Жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?

23 Тамыз 2022, 10:09 990

2022 жылға облыс әкімдіктері жем сатып алу құнын төмендетуді субсидиялауға 11,5 млрд теңге бөлді

Үкімет отырысында жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды El.kz

«Өткен жылдан бері азық-түлікпен қамтамасыз ету және жедел әрекет ету мәселелерін шешуді үйлестіру үшін Республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін Үкімет бірқатар жедел және жүйелі шара қабылдады. Атап айтқанда, 2022 жылғы 31 қаңтарда ҚР Үкіметінің Маңғыстау облысына резервінен ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын ұстауға жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 663,9 млн теңге бөлінді», - деді министр.

Министрдің айтуынша, биыл облыс әкімдіктері жем сатып алу құнын төмендетуді субсидиялауға 11,5 млрд теңге бөлді. 2022 жылғы сәуірде Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын 200 мың тоннаға азықтық астық сатып алуға ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлу мақұлданды. Осыған орай мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы мал азығы дақылдарының егіс көлемі 448,1 мың га немесе 3,7 млн га ұлғайтылды. 

«Жалпы, 2022 жылы облыстардың басым бөлігінде қолайлы ауа-райы сақталады, бұл мал азығын дайындау науқанының сәтті өтуіне ықпал етеді», — деді Е. Қарашөкеев.

Бөлісу: