Жеке сот орындаушылар борышкерлерден ақша жымқырған

2 Желтоқсан 2022, 10:01 2002

Нәтижесінде ол пайыз түрінде 2 млн теңге табыс тапқан

Прокуратура жеке сот орындаушылардың республикалық палатасымен бірлесіп жеке сот орындаушылардың 2021-2022 жылдары борышкерлерден өндірілген ақшалай қаражатты уақтылы және толық аударуын тексерген. Бұл жайында Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Алматы қаласында, СҚО, Қарағанды, Павлодар, БҚО және Ақмола облыстарында жүргізілген тексеру ЖСО өндіріп алушылардың шотына аударуға жататын 1,1 млрд теңге мөлшерінде ақша ұрлаудың 660 фактісін анықтады.

Мәселен, елордалық ЖСО алимент бойынша жоқ қарызды әдейі анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 млн теңгені жеке тұлғаның банк шотынан шешіп алған.

Ол бұл қаражатты Астана қаласы сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін ЖСО 10 млн теңге ұстап қалған.

Алматылық ЖСО жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банк депозитін жалпы сомасы 84 млн теңгеге 18 рет толықтырған.

Нәтижесінде ол пайыз түрінде 2 млн теңге табыс тапқан.

Осыған ұқсас ЖСО өз депозитіне 13,6 млн теңге аударып, шамамен 5 млн теңгеге жуық сыйақы алған.

Қарағандылық 7 ЖСО борышкерлердің 110 млн теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажетіне жұмсаған.

Басқа жағдайда, алматылық ЖСО «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушісі кәмелетке толмаған Болгамбаеваға арналған 400 мың теңгені жеке мақсатында пайдаланған.

Павлодарда ЖСО 3 жыл бойы 520 мың теңгеге екі баланың алимент қаражатын ұрлап отырған.

Кейбір ЖСО-лар өндіріп алушылардың ақшасын басшылардың шығындарын жабуға пайдаланған.

Батыс Қазақстан облысында ЖСО өңірлік палатаның басшысына және оның орынбасарына 1 млн теңге аударған.

Олардың басқа әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 млн теңге бөлген.

Ақша қаражатын ұрлау мен ысырап етудің анықталған фактілері бойынша сотқа дейінгі 16 тергеу басталды.

Сондай-ақ, қадағалау актісі бойынша 7 ЖСО лицензиясы алынды, 2 лицензия тоқтатылды, 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

EL.KZ
Бөлісу: