Жеке медициналық кітапша электронды форматқа көшіріледі. Тиімділігі неде?

27 Қазан, 08:45 238

Елімізде Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылдың 13 наурыздағы бұйрығына сәйкес, енді келер жылдың 1 қаңтарынан бастап халық арасында «көк санитарлық кітапша» аталып кеткен жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу электрондық форматта беріледі. Бұл өзгерістің тиімділігі неде? Санитарлық кітапшаларының жарамдылық мерзімі әлі өтпеген қазақстандықтар да бұл кітапшаны электронды нұсқада алуға міндеттеле ме? El.kz тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Жеке медициналық кітапша дегеніміз бұл жұмысқа рұқсат берілгені туралы белгісі бар міндетті медициналық тексерулердің нәтижелері енгізілетін дербес құжат болып табылады. Яғни, қызметкердің денсаулығын, жұмысқа жарамдылығын және оның ағзасында қауіпті инфекциялық аурулардың жоқ екенін растайтын құжат.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап құжатттың бұл түрін есепке алу, беру электрондық форматқа ауыстырылады.

Шымкент қалалық санитарлық-эпидемологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мелесқызының айтуынша, тамақтану немесе тағам өндірісі, азық-түлік, білім беру, медициналық мекемелер және де су жүйелерінде жұмыс атқаратын жұмыскерлер міндетті түрде медициналық тексеру бойынша дәрігер бақылауынан өтіп қана еңбек етуге рұқсат алады.

Күні бүгінге бұл санаттағы мамандардың қолдарында өздерінің «көк кітапшасы» болуы керек шарт еді. Яғни, жеке медициналық кітапшада барлық медициналық тексерулер мен дәрігерлер бақылауынан өткен қорытындылардың нәтижелерінің бәрі сол кітапшаға енгізіліп отыратын. Енді жаңа бұйрықтың талабына сай электрондық жеке медициналық кітапшалар жұмысқа жіберу туралы белгімен беріледі және де ол қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасы мен медициналық ұйымның QR-коды арқылы куәландырылады. Электрондық жеке медициналық құжатты берумен тек медициналық қызметке лицензиясы бар және ақпараттық жүйелерде тіркелген медициналық ұйымдар айналысады. Бұған дейін біз кітапшалардың түпұсқасын  жұмыс орнында көрсетіп жүрген болсақ, енді әрбір кітапша алуға тиіс контингентке жататын жұмыскерлердің медициналық тексеріп қарауы электронды жүйеде болады,-деді Айгүл Тұрымбетова.

Осы ретте жеке медициналық кітапшалар электронды жүйеге қалай енгізіледі деген сұрақ туындауы мүмкін. Медициналық кітапшасы болуы тиіс санатқа жататын жұмыскерлер  бактериологиялық, паразитологиялық және тағы да басқа талдауларды тапсырады, сонымен қатар ренгтен аппаратына түсуі керек. Олардың қорытындылары туралы мәліметтер медициналық ақпараттық жүйеге ендіріліп, синхрондау түрімен жеке медициналық кітапша деген модуліне енеді. Сол жүйе арқылы жұмыскердің медициналық бақылаудан өтіп, рұқсат алғанын немесе алмағанын көруге болады.

Егер медициналық тексеру барысында микробиологиялық, паразитологиялық, яғни инфекциялық немесе паразиттік ауру белгілері зертханалық тәсілмен анықталған жағдайда, бұл мәлімет тез арада ақпараттық жүйе арқылы  тексерушінің өзінің тұрғылықты тіркелген бастапқы медициналық-санитарлық  мекемесінің дәрігеріне жетеді. Бұл медицина маманы талдау қорытындылары дұрыс емес шыққан адамды дер кезінде оқшаулауға жіберіп, ем тағайындалады. Медициналық кітапшасы болуы тиіс контингентке жататын тұлға емделіп болғаннан кейін қайта  қорытынды анализдерін тапсырып қана өзінің еңбекке рұқсатын ала алады. Инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында осы іс-шара жүріп жатыр. Қазір цифрландыру кезеңі болғандықтан құжатты қолда алып жүрмес үшін электронды жүйе арқылы әрбір адам өзінің телефоны арқылы egov.kz қосымшасынан көрсете алатын болады,-деді қалалық санитарлық-эпидемологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары.

Ескере кететін жайт, биыл жыл ортасында немесе соңында медициналық тексеруден өтіп, қолына санитарлық көк кітапша алғандар болса, оларға бұл ереже үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі олардың қолындағы кітапшаның ондағы көрсетілген жарамдылық мерзімі біткенге дейін заңды күші жойылмайды. Бұл ереже тек келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке медициналық кітапша алушыларға талап болып табылады.

Санитариялық-эпидемиолгиялық бақылау комитетінің мәліметінше, кітапшаны онлайн форматта беру медициналық тексеруден өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жұмысқа жіберу туралы рұқсаттанама мөрін алу үшін терапевт дәрігерге қайта бару қажеттілігін болдырмайды екен.

Зарина Арман
Бөлісу: