Әлемдік брендтер қазақ қызының жазуына неге құмар? Chanel мен BMW-дан бастап, MaxMara мен Ritz Carlton-ға дейін Аружан Төлепованың қолтаңбасын іздейді. Әлеуметтік желіге салған қарапайым жазуы оның өнерін халықаралық деңгейге қалай алып шықты? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында кейіпкеріміздің өзімен әңгімелестік.
«Басында каллиграфиямен тек хобби ретінде айналыстым»
Аружан Төлепова бастапқыда каллиграфия саласының маманы боламын деп ойламаған. Оның кәсіби жолы IT саласынан басталса да, кейін шығармашылыққа ауысқан.
Негізгі мамандығым – IT менеджмент. Мамандығым бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавр мен магистратураны оқып шықтым. Университетте жүргенде каллиграфиямен тек хобби ретінде айналыстым, – дейді ол.
Алайда әуестік ретінде бастаған іс оның өмірін түбегейлі өзгерткен. Магистратураны тәмамдағаннан кейін ол IT саласында емес, өнер жолында қалуды таңдайды.
Оқуды бітірген соң, толықтай каллиграфия саласына ауысып кеттім. Қазір тек осы бағытта жұмыс істеймін, – дейді жас каллиграф.
Бес жылдан бері үздіксіз каллиграфиямен айналысып келе жатқан Аружан өз стилін де, бағытын да айқындап үлгерген. Алғашында араб каллиграфиясына ден қойғанымен, кейін латын графикасына ерекше қызығушылық танытыпты.
Басында арабша жазумен де айналыстым. Кейін біртіндеп қазақшаға, латыншаға көштім. Қазір тапсырыстардың басым бөлігі – қазақ, латын әріптерімен жазылған жұмыстар, – дейді ол.
Бүгінде ол брендтік жазулардан бастап, жеке тапсырыстарға дейін түрлі бағытта еңбек етеді.
Әлемдік брендтердің назарын аударды
Каллиграфияны қарапайым хобби ретінде бастаған Аружан Төлепованың еңбегі уақыт өте үлкен брендтердің назарына ілікті. Оның айтуынша, алғашқы серіктестік күтпеген жерден келген.
Бәрі әлеуметтік желіден басталды. Instagram желісіне жұмыстарымды салып жүрдім. Ең алғаш болып мені үш жыл бұрын «French House» серіктестікке шақырды. Сол сәттен бастап кәсіби тұрғыда өсе түстім, – дейді ол.
Аружанның дарынын шетелдік брендтер бірден байқаған. Бүгінде ол «The Ritz Carlton», «French House», «Haileybury», «MaxMara», «Chanel», «BMW», «Tod’s» секілді әлемге танымал компаниялармен жұмыс істейді.
Бұл брендтердің барлығы мені әлеуметтік желі арқылы тапты. Соңғы үш жылда олардың әрқайсымен бірнеше рет жұмыс істедім. Қазір де серіктестігіміз жалғасып келеді, – дейді жас каллиграф.
Британдық мектептен ұсыныс түсті
Аружан Төлепованың каллиграфия саласындағы кәсіби деңгейін айқындаған ерекше жобалардың бірі – «Haileybury Almaty» британдық мектебінен түскен ұсыныс. Белгілі білім ордасы оның қолтаңбасын көріп, арнайы тапсырыспен жұмысқа шақырған.
Haileybury Almaty-ның брендтелген, саны шектеулі кітаптары бар. Сол кітаптардың алғашқы бетіне түрлі адамдарға арналған жеке тілектерді жазу міндеті жүктелді. Әр мәтін әртүрлі, әрі қатесіз жазылуы керек. Жіберілген бір қате бір кітапты бүлдіруі әбден мүмкін. Қарындашпен жазылғандай өшіріп, түзетуге болмайды, – дейді ол.
Бұл жұмыс Аружаннан аса жауапкершілік пен тиянақтылықты талап еткен.
Бұл тапсырманы орындағанда біраз қобалжыдым. Өйткені бір жерден қателессеңіз, «бүлдіріп алдым, жаңасын беріңіздер» деп айта алмайсыз. Сол үшін бар күшімді жинап, мұқият отырып жаздым. Алланың қалауымен бірде-бір қателік жібермей, бәрін сәтті орындап шықтым, – деп есіне алады каллиграф.
Жас каллиграф үшін бұл тәжірибе – кәсіби шеберлігін шыңдаған, жауапкершілігін арттырған ерекше жұмыс болды.
«Мен ұнатқан киімдерден өзіме образ жасағанды жақсы көремін»
Аружанның жазуы ғана емес, киіну мәнері де көпшіліктің назарын аударады. Ол үшін стиль – өзін танытудың, нәзіктігі мен сенімділігін көрсетудің бір жолы.
Арнайы бренд қуаламаймын, ең бастысы – өзімнің талғамым мен қалауыма сай болса болды. Кейде ойдан құрап, өзіме ұнаған элементтерден стиль жасаймын. Ал кейде тіпті дәл іздегенімді таппасам, арнайы тіктіріп аламын, – дейді ол.
Аружанның стилін брендтердің өзі жоғары бағалайды екен.
Кейбір брендтер жұмысқа барған кезде «осы жолы да сол киіміңізді киіп келіңізші» деп өтініш айтады. Олар менің образдарымды көріп, соған қызығып жатады. Бұл – менің ерекшелігім деп ойлаймын, – дейді ол.
Оның пікірінше, каллиграфия – әсемдікке, талғамға негізделген өнер. Сондықтан шебердің өзі де эстетиканы бойынан көрсетуі маңызды деп санайды.
Каллиграфия – сұлулық пен нәзіктікті жеткізетін өнер. Сол себепті каллиграфтың өзі де сол эстетиканы сырт келбетінде көрсете алғаны дұрыс, – дейді Аружан.
Брендтер қолмен жазылған дүниені ерекше бағалайды
Аружанның айтуынша, Қазақстанда каллиграфия саласы әлі қалыптасып келеді.
Біздің елімізде каллиграфия енді дамып келе жатыр. Бірақ жасанды интеллект дамыған сайын, керісінше, қолмен жазылған дүниеге деген қызығушылық артуда, – дейді ол.
Оның пікірінше, адамдар жансыз, дайын жазуларға үйреніп кеткенімен, олардың ешқайсысы қолтаңбадағы эмоционалды әсер мен сезімді жеткізде алмайды.
Қазіргі дайын жазулар каллиграфияның құндылығына жетпейді. Сол үшін брендтер, жеке тұтынушылар болсын, қолмен жазылған дүниені ерекше бағалайды, – дейді Аружан.
Ол тіпті кез келген қаріптің түпкі негізінде дәл каллиграфтардың қолтаңбасы жатқанын еске салады.
Барлық шрифттер каллиграфтардың жазуын компьютерге конвертациялау арқылы жасалған. Сондықтан бұл өнер ешқашан құнын жоймайды. Қолмен жасалған дүние – әрдайым бағалы, – дейді ол.
Аружан уақыт өткен сайын каллиграфияның да құны артатынын айтады.
Мәселен, қолмен жиналған сағаттар мен робот құрастырған сағаттың қайсысы құнды? Әрине, қолмен жасалғаны. Каллиграфия да – дәл сондай. Уақыт өткен сайын оның бағасы арта береді, – дейді каллиграф.
«150 мың теңгеге бағаладым»
Аружанның ең қымбат жұмысы – көлемі үлкен, арнайы тапсырыспен жасалған каллиграфиялық картина.
Картинаның көлемі 100×70 см, ең үлкен жұмыстарымның бірі. Сол еңбегімді 150 мың теңгеге бағаладым. Бұл – екі жыл бұрынғы баға. Қазір бұл тапсырысты алсам, әрине, құны одан жоғары болар еді, – деп есіне алды Аружан.
Каллиграфияның пайдасы
Кейіпкеріміз тек каллиграфиямен айналысып қана қоймай, бұл өнерді өзгелерге үйретуді де қолға алған. Ол курсын ашпас бұрын келетін адамның ниетіне ерекше мән береді.
Мен каллиграфияны шынымен қызығушылығы бар, бұл өнерді хобби ретінде қабылдайтын немесе өз дамуы үшін қажет деп түсінетін адамдарға үйретемін. Оны ақша табу ниетінде ғана үйрену дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді ол.
Аружанның пікірінше, каллиграфияның әдемі жазудан бөлек берер пайдасы мол.
Каллиграфия адамның моторикасын дамытады, миының жұмысын жақсартады, ойлау қабілетін арттырады. Жапония мен Оңтүстік Кореяда оны жұмысшыларға арнайы зейінді арттыру үшін жаттығу ретінде өткізеді. Кей мектептерде тіпті міндетті пән ретінде оқытылады, – дейді ол.
Ол өзінің курсында дәл осындай мақсаттарды басшылыққа алады.
Менің курсым табыс табуға бағытталмаған. Негізгі мақсат – адамның зейінін күшейту, моторикасын дамыту, миына тыныштық беру, жалпы терапия ретінде көмектесу, – дейді Аружан.
