Женевада ядролық қауіпсіз өмір сүру құқығы мәселелері талқыланды

31 Тамыз 2023, 01:32 923

Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі жаһандық бейбітшілік құруды ілгерілету жөніндегі іс-шаралар сериясы аясында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнге, сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75-жылдығына арналған арнайы іс-шара өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая сөз сөйлеп, Маршалл аралдарының Тұрақты өкілі, сондай-ақ Панама, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы және Ядролық қаруды таратпау және жою үшін парламентшілер (PNND) ұйымының өкілдері баяндамалар жасады.

БҰҰ Женевалық кеңсесінің басшысы Т. Валовая Қазақстан ядролық сынақтардан ең көп зардап шеккен елдердің бірі екенін және ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға жәрдемдесу, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жөніндегі күш-жігері үшін БҰҰ атынан елімізге ризашылығын білдірді.

Тұрақты өкіл Е. Әлімбаев Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын және өмір сүру құқығы туралы көпшілік мойындаған нормаларды іске асыру аясында Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамалары қазіргі жағдайда ерекше өзектілікке ие болғанын және диалог, келіссөздер мен сенімді нығайту шараларын талап ететінін атап өтті.

Бұрынғы Семей полигонының проблематикасы контекстінде  қазақстандық дипломат тұрғындар реабилитациясы мен экологияны қалпына келтіру, сондай-ақ Семей өңірінің экономикалық дамуы мақсатында халықаралық ынтымақтастық пен үйлестіру туралы дәстүрлі үш жылдық қарарды қолдауға шақырды. Бұл құжат Семей ядролық полигонында жүргізілген сынақтардың жағымсыз салдарларын жою үшін халықаралық қолдауды жұмылдыруға ықпал ететін болады.

Іс-шараға қатысушылардың көпшілігі әлем үшін ең маңызды екі тақырып – ядролық қарусыздану және адам құқықтары – Женева алаңында алғаш рет осы форматта талқыланғанын атап өтті. Мұндай пікірталастарды жалғастыру қажеттілігі туралы пікір айтылды.

Берік Арманов
Бөлісу: