07.04.2026
11:50
126
Жаңалықтар

Желіде жазғаның үшін жауап бересің: Бас прокуратура маңызды мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желідегі бір ауыз сөз енді жай пікір емес – ол ертең айғаққа айналуы мүмкін. Бас прокуратура қазақстандықтарға осындай ескерту жасап, цифрлық кеңістікте жауапкершіліктің күшейгенін ашық айтты. Қарапайым жазба, пікір немесе сторис – енді бәрі заң тұрғысынан бағалануы ықтимал. Сондықтан бұдан былай «әншейін жаза салдым» деп құтылып кетемін десеңіз, қателесесіз.

Оқи отырыңыз: 

Тексерілмеген ақпарат – қоғам үшін қауіп

Ведомствоның айтуынша, қазіргі басты қауіптердің бірі – тексерілмеген ақпараттың таралуы. Яғни адамдар деректің рас-өтірігін анықтамай, оны жаппай бөлісе береді. Көп жағдайда бұл назар аударту үшін жасалады. Бірақ мұндай әрекеттердің салдары жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға әсер етуі мүмкін.

Назар аударту мен танымалдық қуған кейбір адамдар өз әрекеттерінің салдарын елемейді. Ал шын мәнінде, жалған ақпарат тарату – бүкіл қоғам үшін қауіп. Бұл жай ғана қалжың немесе интернеттегі пікір емес. Мұндай әрекеттер қоғамда дүрбелең туғызуы, азаматтардың іскерлік және жеке беделіне нұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың жұмысына кері әсер етуі мүмкін, – деп ескертті ведомство.

Бір пікір – сотқа дейін апаруы мүмкін

Бұл тек ескерту емес, нақты өмірде кездесіп жатқан жағдайлар бар. Соңғы жылдары әлеуметтік желідегі бір пікірдің өзі үлкен дауға айналып, сотқа дейін жеткен мысалдар көбейді. Мәселен, әнші Мөлдір Әуелбекова өзіне қатысты жазылған қорлайтын пікірден кейін оқырманын сотқа бергенін жариялаған болатын. Оның айтуынша, шектен шыққан сөздерге енді көз жұма қарау мүмкін болмаған.

Сізді ресми түрде сотқа бергенім жайлы хабарлаймын! Әр сөзіңіз үшін жауап бересіз! Парақшаңызды өшіріп, атын ауыстырып немесе маған шығып кешірім сұраудың қажеті жоқ. Бұл жолы соңына дейін апарамын. Шеттен шықтыңыздар! Шыдамның да шегі бар! – деп жазған еді Мөлдір Әуелбекова.

Кейін әнші оқырманын кешіргенімен, бұл жағдай әлеуметтік желідегі жауапкершіліктің нақты мысалына айналды.

Бұл жолы басқаша болсын деп шештім. Себебі пікір білдіруші Рита ханым менің жеке басымнан бөлек, көпшілікке топырақ шашып отыр. Есесіне мен сотқа беріп, адвокатқа жүгінгенімді білесіздер. Процесс басталып кеткен. Енді жауабы ол әйел үшін тым ауыр болатынын естіп, көп ойландым. Күнәсін білеміз, ал тәубесін білуші Алла ғана ғой. Кешірім сұрады...Мүмкін, шынымен, тәубесіне келген шығар?! – деді әнші.

Интернетте толық анонимдік жоқ

Осындай жағдайлар блогерлер мен танымал тұлғалар арасында да жиі кездесіп жатыр. Әлеуметтік желіде жазылған бір пікір үлкен дауға айналып, сотқа дейін жеткен жағдайлар бар. Бұл да цифрлық кеңістіктегі жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Тағы бір маңызды мәселе – интернеттегі жасырындықтың шартты ғана екені, яғни анонимді желі қолданушылары. Көпшілік өзін ешкім таба алмайды деп ойлайды. Алайда қазіргі технологиялар кез келген жазбаның авторын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни әр қолданушы желіде міндетті түрде өз ізін қалдырады.

Сондықтан кез келген пікір немесе жазба жариялар алдында оның салдарын түсіну қажет. Жала жабу, қорлау немесе әдейі жалған ақпарат тарату заң бойынша қудаланады, – делінген хабарламада.

Сөз бостандығы – жауапкершілікпен қатар жүреді

Сонымен қатар Бас прокуратура сөз бостандығына да тоқталды. Әр адам өз ойын айтуға құқылы. Бірақ бұл шексіз еркіндік дегенді білдірмейді. Кез келген ақпарат тексерілген деректерге негізделуі тиіс.

Бұл – ақпараттық этиканың негізгі қағидасы. Заң – әр азаматты қорғайтын тетік. Құқықтық нормаларды сақтау тұрмыста да, бизнесте де, медиа кеңістікте де қауіпсіз орта қалыптастырады, – деп толықтырды ведомство.