Құрал-жабдықтар жұмыстың сапасына әсер етеді
Каллиграфия – тек шеберлік емес, ерекше құралдарды талап ететін нәзік өнер. Аружан Төлепова бұл салаға қажетті қалам, қағаз, бояу, сия сияқты материалдарды табудың оңай еместігін жасырмайды.
Каллиграфиямен айналысуға қажетті құралдардың басым бөлігі шетелден келеді. Қазақстанда бар дүкендер де сол өнімдерді шетелден әкеледі, – дейді ол.
Ал арнайы тапсырыспен жасалған қалам түрлері де бар, бірақ Аружан көбіне дайын кәсіби құралдарды таңдағанды жөн көреді.
Арнайы тапсырыспен де жасатуға болады, бірақ мен дайын түрлерін алғанды жөн санаймын. Алматы мен Астанада каллиграфияға арналған арнайы дүкендер бар, көп құралды сол жерден аламын. Сонымен қатар онлайн маркетплейстерден де жиі тапсырыс беремін, – дейді Аружан.
Осы орайда каллиграф қыз құралдардың бағасына да тоқталды.
Жаңадан бастаған адамға базалық құралдар аса қымбат емес. Бірақ кәсіби деңгейде айналысқыңыз келсе, шығындалуға тура келеді. Қосымша керек-жарақтар өте көп, олардың әрқайсысы жұмыстың сапасына әсер етеді, – дейді шебер.
Өнер жолында құралға инвестиция – кәсіби дамудың бір бөлігі. Аружан да бұл талапты табиғи қабылдап, әрбір жұмысына сапалы материал таңдауды басты қағидасына айналдырған.
«500 мың теңгеге дейін табуға болады»
Аружанның айтуынша, каллиграфиямен жақсы табыс та табуға болады, бірақ оның мөлшері әр каллиграфтың еңбегіне, тұрақты ізденісіне, өзін қалай таныта алуына байланысты.
Бұл салада жақсы табыс табатындар да бар, мүлдем табыс таппайтындар да бар. Барлығы өзіңізге байланысты, – дейді каллиграф.
Кейіпкеріміз өзі айына өнім сатудан, жеке тапсырыстардан және түрлі брендтермен серіктестіктен тұрақты табыс тауып отырады.
Бір айда түрлі өнімдер жасап, қызмет ұсынып, 500 мың теңгеге дейін табуға болады, – дейді ол.
«Тек бесінші рет жазғанда сәтті шықты»
Аружан да кейде жұмысқа қолы жүрмей қалатын сәттердің болатынын жасырмады.
Иә, ондай күндер болады. Бір жеке тапсырысты орындағанда А4 параққа бір ғана хат жазу үшін бес рет талпындым. Бірінде ұнамады, келесісінде қате кетті, үшінші рет сия жағылып қалды, төртіншіде басқа сөз жазып қойдым… Каллиграфияда бір қате жіберсең, бүкіл парақ жарамсыз болып қалады. Өшіруге болмайды, – дейді ол.
Сол күні бір парақты емес, бірнеше парақты құртып алған сәті әлі есінде.
Тек бесінші рет жазғанда сәтті шықты. Каллиграфияда қолдың жүрмеуі – түрлі факторларға байланысты. Кейде көңіл-күйдің болмауы, кейде шаршау әсер етеді, – дейді Аружан.
«Президенттердің құжаттарын толтырғым келеді»
Аружан каллиграфияны Қазақстанда кәсіби деңгейге көтеріп, әлемдік сахнаға шығуды армандайды.
Ең үлкен мақсатым – Қазақстанда каллиграфия мектебін ашу. Бұл өнерді жүйелі түрде үйретіп, оның құндылығын кеңінен көрсеткім келеді. Сонымен қатар шетелдік каллиграфтармен тәжірибе алмасып, түрлі көрмелер мен мәдени іс-шараларға қатыссам деймін, – дейді ол.
Аружан халықаралық аренада, үлкен мәдени жобаларда еліміздің атынан шығуды мақсат етеді.
Әлемдік деңгейде өтетін көрмелерге, фестивальдерге, арнайы каллиграфтар бас қосатын жиындарға Қазақстанның атынан қатысқым келеді. Бұл – мен үшін үлкен арман, – дейді ол.
Сонымен қатар оның тағы бір арманы – мемлекеттік деңгейдегі ерекше маңызды құжаттарды қолмен толтыру.
Каллиграфияда президенттер, елшілер, халықаралық ұйымдар арасында қолданылатын арнайы хаттар, келісімдер, маңызды құжаттар болады. Сол құжаттарды каллиграф ретінде толтыру – менің ең үлкен армандарымның бірі, – дейді Аружан.