсеола лонгболлға шығып, бос аймаққа бет алған. Бірақ, Бизоның ашық тұрған қапталын көздеуге шабуылшының шеберлігі жетпеді. Оған жауап ретінде 17 жасар Боаду бель Хассанидің көтерген добын қақпаға қиыс бағыттады. Боадудың жіберген қателігі Фрайдейге сабақ болмаған секілді. Ол да бель Хассанидің пасын керегіне жарата алған жоқ. Содан кейін алматылық қақпашы аздап жарақат алып қалып, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Ол Свенссонның оң жақтан келген пасына жауап қатқан Боадудың соққысын сол қолымен қақпадан алып шыққан болатын. Ал төреші қосқан қосымша уақытта Бато сол Боадуға ереже бұзып, бұл ойындағы екінші пенальти орын алды. Нүктеге келген Коопмайнерс маңдайшаның дәл астын көздеген. Қақпашы шарасыз қалды. 2:1, бұл алаң иелері үшін көңіл жұбатарлық есеп секілді. 

Джон ван дер Бром футболшылары ойындағы қарқынын еш жоғалтқан жоқ. Олардың екі соққысын Плотников қайтара алмағанда, ойын басқаша өрбір еді. Алайда, бұл қос команданың еуро ойындарына дайындығын көрсетті. «Қайратқа» қонақта гол керек еді. Бұл мақсатқа да жетті. Сәттілік алматылық командада болған сыңайлы. Ендігі, қарсылас чехтің «Сигмасы». Чехияда ішкі чемпионаттың басталғанына көп болмаған. «Сигма» екі кездесуде бір рет жеңіліп, бір мәрте жеңіске жеткен. АЗ-ды айналып өткен «Қайраттан» тағы бір қайрат күтеміз!

фото: sports.kz

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: