23.01.2026
14:35
585
Жекеменшік мектептер бюджет қаржысын қалай ұрлады

Жекеменшік мектептер бюджет қаржысын қалай ұрлады

Үкімет бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетігін қайта қарап жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қаржы министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда Қазақстандағы жекеменшік мектептерде оқитын балалар саны алты есе артқан. Егер 2020 жылы бұл көрсеткіш 53 мың оқушыны құраса, бүгінде олардың саны 322 мыңға жеткен. Соған сәйкес, аталған бағытқа бөлінетін бюджет шығыстары да күрт өсіп, 248 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20 есе көп (сол кезде 13,3 млрд теңге бөлінген).

Оқи отырыңыз:

Алайда аудит нәтижелері мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде елеулі олқылықтар бар екенін көрсетті. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігі бытыраңқы болған және іс жүзінде тиісті бақылауға алынбаған. Соның салдарынан деректерді бұрмалау мен қаржыны теріс пайдалану тәуекелдері туындаған.

Тексеру барысында бірқатар жүйелі заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда:

  • оқушылар санын қолдан өсіру, «қосып жазу» және мектептер арасындағы жиі ауыстыру фактілері;
  • ғимараттардың нақты сыйымдылығын ескермей, орын санын жасанды түрде көбейту (кейбір жағдайда нормадан үш есе артық);
  • бюджеттен қаржы алып отырып, салық есептілігінде табысты төмендету әрекеттері;
  • жобалық-сметалық құжаттамасыз, күрделі жөндеудің орнына тек косметикалық жөндеу жүргізу.

Қаржы министрлігі кейбір мектептерде мемлекеттік қаржыландыру білім беруді қолдау құралы емес, бюджет есебінен табыс табу тәсілі ретінде пайдаланылғанын атап өтті. Ведомство сондай-ақ мұндай жағдайлар уәкілетті мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы немесе тікелей қатысуы салдарынан болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жалғасып жатыр, оның қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін күшейту және өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірленбек.

Бұл мәселе бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да сынына ұшыраған болатын. Президент 2026 жылғы 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жекеменшік мектептерді қаржыландырудағы бұрмаланған жүйеге назар аударған еді.

Ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр. Жалпы, бұл – күрделі мәселе, үкімет бұған назар аударуға тиіс, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Үкімет жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыруға қатысты нақты шешімдер қабылдауға кірісті. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстанда жекеменшік білім беру және медициналық ұйымдарды қаржыландыру тетіктері түбегейлі қайта қаралады.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізуді тапсырды. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірлердегі нақты оқушы орындарының тапшылығын жабатын мектептерге ғана бағытталмақ.

Мемлекеттік қолдау тек әлеуметтік қажеттілікті өтейтін жекеменшік мектептерге көрсетілуі тиіс. Ал қымбат әрі элиталық мектептерді мемлекет есебінен қаржыландыру тоқтатылады, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігіне бір ай ішінде жекеменшік оқу орындарының жаңа стандарттарға сәйкестігін тексеру мақсатында лицензиядан кейінгі бақылау жүргізу тапсырылды. Бұл тексеру барысында білім сапасы, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуі және балалардың қауіпсіздігі негізгі басымдық ретінде қаралады.

Аида Балаеваның сөзінше, бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру уақытша тоқтатылады. Ал бұл қаржы:

  • мемлекеттік мектептердің жетіспеушілігін жоюға;
  • үш ауысымды оқытуды қысқартуға;
  • апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарын салуға бағытталады.

Сонымен бірге Үкімет білім саласына жекеменшік инвестиция тарту тетігін сақтап қалады. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығындарды өтеу механизмі қолданылмақ.