Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаев екі жылға сотталды

23 Тамыз, 19:02 383

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының соты бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірді деп айыпталған Нұрболат Дәкебайға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сот анықтады:

2024 жылдың 27 қаңтарында сағат 00:05 шамасында Д. қоқыс шығарған кезінде үйдің кіреберісінде қоқыс жәшіктеріне баратын жолын бөгеп тұрған жедел жәрдем көлігін көрген.

Содан кейін Д. заңсыз әрекеттерді жасауға елеулі себеп болмаса да қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, көрсетілген көліктің жүргізушісі Б-ға қатысты балағат сөздер айтып, тар жерде кетіп бара жатып, көлікті итеріп, қоқыс жәшіктеріне қарай өткен.

Д. қайтып келе жатып, өзінің мінез-құлқын қоғамдағы қалыптасқан тәртіпке қарсы қоя отырып, басқаларды менсінбейтіндігін көрсетіп, арнайы шұғыл медициналық көлік жүргізушісі Б-ға қатысты балағат сөздер айтып, онымен әңгімелесу барысында бұзақылық ниетпен, қасақана жұдырықпен Б-ның беті мен басынан үш рет және сол жақ қабырғасына бір рет соққы жасаған.

Сөйтіп Д., бас миының шайқалуы, мұрын сүйектері мен мұрын қалқасының ығысуымен жабық сынуы және мұрынның сол жақ төменгі медиальді орбитасының жабық сынуы, қабақтың тері асты гематомалары, сол жақ көздің қанталауы, маңдайдың көгерген жарасы түріндегі, жәбірленушінің Б. денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірген.

Д.-ның кінәсі комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысымен, куәлардың айғақтарымен және оқиғаның бейнежазбасымен дәлелденген.

Тараптардың ұстанымы:

Прокурор мен жәбірленушінің өкілі 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды, 12 160 теңге материалдық залал және 5 000 000 теңге моральдық зиянды өтеуді сұраған.

Қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Азаматтық талап қоюды ішінара қанағаттандыруды сұраған.

Сот неліктен және қандай жаза тағайындады:

Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігінің санкциясында 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.  Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мынадай мән-жайларды таныған: жасаған ісіне шын жүрекпен өкінуі және жас балаларының болуы.  Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптік борышын орындауына байланысты осы адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасауын таныды.

Сот үкімімен Д., ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігінің 5) тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Сот үкімімен Д. ҚК-тің 107-бабы 2-бөлігінің 5) тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және жасалған қылмыстың жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларын, қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, сот оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Талап қою талаптары ішінара қанағаттандырылды, 2 млн. теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу сомасы, жәбірленушінің еміне жұмсалған материалдық залал 12 160 теңге мөлшерінде, сондай-ақ өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстар 700 мың теңге мөлшерінде өндірілді.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Перизат Саденова
Бөлісу: