Жемқорлыққа қарсы офицерлер 2,2 мыңнан астам жемқорлық тәуекелдерін анықтады

11 Маусым, 17:22 496

2020 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда алғаш рет жемқорлыққа қарсы комплаенс институты көзделген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның негізгі міндеті – жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда комплаенс-қызметтер осы сектордың 6 мыңнан астам ұйымдарында жұмыс істейді.

2022 жылдан бастап олардың атқарушы органнан тәуелсіздігі қамтамасыз етілді, олар тек жоғары басқару органына есеп береді.

2023 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің қызметін үйлестіру және бірыңғай үлгілік ережені әзірлеу құзыреті берілді. Үйлестіру әдіснамалық қолдауды, оқытуды және ақпарат алмасуды қамтамасыз етуден тұрады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2023 жылы комплаенс-офицерлердің біліктілігін арттыру мақсатында 10-нан астам конференциялар мен семинарлар өткізді.

Еліміздің барлық өңірлерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектептері» ұйымдастырылған, онда жетекші отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен оқыту жүргізіледі. Нәтижесінде, өткен жылы ғана комплаенс-офицерлер 2,2 мыңнан астам жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Олардың ішінде 70 мүдделер қақтығысы және бұрын жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаудың 5 фактісі бар.

Барлық осы фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды, квазимемлекеттік сектордың 5 басшысы әкімшілік жауапкершілікке және 57 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осы институтты жетілдіру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет комплаенс-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл тәуекелдерді азайтуды, есеп беру және бақылау процестерін жақсартуды, ашықтық пен тиімділікті арттыруды қамтамасыз етеді.

Жалпы, Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы комплаенс институты даму процесінде тұр, қабылданып жатқан шаралар корпоративтік парасаттылықты арттыруға және жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: