31.07.2025
07:36
619
Жеңілдетілген несие кімдерге беріледі

Жеңілдетілген несие кімдерге беріледі

Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкімет қолдауымен және Аграрлық несие корпорациясымен бірлесіп мал бордақылау алаңдарына жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. 2025 жылға қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 50 млрд. теңгені құрайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген шарттармен несие беру арқылы ірі қара және ұсақ мал бордақылау алаңдарын қолдау.

Ведомство мәліметінше, қаржыландыру шарттары:

Қарыз мерзімі – 12 айға дейін;

Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%.

Бағдарламаға негізгі бағыты ретінде ірі қара/ұсақ мал бордақылау болып табылатын, тиісті өндірістік инфрақұрылымы бар кәсіпорындар қатыса алады. Жобаларға қойылатын талаптардың бірі – бордақыланған малдың кемінде 50%-ын отандық ет өңдеу кәсіпорындарына өткізу.

Еске салсақ, биыл 28 шілдеде Ақмола облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңесте Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері бордақылау алаңдарына жеңілдетілген несие беру бойынша жаңа бағдарламаны таныстырды.