16.01.2026
14:35
644
Жеке табыс салығынан кімдер босатылады? Мамандар жауап берді

Жеке табыс салығынан кімдер босатылады? Мамандар жауап берді

Ақмола облысының прокуратурасы 2024-2025 жылдар аралығындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары жүйелі түрде бұзылғанын анықтады. Нақтырақ айтқанда, I, II және III топтағы мүгедектігі бар тұлғалардың жалақысынан жеке табыс салығы (ЖТС) заңсыз ұсталған. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстан Конституциясы барлық азаматтардың теңдігін және кемсітушілікке жол берілмейтінін кепілдейді. Осы қағидатқа сәйкес, салық заңнамасында I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдардың жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 882 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, жеке табыс салығынан босатылатыны нақты көрсетілген.

Оқи отырыңыз:

Алайда заң талаптарына қарамастан, аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысынан ЖТС негізсіз ұсталып келген. Прокуратура қабылдаған қадағалау шараларының нәтижесінде 344 мүгедектігі бар азаматтың құқығы қалпына келтіріліп, оларға заңсыз ұсталған 12,8 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды, – деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Осы орайда Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті жеке табыс салығын төлеуден кімдер босатылатыны жөнінде түсініктеме берді.

Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығына прогрессивті шкала енгізіледі. Жылдық табысы 36 миллион теңгеге дейін (айына шамамен 3 миллион теңге) болатын азаматтар бұрынғыдай 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық төлейді. Ал осы межеден асатын табысқа 15 пайыздық ставка қолданылады. Мәселен, жылдық табысы 40 миллион теңге болатын азамат алғашқы 36 миллион теңгеден 10 пайыз, ал қалған 4 миллион теңгеден 15 пайыз салық төлейді.

Егер азамат бірнеше көзден табыс тауып, жалпы жылдық кірісі 36 миллион теңгеден асса, бастапқыда 10 пайыз ұсталғанымен, жетіспейтін 5 пайызды ол қосымша декларация тапсыру арқылы өзі төлеуі тиіс. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың айтуынша, бұл өзгеріс барлық қызметкерлерге емес, тек жоғары жалақы алатын әрі қосымша табысы бар азаматтарға ғана қатысты. Қалған халық үшін салықтық жүктеме өзгеріссіз қалады.

Ал ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің сөзіне қарағанда, елімізде айына 3 млн теңгеден жоғары жалақы алатын адамдар көп емес.

Салық декларацияларының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда айына 3 миллион теңгеден жоғары жалақы алатын 26,7 мыңнан астам жалдамалы қызметкер бар, – деді Әмрин.

Жеке табыс салығы дегеніміз не?

Жеке табыс салығы дегеніміз – бұл азаматтың табысынан, мысалы, жалақысынан төленетін салық. Жаңа Салық кодексінде 30 АЕК мөлшерінде базалық шегерім қарастырылған. 2026 жылы бұл сома айына 129 750 теңгені құрайды. Яғни жеке тұлға осы көлемде өз табысын салық салынатын базадан азайта алады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық әдіснама басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасованың айтуынша, айына шамамен 145 мың теңге табыс табатын азаматтар жеке табыс салығын мүлде төлемейді.

Базалық шегерім – ол жеке табыс салығын есептеу алдында салық салынатын табысты азайтуға болатын сома. Басқаша айтқанда, мемлекет бұл бөлікті салық салынатын табыс ретінде есептемейді.

Айгүл Аббасова жоғары табыс табатын азаматтар үшін де өзгерістер бар екенін атап өтті.

Жаңа Салық кодексі салық салудағы әділеттілікті көздейді. Нәтижесінде табысы төмен азаматтар ЖТС төлемейді, ал жылдық табысы 36 миллион теңгеден асатын, яғни айына шамамен 3 миллион теңге табыс табатын азаматтар жоғары мөлшерлеме бойынша салық төлейді. 36 миллион теңгеге дейін – 10 пайыз, – деді ол.

Егер табыс көлемі 36 миллион теңгеден асса, асқан бөлігіне 15 пайыздық ставка қолданылады.

Қарапайым есеп:

Айына 145 000 теңге жалақы алатын азаматтың салық салынатын табысы мынадай түрде есептеледі:

145 000 – 14 500 (міндетті зейнетақы жарнасы) – 2 900 (МӘМС жарнасы) – 129 750 (30 АЕК) = 0 теңге.

Ал жылдық табысы 38 миллион теңге болатын азамат үшін:

– 36 000 000 теңгеге – 10 пайыз;

– қалған 2 000 000 теңгеге – 15 пайыз салық салынады.

Нәтижесінде:

36 000 000 × 10% + 2 000 000 × 15% = жылына 3 900 000 теңге жеке табыс салығы төленеді.

Бұған дейін 2026 жылы көлік салығы қалай өзгеретіні туралы жазғанбыз. Сонымен қатар мобильді аударымдарды бақылау жөнінде де мына сілтемеден оқи аласыз. Ал жеңілдетілген салық режиміне кімдер енгені мына сілтемеде