Жазушының жаңа кітабы таныстырылды

13 Қазан 2016, 11:13

Астанада Қойшығара Салғараұлының «Жер-жаһанда арғыатаңның ізі бар» кітабының тұсаукесері өтті.

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлының «Жер-жаһанда арғыатаңның ізі бар» кітабының тұсаукесері өтті. Автордың бұл кітабы бұған дейін жарық көрген «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер» және «Ортағасырлық түріктер» атты зерттеу еңбегінің түйіні іспеттес.

Автор Қойшығара Салғараұлының айтуынша, «түрік тектес», «түрік тілдес» деп аталатын халықтардың арғы ата-бабаларының тарихына қатысты зерттеушілер қаламына ілікпеген тарихи, тілдік деректерді талдау арқылы өзіндік пайымдаулар жасаған.

«Қазіргі кезде құндылықтар құлдырап, адам жанын немқұрайлылық жайлап бара жатқан кезде елдің, ұлттың мүддесін қорғау мақсатында атқарылып жатқан іске қуанып, жанашыр болу сирек. Осындай қасиетке біздің қазақ қоғамы зәру. Мен журналист адаммын, тарихшы емеспін. Бірақ өз тегімді тану үшін төл тарихымызды білуге ден қойдым. Ізденіс алаңында өз соқпағыммен ізденуге тура келді. Нәтижесінде он шақты кітап жаздым. Қытай мемлекетінің мұрағаттарын зерттеу арқылы көптеген мүмкіндіктерге қол жеткіздім.  Деректер мен өмір шындығы бөлек нәрселер екен. Менің жазғандарым ресми тарихтың альтернативасы сияқты дүниелер. Мысалы, ресми тарих түріктерді VI ғасырда Алтайда пайда болған деп жазады. Мен адамзат жаратылғаннан бар халық деп дәлелдеймін» дейді зерттеуші.

Жиынға қатысқан жазушы Төлен Әбдік аталмыш кітаптағы тарихи деректердің сабақтастыра талдануы оқырманды бірден баурап, қызықтырып отырады. Тілі көркем, әдеби шығарма сияқты оқуға жеңіл дейді.

Төлен Әбдік, жазушы:

– Бұрын тарихпен тарихшылар айналысатын еді, қазір жазушылар айналысып кетті. Оның бәрі белгілі бір заңдылықтан туады. Ұлттық саланың толық қалыптаспай жатқанына түрлі тарихи себептер бар. Қазір ең озық деген зиялы қауым адамдарымен сөйлесе бастасаң тарих туралы, бүгінгі халық болашағы туралы пікірлері сан алуан және қарама-қарсы. Олар бір жүйеге түскенше қай заман деп ойлайсың. Тарихи сана қалыптасу үшін адам өзінің өткенін білуі керек. Сол тұрғыда үлкен бетбұрыс бар екені анық. Ілияс Есенберлиннің тұсында Әбіштер бар, Мағауиндер бар, барлығы тарихи тақырыпқа көшті ғой. Әуесқой тарихшыларда идея, батыл ойлар көп болады және тіл көркемдігімен жеңіл оқылады».

Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

«Біздің тарихымызға қатысты дүниелер көп. Қойшығара Салғараұлының бұл кітабы тарихқа тәуелсіз көзқарас тұрғысынан жазылған бірегей туынды. Қазақтың тарихы туралы терең ізденгендігінің белгісі. Ғылым беделге емес, дәлелге тоқтайды. Тарихи сілтемелерге қарап кітаптың құндылығы арта түседі». 

Қойшығара Салғара 1993-1997 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы, 1997 жылы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. ҚХР-да жүріп «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тар-мақтары», «Анықтамалық» атты кітаптарын жазды.

«Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссе, «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген ІІ томдық романдары жарық көрді. «Қазақтар» трилогиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1996). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Екі рет медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.


Ая ӨМІРТАЙ

Бөлісу: