21.01.2026
09:02
816
Жекеменшік мектептер және мемлекеттік тапсырыс: шектеу ме, жүйелеу ме?

Жекеменшік мектептер және мемлекеттік тапсырыс: шектеу ме, жүйелеу ме?

Соңғы кезде жекеменшік мектептерде алаяқтық деректері жиілеген. Үкімет бұл мәселені ашық айтып, қаржыландыру тәртібін қайта қарауға кірісті. Бұл бастама мемлекет басшысы көтерген реформалар аясында іске асырылуда. Бұл өзгерістер білім саласына қалай әсер етпек? Енді жекеменшік мектептерге мемлекеттен қаржы беру тоқтатылмақ па? El.kz мәселенің мән-жайын саралап көрді.  

«Жеке бизнесті мемлекеттің мойнына артуға болмайды»

Өткен жылдан бері Мәжіліс пен Сенат депутаттары жекеменшік білім беру ұйымдарының елеулі қаржы тапшылығына ұшырағанын үкіметтің назарына бірнеше мәрте ұсынып келді. Әсіресе бюджет есебінен қабылданып, тегін оқытылған оқушылар үшін мемлекет тарапынан төлемнің тоқтатылуы басты мәселе ретінде көтерілді.

Осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында мәселенің түпкі себептерін ашық айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, бірқатар жекеменшік мектептер бюджеттен ауқымды субсидия алып келгенімен, жүйе бұрмаланып, нарық қағидаттарына қайшы жағдай қалыптасты.

Оқи отырыңыз:

Ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектеп­терге бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл саланы мемлекеттен қаржы­ландыру жүйесінің өзін реформа­лау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұр­маланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр. Жалпы, бұл – күрделі мәселе, үкі­мет бұған назар аударуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кейбір лауазым иелерінің де бұл жүйені қалыптастырудағы рөліне таңданысын білдірді.

Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді өз қолымен жасағанына таңғаламын, – деді ол.

Мемлекет басшысы жеке сектордың әлеуметтік саланы толықтай мемлекет мойнына артуға болмайтынын ескертті.

Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болатынын түсінемін. Бірақ жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осыдан кейін Үкіметке жүйені түбегейлі қайта қарау тапсырылды.

Премьер-министр тапсырмасы: қаржыландыру тетіктері қайта қаралады

Президенттің сөзі мен тапсырмасынан кейін премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік білім беру және медициналық ұйымдарды мемлекеттік қаржыландыру жүйесін реформалау жөнінде арнайы жиын өткізді. Жиында оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне «жан басына шаққандағы қаржыландыру» тетігіндегі теңгерімсіздіктерді жою міндеті жүктелді.

Бұл реформа әсіресе жекеменшік мектептерге бөлінетін бюджет қаражатын оңтайландыруға бағытталмақ. Премьер-министрдің айтуынша, мемлекет сапалы әрі қолжетімді қызметтер ұсыну міндетінен бас тартпайды. Бірақ оқушы санының өсуі мен мектеп тапшылығы мәселесі жағдайды күрделендіріп отыр.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2001-2002 оқу жылында елде 8 456 мектеп болса, 2024-2025 оқу жылына қарай олардың саны 7 920-ға дейін қысқарған. Ал оқушылар саны сол кезеңде 3,08 млн баладан 3,89 млн балаға дейін өскен. Бұл мемлекеттік мектептерде орын тапшылығының айтарлықтай артқанын көрсетеді. Осы тапшылықты уақытша жекеменшік мектептер қабылдап келген еді.

Алайда кейін жүйе өзгеріп, қосымша қабылданған оқушылар үшін қаржы берілмей қалды. Соның салдарынан кейбір жекеменшік мектептер бюджеттегі оқушыларды ақылы бөлімге көшіруге немесе мемлекеттік мектепке қайтаруға мәжбүрлеуде.

Мемлекеттік субсидияны ұлғайту үшін оқушылар мен мұғалімдердің жасанды легінің пайда болған деректері тіркелді. Бұл білім сапасына да, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына да теріс әсер етеді, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр жекеменшік білім беру секторын тәртіпке келтіру тетіктері қарастырылып жатқанын да жеткізді. Олардың ішінде лицензиялауды қайта қарау, оқу ақысының шектен тыс өсуіне мониторинг, антимонополиялық тексерулер, талаптарды орындамаған ұйымдардың лицензиядан айырылуы бар.

Сонымен қатар ол мемлекеттік бюджет элиталық оқу орындарының қызметін қаржыландыруға арналмауы керектігін баса айтты.

Мұндай мектептерде ата-аналардың төлемдері оқу процесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Олжас Бектенов.

Мәжіліс депуттаттары не дейді?

Мәжіліс депутаттарының ойынша, жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдардың қаржыландырылуы тек нақты мақсатқа сай болуы тиіс.

Депутат Самат Нұртаза бұл процесті «таза капитализм» деп сипаттайды. Оның пікірінше, жеке меншік ұйымдар өз пайдасы үшін жұмыс істеуі керек, ал мемлекеттік бюджет тек мүгедектерге, әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға жұмсалуы қажет.

Мектепті, аурухананы өзіңіздің пайдаңыз үшін ашасыз. Жақсы орын ашсаңыз, сізге тұтынушылар келеді. Нашар қызмет көрсетсеңіз, ешкім келмейді. Мемлекет оған неге көмектесуі керек?, – деді ол.

Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсембаев болса, жүйелі және ашық жұмыс істеген жеке ұйымдарды қолдауға болады деп санайды. Оның айтуынша, қаржыларын тиімді пайдаланған және мемлекеттік саясатқа сай әрекет ететін мектептер мен медициналық ұйымдарға шектеу қоюдың қажеті жоқ. Ал табысты бірінші орынға қойып, заңсыз әрекет жасайтындарға қатаң шара қолданылуы тиіс.

Адам санын өтірік көбейтіп, бір қитұрқы әрекеттерге барғандарға міндетті түрде жаза қолданылуы керек, – деді Мәжіліс депутаты.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы қаржыландыруды толығымен қысқартпай, оның бақылауын күшейту керек деп есептейді. Ол бірқатар жеке мектептерде қаржыландыру мәселесі бар екенін атап өтіп, сапалы білім беретін жекеменшік мектептердің ашылуын қолдайды.

Мемлекеттік мектепте оқитын кейбір балалар қосымша білім алмаса, белгілі бір жетістікке жете алмайтын жағдайға жеттік. Сапалы білімге негізделген жекеменшік мектептердің ашылуы халықтың сұранысына сай, осындай мектептерге қолдау көрсету керек, – деп атап өтті депутат. 

«Бюджет баламен бірге жүруі керек»

QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан соңғы уақытта жекеменшік мектептерге тағылған айыптауларды негізсіз деп санайды. Оның айтуынша, оқушы санын қолдан өсіру немесе жалған мәлімет енгізу техникалық тұрғыда да мүмкін емес.

Оқушы саны Ұлттық білім беру деректер қорынан алынады. Ол жүйеде баланы жалған тіркей алмайсыз. Сондықтан жекеменшік мектептерді «балалар санын көбейтіп көрсетті» деу – шындыққа жанаспайды, – деді ол.

Ол лицензиялау мен сапаны бақылау мемлекет тарапынан жүргізілетінін еске салды.

Лицензияны Оқу-ағарту министрлігі береді. Берген кезде стандартқа сәйкестігін өзі тексереді. Сондықтан бұл жерде белгілі бір топтардың бәсекені әкімшілік ресурспен қысуға тырысуы байқалады, – деді Аятжан Ахметжан.  

Аятжан Ахметжан Конституция талабын еске салды: мемлекет 11 жылдық білімді тегін қамтамасыз етуге міндетті. Оның пікірінше, бұл қаржы баланың қай мектепте оқитынына қарамастан бөлінуі тиіс.

Бюджет жекеменшікке бара ма, мемлекеттікке бара ма – ол баламен бірге жүруі керек. Ал «жеке мектепке бөлінбейді, тек мемлекеттікке бөлінеді» деу – Конституцияға қайшы – деді ол.

Ол жекеменшік білім беру нарығын баға тұрғысынан да реттеуге тырысудың қисынсыз екенін айтты. Нарықтың өзі баға мен сапаны теңестіретінін мысалмен жеткізді.

Бір шаштараз 5 мыңға, біреуі 50 мыңға шаш алады. Сіз қызметі 50 мың тұратын шаштаразға «неге көп ақша аласыз?» деп айта алмайсыз. Ол біліктілігі мен көрсеткен қызметіне қарай баға қояды. Жекеменшік мектеп те сондай. Ол бағаны сапасына қарай анықтайды. Бұл – нарықтың заңы, – деді ол.

«Қолжетімді мектептер азаяды»

Аятжан Ахметжанның айтуынша, екінші тоқсаннан үшінші тоқсанға өтер кезде бір өңірдің өзінде бірнеше жекеменшік мектеп жабыла бастаған.

Бір ғана өңірде екі тоқсанның арасында жеті мектеп жабылды. Бұл – дабыл қағатын жағдай. Себебі мұндай мектептер қолжетімді білім беретін топқа жатады. Ал элиталық мектептердің жұмысына субсидияның тоқтауы әсер етпейді. Қолжетімді сегмент қысқарады – мәселе сонда, – деді ол.

Оның сөзінше, сұраныс көп, бірақ дәл сол сұранысты өтеп жүрген мектептер нарықтан кетіп жатыр. Бұл сапалы білімнің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін.

«Шартты нақты қою керек»

Аятжан Ахметжан мемлекет ұстанымының тұрақсыздығы білім саласына инвестиция салған кәсіпкерлерге кері әсер етіп жатқанын да жасырмады.

2019-2023 жылдары мемлекет «білімге инвестиция салыңдар» деп шақырды. Көп адам салды. Қазір солардың бәрі күйреудің алдында тұр. Бұл – болашақта саланың дамуына кедергі жасайды, – деді ол.

Ол нарықтың бірізділігін сақтау үшін кемінде 10 жылға тұрақты шарттар бекітілуі керек деп есептейді.

Шартты нақты қою керек, мына міндеттерді орындасаңыз – қаржыңыз тұрақты жүреді. Жылына бір рет тексеріледі, болды. Ал бізде талап ай сайын өзгереді, кей жерде күн сайын тексеріс. Бұл білім саласына жасалған үлкен соққы, – деді ол.

«Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектеп үлесі 75/25 болуы керек»

Аятжан Ахметжан президенттің бір сұхбатындағы жекеменшік білім беруді дамыту жөніндегі сөздерін қолдайтынын жеткізді.

Мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектептің арасы кемінде 75/25 болуы керек. Сонда ғана сапалы бәсеке пайда болады, – деді ол.

Оның пікірінше, жекеменшік мектептерді дамытудың жолы қарастырылуы тиіс.

Жекеменшік секторды әкімшілік ресурспен қысуға емес, сапаға жұмыс істетуге бағыттау керек. Сонда ғана Финляндия, Сингапур, Эстония сияқты елдердегі білім беру жүйелеріне жақындаймыз, – деді Аятжан Ахметжан.

«Жекеменшік мектептер білім сапасын төмендетті»

Вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жекеменшік білім беру және медицина салаларындағы мемлекеттік тапсырыс жүйесін талдаудан кейін мемлекет сенімін теріс пайдалану фактілері көп анықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрландыру жүйесі жүре бастағаннан бері жасырын схемалар айқынырақ көріне түскен.

Жақында берген сұхбатында Мемлекет басшысы білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін реформалау туралы айтты. Ең алдымен, әңгіме жекеменшік мектептерді, балабақшаларды, даму орталықтарын және медициналық клиникаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаты туралы болып отыр, – деді министр.  

Оның айтуынша, Үкімет осы бағыт бойынша қолданыстағы механизмдерді қайта қарап, проблемаларды анықтаған.

Осыған байланысты Үкімет жекеменшік ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты орналастырудың қолданыстағы тетіктеріне жан-жақты талдау жүргізді және бірқатар елеулі проблемаларды анықтады. Атап айтқанда, жүйелердің ауқымды цифрландырылуы мемлекет сенімін көп мәрте теріс пайдалану деректерін барған сайын ашып көрсетіп отыр, бұл осы саладағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бастапқы қағидаттарын бұзады, – деді вице-премьер.

Министр соңғы сегіз жылда жекеменшік мектептердің саны жеті есеге жуық өсіп, бүгінде 785 ұйымға жеткенін атап өтті. Соған сәйкес бюджет жүктемесі де қатты артып отыр.

Шығындар 2020 жылы 13 млрд теңгеден 2025 жылы 242 млрд теңгеге дейін өсті. Ал 2020-2025 жылдар аралығындағы инвестициялық шығындардың өзі 111 млрд теңгені құрады, бұл 35 жаңа мектеп салуға кететін шығынмен шамалас. Алайда негізгі мақсатқа қол жеткізілген жоқ. Оқушы орындарының тапшылығы әлі де артып, 2025 жылы 251 мың орынды құрады. Бұл облыстық маңызы бар бір қаланың халқының санына тең, – деді ол.

Аида Балаеваның сөзінше, жекеменшік мектептердің көбеюі сапа тұрғысынан кері нәтижеге де әкелген. Көптеген мекеме өңірдің нақты қажеттілігін ескермей ашылған, мектептердің дені жалға алынған ғимараттарда жұмыс істейді, ал директор қызметіне жиі жағдайда біліктілігі төмен мамандар тағайындалады. Ол бұл жүйенің сенімді әлсірететінін, ал бюджет қаражатының тиімділігін төмендететінін атап өтті.

Осыған байланысты жағдайды түзету бойынша жүйелі жұмыс басталды. Қаржыландырудың жаңа тетігі пилоттық режимде енгізілді, мектептер цифрландырылып, бюджеттеу жүйесімен сәйкестендірілді. Алайда бұл – ағымдағы оқу жылының соңына дейінгі уақытша шара, – деп қосты вице-премьер.

Ол мемлекеттік тапсырыс тетіктерін түбегейлі қайта қарау қажеттілігін атап өтті.

Ең алдымен, мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде өңірдің нақты қажеттілігін ескеру керек. Сонымен қатар жаңа мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізу ұсынылады, – деді ол.

Аида Балаева денсаулық сақтау саласындағы аналогиялық жағдайды да мысалға келтірді. Оның мәліметінше, соңғы жылдары жекеменшік емханалар мен оларға тіркелген тұрғындар саны екі есеге артқанымен, бұл қолжетімділік пен сапаны көтермеген. Қосарланған қаржыландыру, жалған тіркеулер және лицензиясыз қызмет көрсету әлі де кездеседі.

Бұл мәселелерді шешу тек жүйелі өзгерістер мен толық цифрландыру арқылы мүмкін, – деп түйіндеді ол. 

Сөз соңында вице-премьер басты қағидатты атады.

Ұсынылған барлық шаралар жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Біздің басты қағидатымыз – әрбір бюджеттік теңге білім беру мен денсаулық сақтау сапасын нақты жақсартуға жұмыс істеуі тиіс, – деп қорытындылады Аида Балаева.

«Адал әрі сапалы жұмыс істеген мектептер қаржыландырусыз қалмайды»

Жекеменшік Білім беру ұйымдары Республикалық қауымдастығының төрайымы Роза Садықова жекеменшік мектептерге бөлінетін мемлекеттік қаржы толықтай тоқтатылмайтынын айтты. Оның сөзінше, адал жұмыс істеп, сапалы білім беріп отырған мектептерге мемлекеттік қаржыландыру жалғаса береді.

Қазіргі таңда e-qazyna.kz порталында орта білім беру сервисі іске қосылып, барлық жекеменшік мектептер толық цифрландырудан өтті. Одан өтпей қалғандар бар, олар қандай да бір заңбұзушылыққа жол берді ме, әлде талапқа сай келмеді ме, қазір олар құжаттарын реттеп жатыр. Ал цифрлық жүйеден сәтті өткен, талапқа толық сай келетін мектептерге қаржы бөлу тоқтатылмайды, – деді Роза Садықова.

Жеке мектептерді ашу тәртібі қатаңдайды

Қазақстанда жеке білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді. Енді жеке мектептерді кез келген жерде ашуға рұқсат берілмейді. Олар тек оқушы тапшылығы байқалатын немесе мектеп жетіспеушілігі анықталған өңірлерде ғана іске қосылады.

Арнайы лицензиялар негізінен үш ауысымда оқыту мәселесін шешу немесе апатты жағдайда тұрған мектептердің орнын алмастыру мақсатында ғана берілмек. Бұл шешім білім беру инфрақұрылымын тиімді жоспарлауға және ресурстарды нақты қажеттілікке қарай бағыттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі жеке мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Бұдан былай мектеп басшысын тағайындау тек құрылтайшының шешімімен шектелмейді. Директорды бекіту барысында министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі міндетті түрде ескеріледі.

Қазіргі таңда ел аумағындағы 785 жеке мектептің барлық құжаттары толықтай цифрлық форматқа көшірілген. Бұл бақылау мен есептілікті күшейтіп, білім беру саласындағы ашықтықты арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін енді оқулықтар жаңа талаптар бойынша тексерілетіні жайлы жазған едік.