10.12.2025
09:21
455
Жеңіліс, 20 секундтық нокаут: Қазақстан ширек финал жолдамасына қалай таласты

Жеңіліс, 20 секундтық нокаут: Қазақстан ширек финал жолдамасына қалай таласты

Дубайда (БАӘ) Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырып жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатында 1/8 финал кезеңі аяқталып, ширек финалға жолдама алған барлық боксшылар анықталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

9 желтоқсан күні Қазақстан сапынан алты боксшы шаршы алаңға шықты: Даниял Сәбит (51 кг), Сәкен Бибосынов (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг) және Дәулет Төлемісов (86 кг).

54 келіде өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов танзаниялық Факи Исса Факиді айқын басымдықпен жеңді. Бұған дейін ол бірінші айналымда Ботсвана боксшысы Катлего Кеорапецені сенімді түрде жеңген еді. Айқастан кейін Сәкен:

Аллаға шүкір, екінші жеңісіме қол жеткіздім. Қарсыласым шыдамды екен, біраз соққы дарытсам да, соңына дейін бокстасты. Бұл мен үшін де жақсы болды, келесі жекпе-жектің алдында үш раунд бойы бокстасып алдым, – деді.

63,5 келі салмақта Ертуған Зейнуллинов IBA-PRO лигасынан келген тәжірибелі қарсылас – кәсіпқой бокста 21 жеңісі бар Хосе Мануэль Агуйре Крузды жарыстан шығарды. Төрешілер шешімі – 5:0.

Ал 86 келіде сынға түскен Дәулет Төлемісов өзбекстандық әлем чемпионы Акмалжон Исроиловпен кездесіп, 0:5 есебімен жол берді. Жекпе-жектің алғашқы екі раундында рефери қазақстандық боксшыға нокдаун тіркеді. Осылайша, Төлемісовтің әлем чемпионатындағы жолы 1/8 финалда аяқталды.

51 келіде Даниял Сәбит Кабо-Верде өкілі Леник Фернандесті 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, ширек финалға өтті.

57 келіде Оразбек Асылқұлов та ел намысын абыроймен қорғап, Эсватини боксшысы Мукело Дламиниді 22 секундта нокаутқа түсіріп, келесі кезең жолдамасын қанжығасына байлады.

Ал 71 келіде Абылайхан Жүсіпов Беларусь боксшысы Александр Радионовты айқын басымдықпен жеңді. Бұған дейін ол армян Арарат Арутюнянды тізе бүктірген болатын.

Ширек финалға ең көп боксшы қай құрамадан шықты?

1/8 финал қорытындысы бойынша ширек финалда ең көп боксшысы бар құрам – Ресей (13 боксшы). Екінші орында – Өзбекстан (11 боксшы). Қазақстан құрамасы он боксшымен үшінші орыннан көрініп отыр.

Енді жартылай финал жолдамасы үшін мына былғары қолғап шеберлері айқасады:

Теміртас Жүсіпов (48 кг)

Даниял Сәбит (51 кг)

Сәкен Бибосынов (54 кг)

Оразбек Асылқұлов (57 кг)

Серік Теміржанов (60 кг)

Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг)

Санатәлі Төлтаев (67 кг)

Абылайхан Жүсіпов (71 кг)

Сабыржан Аққалықов (75 кг)

Нұрлан Сапарбай (92+ кг)

Үш боксшымыз жарысты аяқтады

Қазақстан құрамасы Дубайға 13 боксшымен барған. Алайда Ерасыл Жақпеков (81 кг), Дәулет Төлемісов (86 кг) және Нурмагамед Юсупов (92 кг) ширек финалға жолдама ала алмай, біріншілікті 1/8 финалда аяқтады.

Айта кетейік, бұған дейін Абылайхан Жүсіповтің жеңіске жеткенін хабарлаған едік.